24 Маусым, 2016

Қазақстанға қызығушылар көп

507 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кытай турист47 қазақстандық туроператор Қытай туристерімен белсенді жұмыс жүргізе бастады Кең байтақ, әсем де көрікті Қазақстан жері туризмге сұранып-ақ тұр ғой. Бірақ, оны шетелдердегі туристер, оның ішінде Қытай да бар, жеткілікті біле бермейді. Осыны ескерген Қазақстан жағы экотуризм, альпинизм, жағажай, оқу-білім, денсаулық, тау шаңғысы және діни туризм тақырыптары бойынша тұсаукесер-таныстырылым өткізді. Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы да Қытай халқы осы жолы кеңірек біле алды. Сәтін салса, 2017 жылы Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болмақ. Осы жайлы да жүздесу барысында кең пікіралысу болды. Бұл жүздесуге дәнекер болған – Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігі, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті, Шанхай қаласындағы Бас консулдық, Үрімші қаласындағы төлқұжат-виза қызметі, Қытайдың халықаралық сауда-саттыққа ықпал жасау комитеті, екі елдің ірі туристік операторлары, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ өкілдері. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР реформа және даму істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында топтық туристік визаларды беру тәртібіне байланысты меморандумға қол қойылған еді. Осының жай-жапсары кеңінен түсіндірілді. Бұрынғыдай емес, енді қытайлық туристердің топ болып Қазақстанға сапар шегуі жеңілдеді. Бұл – ADS-виза түрі. Мұндай виза беру осы жылдың 1 шілдесінен басталады. Қазақстан Республикасының ҚХР елшілігінің кеңесшісі Рахымжан Рахимовтың айтуына қарағанда, Қазақстанда турис­­тік салаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырым­дама­­сы бар. Онда инфрақұрылымдар құрылысы, жаңа турис­тік орындарды ашу, халықаралық бәсекелестікке лайық тауар­лар мен қызмет, уақыт талабына сай туристік жүйені қалып­тас­тыру және тиісті кадрларды даярлау мәселелері қарастырылған. – Аталған тұжырымдаманың нәтижесінде Қазақстан шетелдік туристерді тарту жөніндегі 50 елдің қатарына енуді ниет етіп отыр, – дейді Р.Рахимов. Қазір екі елдің арасында аптасына 34 авиарейс бар. Оның 18-і – Қазақстанның, 14-і Қытайдың еншісінде. – Біздің компания 1996 жылы құрылды. Қытайдағы «5А» деңгейінде жүздеген жетекші компаниялардың қатарындамыз. Жылдық қаражат айналымы 1 миллиард юань шамасында. Қытайдың 150 қаласында филиалымыз бар. Біздің елдің туризм нарығы өте үлкен – жылына орта есеппен 120 миллион қытайлық турист шет елдерге сапарға шығады, – дейді бізбен әңгімесінде «CCITS» коммер­циялық туризм компаниясының президенті Ван Пэйсянь. Оның айтуынша, қытайлықтар бір рет турист ретінде бар­ғ­ан орынға екінші рет қайтара бармайды. Жаңа туристік орын іздейді. – Қазақстанда туристерді қызықтыратын орындар жеткілікті екен. Сондықтан да біз қазақстандық туроператорлармен тығыз ынтымақтаса жұмыс жасауға ынталы болып отырмыз, – деді Ван Пэйсянь. Ал, «Мэнчжилюй» туристік компаниясы бас дирек­торының орынбасары Сюй Сяомин мынадай ой айтты: «Біздің компания негізінде ішкі туризм бойынша жұмыс істейді. Бірақ, жақын уақытта сыртқы нарыққа шығуды да жоспарлап отырмыз. Қазақстан қытайлық туристер үшін өте тартымды бағыт болады деп ойлаймыз. Өйткені, сіздерде өте тамаша табиғат бар, қысқы спорт түрлері мен экологиялық туризм үшін жағдайлар жасалған. Сондықтан Қазақстанға қызығушылық танытып отырмыз». «Turan – Asia» – қазақстандық туроператор. Осы компа­нияның директоры Гүлғайша Қасенханованың айтуынша, Қазақстан қытайлық туристерді қабылдауға дайын. – 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды. Келесі жылы Астанада ЭКСПО өтеді. Біздің елде көрікті табиғат пен тарихи орындар өте көп. Ол туралы қытайлық туристерге жан-жақты ақпарат берілді. Оларды қабылдауға біздің компания дайын. Маршруттар әзір. Қытай тілін жақсы меңгерген мамандарымыз бар. Ең басты бағыт – «Жібек жолы» бойындағы қалалар – Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан болып отыр. Біз бұған дейін Германия, Жапония, Сингапур, Гонконг, Малайзия және басқа да елдердің турис­терімен тығыз байланыс жүргізіп келдік, қытайлық турис­­терді де құшақ жая қарсы аламыз, – деді Г.Қасенханова. Осы басқосу барысында АDS келісімі жөнінде толық ақ­па­рат берілді. Бұл – қытайлық туристердің топ болып Қазақ­станға сапарлауы үшін виза беру келісімі. Осы тізімге Қазақ­стан жағынан 47 компания, Қытай жағынан 380-ге жуық ком­пания енді. Қазақстандық «Asia Discovery» туристік компаниясы директорының орынбасары Раушан Сартаева осы АDS келісімі жөнінде былай деген еді: «Бұл өте дұрыс қадам. Енді Қазақстанды көрсем-білсем деген туристердің қатары артатыны сөзсіз. Біздің компания шетелдік туристерді тарту жұмысымен 2001 жылдан бері айналысып келеді. Енді міне, қытайлық туристермен де жұмысты бастаймыз. Олардың ішінде автотуризмге құлық білдіріп отырғандар көп. Жібек жолы бойымен жүруге ынталары зор. Жалпы, қытайлықтардың Қазақстанға қызығушылығы керемет». Садық ӘКІЖАНОВ, «Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен Қытай Халық Республикасы   Sadyk Akizhanov - фотоСадық Әкіжанов «Егемен Қазақстан» газетінің Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі болып жұмысқа кірісті. Ол Павлодар қаласында туған. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасы Пре­зи­­­дент­­­тік мәдениет орталы­ғында ғылыми қыз­меткер, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бас сарапшы, Экология аудиторлары­ның ұлттық па­ла­­та­сында БАҚ-пен байланыс және экономика мәсе­ле­лері жөніндегі менеджер болып қызмет атқарған.  
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше