24 Маусым, 2016

Елорда: көлік инфрақұрылымының көкжиегі

498 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
asem kala 32Ажары күннен-күнге айшықтанып, сәні мен салтанаты жарас­қан Астанадай ірі мега­полистің әлеу­мет­тік-экономикалық тір­шілі­гі­нің іркіліссіз жұмыс іс­теуі үшін озық технологияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы ауадай қажет. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қала жолдары мен жол айрықтарын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Осыған байланысты «Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Сымбат Мырзағұловтың айтқандарына сүйене отырып, елорданың осы бір маңызды бағытта атқарған жұмыстары мен жүзеге асырған жобаларын саралаған едік. Инфрақұрылым – қала тіршілігінің қан тамыры. Жасыратыны жоқ, осыдан үш-төрт жыл бұрын Астана қаласының көшелері көлік тасқынынан тұншығып тұратын. Елордада жылдан-жылға көлік тасқыны көбейіп келеді. Ал қала көшелерінің көпшілігі кешегі кеңес жүйесінің жобасы бойынша салынған әрі тар, әрі қолайсыз еді. Қалыптасқан осы жағдайды ескере келіп, қала әкімдігі осыдан бес-алты жыл бұрын елорданың жол-көлік инфрақұрылымын түбегейлі қайта құру мақсатындағы кешенді шараларды қолға алған болатын. Бұл шаралардың бас­ты мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, қала аумағында заманауи көлік қатынасын қалыптастыру болып табылады. Бұл ретте бас қаламызда соңғы жылдары көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мәселесі біршама оңтайлы шешім тауып келе жатқанын атап айтқан жөн. Соңғы үш жыл ішінде қала аумағында жол құрылысын жетілдіру бойынша аса ірі жұмыстар атқарылды. 2014 жылы бас қаламызда ұзындығы 99 шақырымды құрай­тын жаңа жол инфрақұрылымы салынды. Оның ішінде 38 шақырым жаңа жол құрылысы салынып, 9 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 52 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілді. 2015 жылы елордада ұзындығы 65 шақырым  жол инфрақұрылымы жасалды. Оның ішінде 20 шақырым жаңа жол құрылысы салынып, 8 шақырым жол жаңғыртылып, 37 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілді. Елорданың жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында біршама нысандар пайдалануға берілді. Бөгенбай батыр даңғылынан Жеңіс даңғылына дейінгі жол учаскесі күрделі жөндеуден өткізіліп, Бейбітшілік және Есенберлин көшелері қайта жаңғыртылды. №2 ЖЭО бағытындағы жол қайтадан жаңғыртылып, Тұран даңғылынан «елорданың жаңа орталығына» дейінгі учаскеде Достық көшесі салынды. Тұран даңғылынан «елорданың жаңа орталығына» дейінгі учаскеде Д.Қонаев атындағы көше пайдалануға берілді. Республика даңғылы мен Абай даңғылы қиылысы және Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылыстары қайтадан жаңғыртылды. LRT77Жақсылық жаршысы – жаңа жобалар Көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл орайда, қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігі даусыз. Осыған орай, елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Осыған байланысты соңғы уақытта елордамыздың жол-көлік инфрақұрылымының аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру мәселесі қолға алынды. Атап айтқанда, «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы пайдалануға алдымен ІТS жобасын ұсынды. ІТS жобасы бірнеше кіші жобалық жүйеден тұрады. Олар: бағдаршам нысандарын бейімдеп басқару; жүргізушілерді хабардар ету жүйесі; қоғамдық көлікті диспетчерлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі; жолаушыларды жедел хабардар ету жүйесі; жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі; жол қиылыстарын бейнебақылау жүйесі. ІТS жобасы елорданың 6 көшесіндегі 42 реттелетін жол қиылысын автоматты бас­қаруды жүзеге асырады. Бұл жүйеге Сарыарқа, Тұран, Сарай­шық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшелері кіреді. ІТS жүйес­ін пайдаланған кезде бұл көшелер қиылысының өткізу қабі­леттілігі мен көлік ағымдарының қозғалыс жылдамдығын орта есеппен 21 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді. Көлік ағындарын басқару тиімділігі едәуір артты. City busЖеңіл рельсПен Жүйткиді Жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы – көшелерден тыс және көше жол тораптарында да пайдалануға арналған, жылжымалы құрамы бар жолаушылар тасымалдайтын жетілдірілген көлік жүйесі. Ол автобус көлігіне қарағанда, жоғары тасымалдау мүм­кіндігіне ие. Сонымен бірге, бұл көлік жүйесі эколо­гиял­ық жағы­нан тиімділігімен, жоғары жайлылығымен және қауіп­сіз­ді­гімен сипатталады. Ұзындығы 22,4 шақырымға созылатын жаңа LRT жеңіл рельсті көлік жүйесі Астана халықаралық әуежайын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көр­месі қалашығымен, Абу-Даби Плаза және жаңа теміржол вок­залымен байланыстыратын болады. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа жүйе 100 пайыз эстакад жолымен жабдықталады. Сонымен бірге, бұл жобаға 18 заманауи бекет, 19 дана жылжымалы құрам және арнайы депо орталығы кіреді. «City Bus» ЭСОП«City Bus» жобасын –  «Астана LRT» ЖШС Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасымен бірге жылжымалы құрамды жаңарту және жолаушыларды тасымалдау сапасын арттыру мақсатында әзірленді. Осы жоба шеңберінде IVECO Citelis маркасындағы қазіргі заманғы қалалық жылжымалы құрамның 358 бірлігі сатып алынды. Бүгінгі күні осы автобустар өздерін жолаушыларды қолайлы түрде тасымалдау үшін барлық жағдай жасалған сапалы және сенімді көлік ретінде көрсетті. Қысқы мерзімде істен шыққан автобустардың қатарында бір де бір IVECO автобусы болмағанын атап айту  керек, бұл осы маркадағы жылжымалы құрамның сапасы жоғары екендігін көрсетеді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазір қаламызда жүрдек авто­бустар тасымалы жүйесін қалыптастыру жұмысы қолға алын­ды. Жүрдек автобустар тасымалы жүйесінің бас жоспары жал­пы ұзындығы 71,0 шақырымды құрайтын екі кезеңнен тұрады. АстраЖол ақысын төлеудің электрондық жүйесі Аталмыш жобаның басты мақсаты – елордамыздың жолау­шылар тасымалын бұрынғыдан да жайлырақ ету. Жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу (ЖАТЭЖ) – Астана қаласының қоғамдық көлік жолаушыларына төмендегі­дей артықшылықтарды ұсынады: олар қалталары мен әмияндар­да ақша, тиындар салып жүру қажеттілігінен босатылады. Сонымен бірге, қолма-қол ақшаның ұрлануын төмендетуге, жол жүру билеттерін және оның түрлерін сататын жерлердің артуына, дербестендірілген карталарды қалпына келтіруге, 60 минут ішінде жол жүру ақысын қосымша төлеуді қажет етпейтін, басқа автобусқа тегін ауысып отыруға мүмкіндік береді. Жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі жобасын 2016 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда. аялдамаЖабық типті аялдама павильондары Аталмыш жоба бойынша  бас қаламыздың қоғамдық көлік аялдамаларын толығымен жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Яғни, жобаның басты мақсаты  –жолаушыларды жел, жаңбыр, қар және аяз сияқты ауа райының  жағымсыз құбылыстарынан қорғай отырып, аялдамаларда автобус күтуге барынша қолайлы жағдай жасау. Бүгінгі күні Астанада 27 жабық типті аялдама павильондары орнатылды. Ағымдағы жылы  елорданың ең көп жағы да 55 жаңа аялдамалар павильондарын орнату жоспарланып отыр. Барлығы  қаланың бағыттық желісінде жабық типті павильондарды орнату жоспарланған қоғамдық көліктің 82 ең көп жолаушы жиналатын және әлеуметтік маңызы бар аялдама пункттері болады. «BUS LANE» «BUS LANE» белгіленген жолақтары жобасы. Аталмыш жоба­ның мақсаты – жолаушыларға жол жүрудің жайлы болуын қам­тамасыз ету және қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беру болып табылады. Мұндай жобаны енгізу төмендегідей мәсе­лелерді шешуге көмектеседі: қоғамдық көліктің кептелектер мен бөгелістерде тұрып қалуын; қоғамдық көлік қозғалысы кесте­сінің кешіктірілуін; қозғалыс кестесін және жүру аралығын сақ­тамау; жалпы, жол қозғалысы ағынында қоғамдық көлікті бас­қару­дың қиындығын болдырмау. Бүгінгі күні, берілген жоба Момышұлы даңғылы, Бөгенбай даңғылы, Кравцова, Мұңайтпасов, Сығанақ, Тілендиев көшелерінде іске асырылып, өз тиімділігін көрсетуде. Біржақты қозғалысты көшелер ERM_8612«Біржақты қозғалыс» жобасы. Мамандардың алдын ала берген мәліметтері бойынша, бұл жаңашылдықты енгізу келесідей проблемаларды шешуге мүмкіндік береді: көлік ағынының орташа жылдамдығын 33 пайызға дейін арттырады; өткізгіштік қабілетін 25 пайызға дейін жоғарылатады; жол қиылыстарындағы кептелектерді 27- 29 пайызға дейін төмендетеді. Біржақты жол қозғалысын енгізу жобасы екі кезең бойынша іс жүзіне асырылуда. Бірінші кезең бойынша, аталмыш жоба 2016 жылдың 28 мамырында Әуезов және Желтоқсан көшелерінің учаскелерінде ұйымдастырылды. Екінші кезең бойынша бұл жоба ағымдағы жылдың 11 маусымында Абай даңғылы, Кенесары және Янушкевич көшелерінде қолданыла бастады. Жүктемені төмендетпек «Астана қаласының автотұрақ кеңістігін бақылау» жобасы астананың Көлік кешенін модернизациялау бағдарламасына сәй­­кес жасалған. Аталмыш жобаның басты мақсаты – қаламызда көлік­­терді тұраққа қоюдың өскелең мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Жасыратыны жоқ, қазір қала көшелерінде қалай болса солай тұраққа қойылған автокөліктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Осы келеңсіздіктер көшеде автокөліктердің жүріп-тұруын қиын­датады. Жаңа жоба жол жүретін жерлерде ұзақ ме­рзім­ге тұраққа қойылған автокөліктердің санын азайту ар­­қы­лы көше-жол желісіне түсетін жүктемені төмендетуге, қала ор­та­лы­­ғын­дағы көлік қозғалысының жылдамдығын арт­тыруға, қоғам­­дық көлік құралдары мен автомобильдердің, жаяу жүр­гінші­лер­­дің кідіріс­сіз қозғалысына мүмкіндіктер жасау болып табы­лады. «Астана қаласының автотұрақ кеңістігін бақылау» толық­­қан­ды жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Нұрлы жол бульварында 910 автотұрақ орнын қалыптастыру жос­пар­лануда. 2016 жылдың соңына дейін Астанада 9000 ақылы авто­тұрақ орындары жасалатын болады. Атап айтқанда, олар екі аймақта орналасатын болады: №1 аймақ: Тұран – Сарай­шық – Орынбор – Сығанақ көшелерінің қиылысы; №2 аймақ: Сарыарқа – Бөгенбай батыр – Республика – Жағалау көшелерінің қиылысы. Түйіндей айтсақ, бұл заманауи жобалардың басты мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелектерін жойып, қала аумағында кедергісіз көлік қатынасын жасап, жол-көлік қызметінің сапасын арттыруда астаналықтардың жоғары мәдениетін қалыптастыру. Бас қаланың болашағы үшін айрықша маңызы бар бұл өміршең бастамаларға сәттілік тілейміз. parkovkaКоммуналдық ақылы тұрақтар Жақында қалалық қоғамдық кеңестің отырыс болып өтті. Онда коммуналдық ақылы көлік тұрақтары туралы мәселе қаралды. Отырыс барысында елордадағы коммуналдық көлік тұрақтарының базалық тарифі бекітілді. Сөйтіп, ақылы тұрақтарға қойылатын әрбір көлік үшін астаналықтар сағатына 150 теңге төлейтін болады. Жоба бойынша, елорда көшелерінде 259 коммуналдық ақылы уақытша көлік қоятын орындар ашылатын болады. Бұл тұрақтарды пайдалануға беру кезең-кезең­мен жүзеге асы­рылады. Бірінші кезеңде елорданың сол жа­ға­л­ауында, Нұрлы жол бульвары, Ақмешіт және Түркі­стан көше­лері ауданында ақылы тұрақтар жұмыс істей бас­тай­ды. Жобаның бірінші кезеңі  қалыпты жұмыс іс­тей баста­ған кезде қаланың басқа аудандарында ақылы тұрақ­тар ашы­лады. Қоғамдық кеңес отырысында Астана қала­сы жо­лау­шылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлей­менов атап көрсеткендей, ақылы коммуналдық тұрақтар құ­ры­лысы толық инвесторлар есебінен жүргізіледі. Бұл жо­баны жүзеге асыруға бюджеттен ешқандай шығын шықпайды. Ақылы тұрақтар таңертеңгі 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұдан басқа уақытта бұл учаскелерде автокөліктерді қойғаны үшін ақы төленбейді. Автотұрақтардың ақысын банк карталары көмегімен паркоматтар арқылы, сонымен бірге, ұялы телефондардағы мобильді қосымшалар немесе SMS арқылы төлеуге болады. Мемлекет тарапынан жеңілдік алатын азаматтар бұл тұрақтарды тегін пайда­ланатын болады. Еділ Сүлейменовтің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты қала бюджетіне қосымша қаржы түсіру емес, елорда көшелеріндегі көлік жүктемелерін жеңілдету болып табылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»