25 Маусым, 2016

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрығы  №927 

308 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
  2015 жылғы 30 қараша, Астана қаласы Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 31) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидалары бекiтiлсiн. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді; 3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін. 4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.ДҮЙСЕНОВА Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрiнiң 2015 жылғы 30 қарашадағы №927 бұйрығымен бекітілген Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы 1. Жалпы ережелер 1. Осы Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 31) тармақшасына сәйкес әзірленген және жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау тәртібін белгілейді. 2. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулығы (бұдан әрі – Нұсқаулық) өндірістік үй-жайларда, кәсіпорын аумағында, құрылыс алаңдарында, көлік құралдарында және осы жұмыстар жүргізілетін не қызметтік міндеттер орындалатын ұйымның басқа жерінде жұмыстарды орындау кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманың қолданылуын нақтылайтын жұмыс берушінің актісі болып табылады. 2.Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу 3. Нұсқаулықты жұмыс беруші жұмыс берушінің мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен жұмыскерлер өкілдерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман (бұдан әрі – жауапты тұлға) жасаған тізбеге сәйкес, учаскедегі, цехтағы, қызметтегі, зертханадағы және жалпы ұйымдағы әрбір кәсіп үшін, сондай-ақ жеке жұмыс түрлері (биіктегі жұмыс, сынақтар) мен жұмыс орындарына да әзірлейді. Сондай-ақ Нұсқаулықты әзірлеуді жұмыс берушінің (ұйым) тапсырысы бойынша келісімшарттық негізде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ғылыми мекемелердің мамандары да жүзеге асыруы мүмкін. 4. Тізбе қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітілген Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы мен Қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын есепке ала отырып бекітілген жұмыс берушінің штат кестесінің негізінде жасалады. Жасалған тізбені жұмыс беруші немесе өзге уәкілетті адам бекітеді және ол барлық құрылымдық бөлімшелерге жіберіледі. 5. Нұсқаулық жабдықты өндіруші зауыттардың пайдалану және жөндеу құжаттамасында, сондай-ақ жұмыс берушінің технологиялық құжаттамасында баяндалған қауіпсіздік талаптары мен өндіріс жағдайларын ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтердің негізінде әзірленеді. 6. Нұсқаулықты әзірлеуге қажетті дайындық жұмысы: 1) технологиялық процесті зерделеу, оның қалыпты ағымы мен қалыпты режимнен ауытқыған кезінде пайда болатын қауіпті және зиянды өндірістік факторларды анықтау, сондай-ақ аталған факторлардан қорғану шаралары мен құралдарын анықтаудан; 2) қолданыстағы жабдықтардың, құрал-саймандар мен құрылғылардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестілігін айқындаудан; 3) нұсқаулықты әзірлеу барысында қолданылатын еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі жөніндегі материалдарды жинаудан; 4) тиісті жұмыстарды орындау барысында пайдаланылатын қорғаныш құралдарының конструктивті ерекшеліктері мен тиімділігін зерделеуден; 5) ақпараттық хаттарды зерделеуден; 6) өндірістік жарақаттанудың, авариялық жағдайлардың және осы кәсіп (жұмыс түрлері) үшін кәсіптік аурулардың себептеріне талдау жүргізуден; 7) жұмыстың қауіпсіз әдіс-тәсілдерін, олардың реттелігін, сондай-ақ Нұсқаулыққа енгізілуге тиіс техникалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды айқындаудан; 8) Кодекстің 6 және 7-тарауларына сәйкес жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимін айқындаудан тұрады. 7. Іске қосылып жатқан жаңа өндірістер, технологиялар немесе жабдық үшін объектіні мемлекеттік қабылдау комиссиясы пайдалануға қабылдағанға дейінгі мерзімге әзірленген нұсқаулықтар қолданылады. 3. Нұсқаулықтың мазмұны 8. Нұсқаулықтың әрқайсысына тиісті атау беріледі. Атауда оның қандай кәсіпке немесе жұмыс түріне арналғандығы қысқаша көрсетілуге тиіс. 9. Нұсқаулық технологиялық процестің қысқаша сипаттамасынан тұрады және еңбек қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты қамтиды. 10. Нұсқаулықтың талаптары технологиялық процестің реттілігіне сәйкес, осы жұмыстың орындалу жағдайларын есепке ала отырып көрсетілуге тиіс: 1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың жалпы талаптары; 2) жұмыс басталар алдындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары; 3) жұмыс уақытындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары; 4) авариялық жағдайлардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары; 5) жұмыс аяқталғандағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары. 11. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың жалпы талаптары» деген бөлімде: 1) тұлғаларға кәсібі бойынша жұмыстарын өздігінен орындауға немесе тиісті жұмысты орындауға рұқсат берудің шарттары (жас, жыныс, денсаулық жағдайы, нұсқама жүргізу); 2) еңбек тәртіптемесінің қағидаларын сақтау қажеттігі туралы нұсқаулар; 3) еңбек және тынығу режимін орындау жөніндегі талаптар; 4) жұмыскерге әсер ететін қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың сипаттамасы; 5) оларда мемлекеттік, салалық стандарттар белгілері мен оларға техникалық шарттарды көрсете отырып, осы кәсіп үшін арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын берудің нормалары; 6) өрт және жарылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар; 7) жұмыскер жұмысты орындау барысында сақтауға тиіс жеке бас гигиенасы талаптары көрсетіледі. 12. «Жұмыс басталар алдындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары» деген бөлімде: 1) жұмыс орнын, жеке қорғаныш құралдарын дайындау тәртібі; 2) жабдықтың, құрылғылар мен құрал-саймандардың, қоршау, дабылдағыштың, блокталған және басқа да құрыл­­ғы­лардың, қорғаушы жерге тұйықтаудың, желдетудің және жергілікті жарықтандырудың жарамдылығын тексеру тәртібі; 3) бастапқы материалдардың (жартылай фабрикаттар, дайындамалар) бар болуын және жай-күйін тексеру тәртібі; 4) үздіксіз жұмыс жағдайында ауысымды қабылдау тәртібі; 5) өндірістік санитария талаптары көрсетіледі. 13. «Жұмыс уақытындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары» деген бөлімде: 1) жұмысты қауіпсіз орындау әдістері мен тәсілдері, технологиялық жабдықты, құрылғылар мен құрал-саймандарды пайдаланудың талаптары; 2) бастапқы материалдарды (шикізат, дайындамалар, жартылай фабрикаттар) ұстау қауіпсіздігінің талаптары; 3) көлік құралдарын, техникалық құрылғылар, ыдысты және жүк көтергіш механизмдерді қауіпсіз пайдалану талаптары; 4) жұмыс орнын қауіпсіз ұстау жөніндегі нұсқаулар; 5) нормативтік технологиялық режимнен ауытқудың негізгі түрлері және оларды жою әдістері; 6) авариялық жағдайларды болдырмауға бағытталған әрекеттер; 7) жұмыскерлердің қорғаныш құралдарын пайдалану талаптары көрсетіледі. 14. «Авариялық жағдайлардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары» деген бөлімде: 1) авариялық немесе жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін жағдайлар пайда болған кездегі жұмыскерлердің әрекеттері; 2) жарақаттанған, уланған және кенеттен ауырға кезде зардап шегушілерге медициналық көмек көрсету бойынша әрекеттер; 3) жұмыс берушіні жұмыскердің жарақаттану оқиғалары және жабдықтың, құрылғы мен құрал-сайманның жарамсыздығы туралы хабардар ету тәртібі көрсетіледі. 15. «Жұмыс аяқталғандағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары» деген бөлімде: 1) жабдық, құрылғылар, машиналар, механизмдер және аппаратураларды қауіпсіз сөндіру, тоқтату, бөлшектеу, тазалау және майлаудың тәртібі, ал үздіксіз процесс кезінде – оларды ауысым бойынша беру тәртібі; 2) жұмыс орнын тапсыру тәртібі; 3) өндіріс қалдықтарын тазалау тәртібі; 4) жеке бас гигиенасы мен өндірістік санитарияны сақтау талаптары; 5) жұмыс уақытында анықталған барлық кемшіліктер туралы жұмыс берушіні хабардар ету тәртібі көрсетіледі. 16. Нормативтік құқықтық актілерге сілтемелерді қолдану қажет болған кезде, бұл нормативтік құқықтық актілердің талаптары нұсқаулықтарда баяндалады. 4. Нұсқаулықты бекіту және қайта қарау 17. Нұсқаулықтарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе жауапты тұлға және басқа мүдделі құрылымдық бөлімшелер, лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлер өкілдері келіскеннен кейін жұмыс беруші бекітеді. 18. Бекітілген Нұсқаулықтарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе жұмыс берушінің жауапты адамы Нұсқаулықтарды есепке алу журналында есепке алады. 19. Мамандықтар мен жұмыс түрлері бойынша Нұсқаулықты қайта қарау 3 жылда бір реттен сирек емес жүргізіліп тұрады. Нұсқаулықтар мынадай жағдайларда мерзімінен бұрын қайта қарауға жатады: 1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, мемлекеттік стандарттары және нормативтік құқықтық актілері өзгертілгенде; 2) жаңа техника мен технология енгізілгенде; 3) өндірістегі жазатайым оқиғалар, авариялар мен апаттарды тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша. Қайта қарау нәтижелері бойынша Нұсқаулықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі анықталады. 20. Егер осы Қағидалардың 19-тармағында белгіленген мерзім ішінде жұмыскерлердің еңбек жағдайлары өзгермесе, Нұсқаулықтың қолданылуы келесі мерзімге ұзартылады, бұл туралы Нұсқаулықтың бірінші бетінде жазылады («Қайта қаралды» мөртабаны, Т.А.Ә (бар болса), күні және Нұсқаулықты қайта қарауға жауапты адамның қолы қойылады). Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 26 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12534 болып енгізілді.