ен жайылып, 57 саяжайды су басты
Соңғы күндері Ертіс өзенінің ернеуі толып ағуда. Қаланы қақ жарып ағып жатқан арыны қатты өзен кей тұста арнасынан асып, өскемендіктердің сүйікті демалыс орындары саналатын ғашықтар аллеясы мен Станиславский жағалауындағы жүргінші жолдарына, Комсомол және Пионер аралдарына тасыған су жайылып кетті. Сондай-ақ, жағалауға жақын 57 саяжай су астында қалды.
Кеше облыс әкімінің орынбасары Д.Гариков Ертістегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты баспасөз брифингін өткізіп, аталған жағдайға Қытай еліндегі тасқын мен өңіріміздегі жауын-шашынның толастамауы және Алтайдағы қар массивтерінің еруі әсер етіп отырғанын айтты. Жергілікті билік Қытайда 10 маусымнан бастап үсті-үстіне болған тасқын туралы дағдарыс орталықтары арқылы алдын ала құлағдар болған екен. 16 маусымнан бері Қара Ертістегі су көлемінің шамадан тыс артуының негізгі себебі – осы. Қытай тарапының толассыз нөсерде лық толған тоғандағы артық суды ағызуына байланысты Қара Ертіске секундына 2100 текше метр су келді. Бұған жол-жөнекей тау өзендерінің қосылатынын есептеңіз. Яғни, Бұқтырма су қоймасына секундына 3308 текше метрге дейін су құйылды. Осыған орай Бұқтырма ГЭС-де соңғы жарты ғасырда болмаған су жиналып отыр.
Жалпы, Өскемен қаласы бойынша Ертіс суының деңгейі 300 миллиметрге көтерілсе қауіпті саналады. Ал қазір су деңгейі 413 миллиметрге жетті. Облыс әкімінің орынбасары су алған саяжайлар өзен жағалауына жақын су қорғау аймағына орналасқандығын жеткізді. Бұл Зырян ауданында су астында қалған демалыс базаларына да қатысты.
– Қазіргі кезде облыс орталығындағы су басқан саяжайлардан 105 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, қаладағы 5 мектеп пен әлеуметтік нысандарға бөлініп орналасты. Тиісті құрылымдар су басқан аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарға күрделі жағдай болмайтынын, 4-5 күннен кейін жағдай реттелетінін айтқым келеді. Жағдай толығымен қадағалауда, – деді Д.Гариков.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы