Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласынан солтүстікке қарай 45 шақырым жерде Қарабұлақ деген ауыл бар. Халқының саны 45 мың адамды құрайтын осы елді мекенде №81 Ұлықбек атындағы мектеп директоры Х.Халтаевтың жалған дипломы туралы ақпараттың тарағанына біраз уақыт өтті. Ұмытыла бастаған бұл жайды жақында редакциямызға аталған ауыл тұрғыны М.Елтаевадан келіп түскен хат қайта жаңғыртты.
Бұған дейінгі ауыл тұрғыны тарапынан жазылған хатта нақты дәйектер келтірілмегендіктен, біз оны қараудан бас тартқанбыз. Алайда, екінші хатында өз сөзіне айғақ болатындай құжаттарымен қоса жіберіпті. Оның жазуына қарағанда, №81 Ұлықбек атындағы мектеп директоры Х.Халтаев Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетін бітірмеген. Олай болса, қолындағы дипломы да жарамсыз.
М.Елтаева бұл мәселе бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің меңгерушісі О.Қолдасоваға жүгінгенмен, шенеунік тарапынан әлі күнге жауап берілмеген. Есесіне Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Т.Керімбеков Өзбекстан Жоғары және орта кәсіптік білім министрлігінің 29.02.2016 жылғы №16л/4673 хатына сілтеме жасай отырып, Халтаев Хамрақұл Абдулхамидович Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті ректорының 04.07.1994 жылғы №67-3 бұйрығымен №260703 дипломы берілгендігін қуаттаған. Әкімнің орынбасары бұл ретте О.Қолдасовадан алынған түсініктемеде шағымданушы М.Елтаевадан ешқандай да арыз түспегендігін жеткізген. Ал өзбекстандық білім ордасының оқу ісі бойынша проректоры Х.Хакимовтің 26.06.2015 жылғы №03/1077 жауабына қарағанда, 2015 жылдың 12 маусымында шығарылған №257 «Университеттің студенттік бөлімінде құжаттарды түгендеу туралы» бұйрығына орай жұмыс жүргізілген. Сонда анықталғаны Хамрақұл Халтаев Республикалық педагогикалық институттың сырттай оқыту бойынша ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті факультетінде 645 студенттің арасынан табылмады.
Мына жайтқа назар аудартқанды жөн көріп отырмыз. Аталған оқу ордасының мұрағатында ондай студенттің оқымағандығы айқын болғанымен, кадрлар бөлімінде сақталған 4 шілде 1994 жылғы №67/з бұйрығының тағы бір түпнұсқасында 646 студенттің арасына Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевтың аты-жөні белгісіз біреулер тарапынан енгізіліпті. Сондықтан да жұмыс тобы жалған мәліметтер негізінде Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевтың атына берілген №260703 дипломды жарамсыз деп тапқан. Оның үстіне, ОҚО адвокаттар алқасының жеке адвокаты Т.Жолдасованың сұранымына орай жауапта Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті мұрағат бөлімінің меңгерушісі У.Исаева 1994 жылғы ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиеті факультетін сырттай бітіргендердің тізімінде Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевтың аты-жөні жоқтығын хабарлаған.
Оқырманға түсінікті болу үшін Өзбекстан президентінің жарлығымен Республикалық педагогикалық институты мен Ф.Энгельс атындағы Ташкент мемлекеттік шет тілдері педагогикалық институты біріктіріліп, Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті болып құрылғанын айта кету керек. Тағы бір мәселеге назар аударта кеткен жөн. Өзбекстан Жоғары және орта кәсіптік білім министрлігі Құқық бөлімінің басшысы И.А.Абдуллаев ОҚО адвокаттар алқасының жеке адвокаты Т.Нұржановқа берген жауабында аталған білім ордасы ректорының бұйрығына сілтеме жасай отырып, Хамрақұл Абдулхамидович Халтаевқа ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиетінің білікті мұғалімі мамандығы берілгендігін жазыпты. Ал «Бахтиёр Калкон» адвокаттық фирмасының сұранымына орай берген жауапта ондай бөлімнің жоқ екендігі айтылады. Жоғары және орта кәсіптік білім вице-министрі М.Иноятов өзінің 2016 жылғы 25 сәуір күнгі №284 жауабында аталған ведомствода ондай құқықтық бөлімнің жоқ екенін және И.А.Абдуллаев деген қызметкердің жұмыс істемейтіндігін, сондай-ақ, 29.02.2016 жылғы №26к/4673 хатының жалған екендігін алға тартады.
Осындай дәлелді айғақтарды алға тосқан М.Елтаеваның хатына орай біз мән-жайды білмекке Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің қызметкері А.Әміртаевқа хабарластық. Мұндай ақпаратты бірінші рет естіп тұрғандығын айтқан Азат Ермекбайұлы жергілікті білім бөлімінің басшысын аудан әкімі, ал білім бөлімінің басшысы мектеп директорын тағайындайтындығын көлденең тартып, сауатымызды бір ашып тастады. Сондықтан барлық жауапкершілік соларда, дей келіп: «Біз сізге не көмек бере аламыз?», деген сауалын да ұмытқан жоқ. Сіздерге көмек бер деп жатқан жоқпыз, мен тек осындай мәселе бар деп айтпақшымын дегеннен кейін ғана: «Мен сұрастырып көрейін. Ауданға хабарласайын. Хабарсызбын», деп жауап қатты.
Білім саласында жүріп, бұқаралық ақпарат құралдарында өз саласы бойынша жазылған жайттарға назар аудармаған маманды қалай түсінуге болады? Оның үстіне бұл мәселе кеше немесе бүгін қозғалып отырған жоқ. Сондықтан да біз осы мәселе бойынша Сайрам ауданының әкімі С.Сапарбаевпен хабарласқанымызда, ол өзінің қызметіне кіріскеніне көп бола қоймағанын алға тартты. «Бұл мәселе әбден тексерілген, анықталған, жауабы дайын. Білім бөлімінің басшысынан сұрадым, ондай фактілер анықталып, тиісті органдардан жауабын алғанбыз деп отыр. Қажет болса, жауабын жолдайық, бірақ объективті қарау керек. Бір арызқой жазды екен деп, бәрін қаралауға болмайды ғой. Тиісті құзырлы мекемелер сұрау жасатып, анықтап қойған. Органдар дұрыс анықтамаса, жауап береді», деді Самат Айдарханұлы.
Сондай-ақ, аудандық прокурордың көмекшісі Сухраб Қаһаровқа телефон шалғанымызда, ол ресми түрде басшылармен сөйлесуім керектігін ескертті. «Екіншіден, бұл мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Соған сәйкес берілген сұрау хат Сыртқы істер министрлігі арқылы Өзбекстанға жолданған. Бүгінгі таңда жауабы әлі келген жоқ. Сайрам аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан тергеу істері жүргізілді. Ішкі істер басқармасынан білгеніңіз дұрыс», деді прокурор. Ішкі істер басқармасының іс-әрекеттері прокуратура назарында болатынын қаперге алып, әзірге осы жерден тоқтадық.
Қорыта айтқанда, біз ОҚО Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы №81 Ұлықбек атындағы мектеп директоры Х.Халтаевтың дипломының жалған екенін әшкерелеуді басты мақсат еткен жоқпыз. Мақаланы жазудағы негізгі мақсатымыз – білім беру мекемесін өз ісінің маманы, білікті педагог басқарса деген ниет. Сондықтан да жоғарыда құжаттық дәлелдерді келтірдік. Олай болса, біз қарсы жақтың да уәжін тыңдауға әзірміз және бұл мәселеге түпкілікті нүкте қойғанды жөн санаймыз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»