Орал өңіріндегі іргелі өндіріс ошақтарының бірі – шыны өңдеуге және жоғары сапалы әйнек пакеттерін өндіруге маманданған «Стекло-Сервис» ЖШС. Бүгінде компания үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде «Термомықтылығы күшейтілген әйнек өндірісі» жобасын іске асыру үстінде. Оның бас иелері ағайынды әрі әкелі-балалы – Рубцовтар бизнес жолына бірден түспепті. Алғашында құрқылтайдың ұясындай шағын ғана шеберхана ашып, тұрғындарға шыны кесу қызметін көрсетуді қолға алыпты. Бастапқыда әйнекті арнайы құрал арқылы өздері кескен екен. Сөйтіп, тұтынушылар сеніміне ие бола бастағаннан кейін шағын кәсіпкерлік құрып, өз дүкендерін ашады.
Уақыт өткен сайын шеберхана жұмысы жандана түседі. Кейіннен мұнда шыны өңдеу жұмыстары жетілдірілген соң заңды түрде серіктестік құрылды. Осы кезден бастап шаһардағы ғимараттардың қасбетін әйнектеу жұмыстары жолға қойылды. Осылайша алюминиймен әрленген, металл мен шыны үйлесім тапқан әйнектеу үлгісі қала келбетіне көрік қоса бастады.
2011 жылдан бері компания «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаржылай көмек түріндегі несие алып тапсырыс берушілердің талаптары бойынша терезелер мен үй жиһаздары шынылары мен ыстық пен суықты өткізбейтін әйнектерді дайындаумен айналысып келеді. Ресейден әкелінген шикізат көзін өңдейтін станоктар мен құрылғылар шыныларды шаршы, пирамида пішінде қиып, қажеттілікке сай заманауи технологиямен өңдейді. Негізінен өнеркәсіптің кең қанат жайған кезі 2007 жылдан басталыпты.
Мемлекетімізде белгіленген өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бағдарламалар арқасында кәсіпорынның өрісі кеңейе түсті. 2011 жылы банкпен келісімшарт жасалған. Соған сәйкес қаражаттың 15 пайызы серіктестік жетекшілерінің өздерінен шықса, қалғаны субсидиялау бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан алынған.
Қазіргі таңда шыны пакеттерін дайындаумен айналысатын «Стекло-сервис» ЖШС термоөтімділігі нығайтылған шыны, көп қабатты шыны бұйымдарын өндіру жобасын толықтай іске асырды. Өндіріс бес жылдан бері әлемдік брендке айналған австриялық «Lisec» компаниясының жабдығымен жұмыс істеуде. Сондай-ақ, шынының мықтылығын нығайту финляндиялық «TamGlass» компаниясының желісімен жүргізілуде. Білікті басшы, «Стекло-сервис» ЖШС-нің бас директоры Аркадий Рубцовтың айтуынша, мұндағы шыны өнімдері қарапайым әйнектерден жеті есе мықты. Сондықтан, жергілікті өнеркәсіп өніміне көршілес Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Волгоград, Екатеринбург қалаларынан да сұраныстар түсе бастапты.
«Мұнда әйнек өңдеу ісін одан әрі дамыту мақсатында шыныны бояу өндірісі жолға қойылған. Трафареттік баспа және дестелеп бояу желісі де орнатылған. Соның нәтижесінде мықты және көпқабатты қауіпсіз әйнек түрлеріне асқан шеберлікпен бояуы кетпейтін суреттерді салуға мүмкіндігі туып отыр. Ондай суреттер қоршаған ортаның әсеріне шыдамды болып келеді», – дейді кәсіпорын басшысы.
Сондай-ақ, компания әйнекті лазерьмен кесу өндірісін де қоса игерген. Мұндай технологияны әлемдегі әйнек өндіруші ірі компаниялардың бәрі де қолданатыны белгілі. Сонымен қатар, биылғы жылы «Стекло-Сервис» ЖШС-нде автокөліктерге арналған әйнек өндіретін желі жобасы да пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде компанияның өз филиалдары жұмыс істейді. Өйткені, өндірістің ауқымдылығы жағынан Астана мен Алматы қалаларынан басқа еліміздің өзге өңірлерінде оралдық кәсіпорынға балама боларлықтай өндіріс орны жоқ десе де болады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында кәсіпорынның өндірістің көкжиегі жылдан-жылға кеңіп келеді. Соның арқасында қосымша жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қазіргі таңда өнеркәсіпте 100-ден аса жұмысшы тұрақты түрде қызмет атқарып жүр. Негізінен мұнда жас мамандар үлесі басым түседі. Оларды аймақта арнайы кәсіби мамандандыруға мүмкіндік болмағандықтан, кәсіптің қыр-сырына кәсіпорын басшыларының өздері баулып, үйретеді.
Біз барған сәтте өндіріс цехында жұмыс қызу жүріп жатты. Қайнаған жұмыстың бел ортасында жүрген жігіт Азамат Нұрымов мұнда үш жылдан бері оператор болып қызмет атқарады екен. «Жұмысым өзіме ұнайды. Күнделікті таңғы сағат сегізден бастап, кешкі сағат алтыға дейін жұмыс істеймін. Жалақым 90-100 мың теңге», – дейді ол. Ал бұған дейін «екі қолға бір күрек» таппай біраз сенделген екі баланың әкесі Ерлан Иманбековтің мұнда оператор болып жұмысқа орналасқанына да көп уақыт өте қоймапты. Отбасының нәпақасын өзінің адал еңбегі және маңдай терімен табуды мақсат еткен азамат қара терге малшынып шыны салатын рамка жасап жатты.
Цехтың бір бұрышында әйнектерді арнайы қораптарға қаптаумен айналысатын Олег Щеголевтің мұнда келгеніне екі жылдан асыпты. Жалақысын күнделікті істеген жұмысының ауқымына қарай айына 100-130 мың теңгені құрайтын көрінеді. Іскер маман компанияның жұмыс берушіге талабы қандай болса, жұмыс істеуге де соншалықты қажетті жағдай туғызылып отырғанын айтып берді.
«Негізгі мамандығым дәнекерлеуші. Бірақ, қазіргі жұмысыма да көңілім толады. Өндірістік ғимарат қыста жылы, жазда салқын. Түскі және кешкі тамақтар компания есебінен төленеді. Айлығымыз өз уақытында беріледі. Басшымыз Аркадий Рубцовтың әділдігі мен адамгершілігін жоғары бағалаймын», – дейді О.Щеголов. Әңгімелесу барысында да жұмысынан бір сәт ажырамаған жастың еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі бізді де тәнті етті.
Журналистік кездесулер кезінде еліміздегі табысты тұлғаның бірі, Орал қаласындағы «Стекло-Сервис» ЖШС-нің бас директоры Аркадий Рубцов жөнінде мұнда тікелей қызмет жасап жүргендер өз ой-пікірлерін бізге былайша жеткізді. Атап айтқанда, оның орынбасары Арман Өтешқалиев төмендегіше тілек білдірді.
«Стекло-Сервисте» он алты жылдан бері қызмет атқарып келемін. Ең алғаш ортақ ісімізді бастаған кезімізде шағын ғана «Рубцов» жеке кәсіпкерлігі деген дүкен болды. Аркадиймен Орал қаласындағы №25 мектепте бірге оқыдым. Кейіннен құрылыста еңбек еттім. Университет бітірген соң тұрақты жұмыс таппай жүргенімде Рубцовты жолықтырдым. Ол маған дүкенінде жүк тиеушіге ғана жұмыс барын айтты. Келісе кеттім. Бір жылдан соң жүргізуші болдым. Содан соң біртіндеп сенімді көмекшісіне айналдым. 2007 жылдан бастап орынбасары болып тағайындалдым. Осы жылдар ішінде сол шағын дүкеннің біртіндеп өркендеп, үлкен өндіріс ошағына айналғанына куә болдым. Осылайша ойлаған армандарымызға қол жеткіздік. Менің қазіргі міндетім – еліміздің барлық өңірлеріне және Ресей облыстарына вагонмен шыны өнімдерін сауда-саттыққа шығару. Аркадий Анатольевич – жаңашылдықты жаны сүйетін іскер басшы. Мақсатымыз ортақ. Бұл – бәсекелестікке төтеп беру арқылы халық сұранысына ие болу».
Бүгінгі материалымызды табысты тұлға – Аркадий Рубцов жөнінде әріптестері жеткізген осы ой-пікірлермен түйіндегенді жөн көреміз.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ