Кеше Үкімет отырысында жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Осыған орай елдегі негізгі жағдайды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады.
Министрдің мәліметінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың аясында 167 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болып, жұмыс істеуге жәрдем алды. Ал мұның еңбек нарығындағы ахуалға оң ықпалы бар. Қазір еліміздегі жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз.
Т.Дүйсенованың хабарлауынша жылдың соңына дейін де «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жол картасы аясында әлі біраз инфрақұрылымдық жобалар іске қосылып, талай адамға жұмыс табылайын деп тұр. Бұл бағдарламаға негізінен 101 млрд. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы 1177 инфрақұрылымдық жобаны, сонымен бірге, 26 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны іске қосу жоспарланған. Толықтай алғанда, 20 мың жұмыс орны қарастырылған. «Осы мақсаттарға өңірлерге 4,4 млрд. теңге бағытталды. 830 жоба бойынша байқау аяқталды және 470 жобаны жүзеге асыру басталды. Оларға шамамен 5 мың адам жұмысқа тұрды», деді Т.Дүйсенова.
2016 жылы Кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында 9 мыңнан астам адам 3 млн. теңгеге дейін шағын несие алған. «Мұндай несиелерді алу үшін міндетті түрде шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. Бүгінгі таңда 1,6 мың адамға 3,5 млрд. теңгеден астам шағын несие берілген. Алайда, кейбір өңірлерде жұмыс баяу жүріп жатқан көрінеді. Мәселен, БҚО, ОҚО, ШҚО, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Алматы, Астана қалаларында жоспарланған жобалардың жүзеге асырылу жайы 40 пайызға жетпейтіндігі айтылды. Соған байланысты министр жұмысты ширатуды сұрады.
Жалақы қарызы бақылауда ұсталмақ
Т.Дүйсенова елімізде жұмысшыларына жалақысын бермей жүрген кәсіпорындардың бар екендігін атап өтті. Министрдің дерегіне сүйенсек, жыл басынан мемлекеттік инспекторлар ел кәсіпорындарының ағымдағы берешектері 2,8 млрд. теңге көлемінде екендігін анықтап, дағдарысқа қарсы штабтың қабылдаған шараларының арқасында оның 2,4 млрд. теңгесі өтелген.
«Дегенмен, өңірлік дағдарысқа қарсы штабтың мәліметтерінде жалақы бойынша жалпы берешектің көлемі бүгінде 1,6 млрд. теңгені құрап отырғаны көрсетілген. Оның ішінде үш айға дейінгі ағымдағы берешектер 514 млн. теңгені, үш айдан асатын уақыты өтіп кеткен берешек шамамен 134 млн. теңгені құрайды. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындардағы қарыздың ең көлемдісі – 955 млн. теңге. Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», деді Т.Дүйсенова Үкімет басшысына қарата айтқан сөзінде.
Премьер-Министр бұл ретте жұмыс орындарында еңбекақы төлеу мәселесі ағымдағы мәселеден өзекті мәселеге айналып кетуі мүмкін екендігін атап өтті. «Үкіметтің келесі отырысында жалақылардың төленуі мәселесі бойынша аймақтар әкімдерінің баяндамаларын тыңдасам деймін. Осы аптада кәсіпорындармен белсене жұмыс жасап, жағдай қай жерде қалай болып жатқанын, қандай шаралар қабылдау керектігін анықтау керек», деді К.Мәсімов.
Үкімет басшысы жуырда жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барғанында ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың басшылығы барлық жұмыс орындарын сақтап қалуға уәде еткенін еске салды. «Бұдан басқа, көптеген орта және шағын кәсіпорындар бар, қазіргі экономикалық жағдай бұл мәселе біздің бақылауымызда болуы тиіс екенін көрсетеді. Келесі аптада бұл біздің қарастыратын екінші мәселеміз болмақ», деді К.Мәсімов.
Қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсетіледі
Үкімет отырысында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу шараларына да баса назар аударылды. Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының қаражаттарын сүт қабылдау пункттері және отбасылық бордақылау алаңдарын құрумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыруға, оларды несиелендіруге бағыттауды ұсынды. Ол сүт және еттің 70-80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетінін атап өтті. Ал қайта өңдеуші кәсіпорындар қуаттылығы тек 60 пайыз ғана жүктелген. Себебі, жеке қосалқы шаруашылықтардан ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және тасымалдау үшін қажет болатын инфрақұрылымдар әлі қалыптасқан жоқ. Қолданыстағы сүт зауыттарының қуат көлемін шикізатпен қамтамасыз ету үшін 3 жыл ішінде 668 сүт қабылдау пункттерін құрып, жеке қосалқы шаруашылықтардан 380 мың тонна қосымша сүт жинау және өткізу жоспарланған. Бұл сүт зауыттарының жүктемелерін 64 пайыздан 84 пайызға дейін көбейтіп, қайта өңделген өнім өндірісін 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші өзекті бағыт ретінде отбасылық бордақылау алаңдарын құру ұсынылды. Өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың малдарын бұқа және азықпен қамтамасыз ету үшін жеңілдікпен несиелеу қарастырылады.
Бағдарлама шеңберінде 100 мың тонна сиыр еті өндірілетін 32 мың отбасылық бордақылау алаңдарын ашу жоспарланған. Үш жыл ішінде 65 мыңнан астам үнемі қызмет істеп тұратын жұмыс орындары құрылатын болады. Осының нәтижесінде қайта өндеуші кәсіпорындардың жүктемелігін 61 пайыздан 95 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтері бұған қосымша басқа да бағыттармен жұмыстана алады. Мысалы, жүн және тері дайындау, жеміс-көкөністер дайындау, ара шаруашылығы, отбасылық құс шаруашылығы және тауарлы балық шаруашылығы бар. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «ҚазАгро»ҰБХ» АҚ қаражаттары тартылатын болады.
Премьер-Министр К.Мәсiмов отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министріне Қарағандыдағы күйдіргі ауруына (сібір жарасына) қатысты туындаған мәселеге байланысты мән-жайды анықтауды тапсырды.
«Кеше Қарағанды облысында осы мәселеге қатысты жиын өткiздiк. Жалпы түйгенiмiз – бiзде мал қорымын күзету мәселесi бақылаусыз жатыр десек болады. Осы мәселенiң жай-күйiн анықтау керек. Кеше тиiстi тапсырма бердiм. Келесi Үкiмет отырысында осы мәселені де қарастырамыз. Мал қорымдарын күзету қажет. Қаражат бөлiнген болатын, ендi қаржының қайда жұмсалғанын және кiмнiң жауапты екенiн қарау керек», дедi К.Мәсiмов.
Бұл орайда, Үкiмет басшысы, ветеринарлық бақылау мәселесiнің маңызды екенiн атап өттi. «Өңiрлерде бұл жұмыс тиiстi деңгейде емес деген ойдамын», деп түйіндеді Премьер-Министр.
Қаржыны игеру қадағаланады
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева Жұмыспен қамтудың жол картасы және жалпы жұмыспен қамту мәселесі бойынша Үкіметтің ауқымды жұмыс жүргізіп, үлкен қаржы ресурстарын бөліп жатқандығын атап өтті. «Бұл жерде мәселе оның нәтижелілігі мен тиімділігінде болып отыр. Шағын несиелер беру өте маңызды, ол халықтың экономикалық белсенділігін ынталандырады және бұл жерде жергілікті органдар осы қаржыны оңтайлы пайдалануға ерекше көңіл бөлулері керек. Және игерушілік сомасына ғана емес, сонымен қатар оның нәтижесіне де назар аударулары тиіс», деген Д.Назарбаева жұмыспен қамтуға және еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламалар қаражатының бір бөлігі салық және әлеуметтік аударымдар түрінде қайтарылуы тиіс екенін, тауар айналымы және халықтың сатып алу белсенділігі ұлғаюы керек екенін атап өтті. «Осы тұрғыда бізде нақты статистикалық мәлімет жоқ. Және мен бұл қаржыны игеру үрдістерінің қалай бақыланатындығын анықтаған кезде салалық министрліктің осы қаражатты игеру үдерісін белсенді бақылайтындай жеткілікті құзыреті жоқ екеніне көзім жетті. Бұл ретте министрлік пен әкімдіктердің арасында осы ақшаның тиімді жұмсалуына жауап беретін өзара жаңа деңгейдегі қарым-қатынас орнату керек. Барлық осы жобалар бойынша, инфрақұрылымды қалыптастыру мен жөндеу, шағын несиелерді беру жүйесінде толық ашықтықты қамтамасыз ету керек, интернеттегі инфрақұрылымдық жобалардың паспорты толық орналасуы тиіс», деп түйіндеді Д.Назарбаева.
Қалай дегенмен, Үкімет мүшелері алға тартқан деректер жұмыспен қамтуға қыруар қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Алайда, қазіргі күні ауыл-аймақтардағы жұмыспен қамтудың жағдайы әлі де болса көңіл көншітіп отырған жоқ. Ендеше, Премьер-Министрдің орынбасары Д.Назарбаева айтқандай, бөлінген қаржы қаншалықты нәтижелі жұмсалды, қорытындысы қандай деген сұрақтарға да айрықша назар аударған жөн. Әрине, қорытынды туралы қаузағанда, жұмыспен қамту деген жұрттың бәріне мемлекеттік мекемелерден жұмыс беру немесе мемлекеттік қызметкерлердің қатарын көбейту емес екенін де ескерген жөн. Қазір қорадағы малыңды көбейтуге көмектесіп, сүт сатуға жол ашылса да, оның арғы жағында Үкіметтің үлесі жатады. Ал ауыл адамдары мал өсіріп, жерді игеріп-ақ өзін өзі жұмыспен қамти алатыны айқын. Ал ол үшін Үкіметке ауыл-аймақтардағы инфрақұрылымдар мен жол жағдайын жақсарту әбден қажет-ақ. Әйтпесе, қанша қаржы қарыз-несие берсек те, қатынас жасау жайы дұрыс қалыпқа келмей шаруа шалқымайды-ау деген күдігіміз де жоқ емес.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»