29 Маусым, 2016

Жүйріктер анықталатын сәт жақын

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
28-06-16-football-5Францияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатында бұрнағы күні соңғы екі ойынның ойналуымен 1/8 финалдық кезең мәресіне жетті. Енді 30 маусым – 3 шілде аралығында ширек финалдық ойындарға кезек беріледі. Бұдан айбыны асып, айдыны озып шығатын төрт команданың үшеуі күні ертең кіл сыңғырлаған медальдарға қол жеткізеді. Мұның өзі уақыттың жүлделі жүйріктер анықталатын тұсқа тым жақындап қалғанын көрсетеді. Қазір осы сегіздікті алдағы күн­дерде бір-бірлерімен кездесетін Польша – Португалия, Уэльс – Бель­гия, Германия – Италия және Фран­ция – Исландия жұптары құрап отыр. Әдетте, мұндай жан алып, жан берісетін, безбен басына бір елдің ары мен намысы түсетін алмағайып спорттық жарыстарда алдын ала болжам айтып, сәуегейлік көрсету адамға оншалықты абырой әпере бермейді. Сондайлардың біразы бұрнағы Англия – Исландия матч­ында ағылшындардың шүбәсіз күшті екеніне бәс тігісіп, қатты қателесті. Алдымен алаңға Италия мен Испания беттеді. «Скуадра адзурра» әр таймда соққан бір голының нәтижесінде 2:0 есебімен жеңіске жетті. Лион стадионы бұл күні бір­неше тарихи шешімге қол қой­ды. Соның біріншісі – испандар сегіз жылдан бері арқалап келе жатқан құрлық чемпионы деген атақтарының уәкілдігін беріп шықты. Екіншісі – «Фурия роха» бұған дейін қатарынан екі сапар алған чемпиондығын үшінші мәртелікке ұластыру мақсатымен біржола қоштасты. Үшіншісі – Аппенин түбегінің жігіттері қарсыластарынан 2012 жылғы Еуропа чемпионатының Киевте 1 шілде күні ойналған финалында 0:4 болып ұтылуының есесін қайтарды. Мұны бірқатар спорт шолушылары «итальянша вендетта» деп атап та үлгерді. Төртіншісі – екі құраманың осы кезге дейінгі өзара кездесулерінің қорытындысында тең болып тұрған таразы басы осы жолғы ұтыспен итальяндарға қарай ауып кетті. Ал бұл құрамалар бұған шекті бір-бірімен 34 рет ұшырасып, әрқайсысы 10 реттен жеңіске жетіп, 14 кезек тең ойнаған болатын. «Италия – жай ғана катеначчо деңгейінен анағұрлым би­ік», – деді ойыннан кейінгі бас­пасөз мәслихатында «Скуад­ра адзур­раның» бас жаттық­тырушысы Антонио Конте. Ең бас­тысы, итальян футболшылары мұны алаң үстінде өте-мөте дәлдікпен дәлелдеп берді. Олар испандардың әрбір артық жүрі­сінің алдын орап кетіп, қауіп-қатерді тұсаулап тас­тап отырды. Сонымен бірге, бұл матч итальян командасының шабуыл шебінде біраз салмақты проблеманың бар екенін де байқатып қойды. Со­ған қарамастан, бұл олардың іс басындағы чемпионды тізе бүк­тіріп, жарыс жолынан шығарып тас­тауларына кедергі келтіре алмады. Жекпе-жекті Антонио Кон­тенің шәкірттері белсенді бастады. Осы тұста Эдер мен Пелле біршама көзге түсті. 11-минутта Эмануеле Джаккеринидің шалқая беріп тепкен добы бағаннан қайт­ты. Әлбетте, испандар да өз қақпасы алдында жер бауырлап жатып алған жоқ. Ара-тұра олар да алға ұмтылып тұрды. Бірінші тайм, тұтастай алғанда, Италия құрамасының басымдығымен өтті. Соның арасында, 33-минутта Джорджио Кьеллини гол соғып кетті. Ол Эдердің соққысынан кейін допты дәл алдына түсіріп алған Давид де Хеа қателігін әдемі пайдалана білді. Ал екінші голды итальяндар кездесудің ең соңғы секундтары жүріп жатқан 90+1 минутта соқты. Бұл жолы олар Висенте дель Боскенің ойыншыларын қарсы шабуыл кезінде «қақпанға» түсірді. Голды Маттео Дармианнан пас алған Грациано Пелле салды. Исландияның Англияны ығыс­тырып, жолдан шығарып тас­тауының сенсация екенін мойын­дамайтын маман жоқ. Бірақ Ниццада өткен кездесудің басы жағдайдың бұлайша дамитыны жөнінде ешқандай сыбыс білдірген жоқ. Керісінше, Рой Ходжсон футболшыларының оны сәтті бастағанын көрсетті. Ағылшындар 4-минутта-ақ есеп ашты. Рас, гол Уэйн Рунидің ұруымен пенальтиден кірді. Айып добы Даниэл Старрижден доп алған Рахим Стерлинг қақпа алаңына құйғытып келген кезде қақпашы Ханнес Халльдоурссонның оны тобықтан қағып құла­туына байланысты белгіленді. Алайда, арада бар-жоғы екі минут өткеннен кейін фаворит-команда ойыншыларының көңіл күйлері нілдей бұзылып сала берді. Бұған Кари Арнасонның қапталдан қол­мен лақтырып берген добын Рагнар Сигурдссонның қағып алып, жақын жерден қақырата ұрып, жауап гол соғуы себеп болды. Осыдан кейін біртіндеп өз-өзіне келген Англия жойқын жорық­­тармен қарсыласын басып тастамаққа ұмтылды. Сол уақыт­­тары он минуттай уақыт «Үш арыстанның» ентігін басып, ек­пінін қайтаруға күш салған Ларс Лагербектің ұландары қайта қарсы шабуылға көтерілді. 18-минутта өте жақсы ойналған комбинация­дан кейін Кольбейн Сигторссон айып алаңы сызығы маңында соққы жасады. Қақпашы Джо Харт допқа қолы тигенімен, оны біржола қайтарып тастай алмады. Осылайша исландтар алға шығып кетті. Әлбетте, көп ұзамай ағылшындар есепті теңестіру үшін жанталаса шапқылады. Осы мақсатта бапкер екінші таймда ойынға қосқан футболшылар сенімді ақтай алған жоқ. Мәселен, Джек Уилшердің жартылай қорғаныстың орта шебінде Уэйн Рунимен тіл табысып ойнауы оңайға түспеді. Ал Джейми Вар­дидің тіпті алаңда бар-жоғы бел­гісіз болып қалды. Англия құра­масы осылайша өздерінен күтіл­гендей ойын өрнегін көрсете қой­мады. Мұның соңы жеңіліспен аяқталды. Ойын біткеннен кейін Рой Ходжсонның айтқан бірінші сөзі өзінің отставкаға кетуі турасында болды. «Маған жолды осылай аяқтау өте өкінішті. Бірақ мұндай жағдай бола береді», – деді ол. Сөйтіп, ол төрт жылға созылған жұмысын аяқтағалы отыр. Осы уақыт аралығында жаттықтырушы құраманы Еуропаның екі, әлемнің бір чемпионатына бастап барды. Бұлардың ішіндегі ең ірі табысы 2012 жылы құрлық чемпионатында ширек финал шебіне дейін жетуі болды. Бұл жолы оған да жете алмады. Енді командалар екі күндік үзіліс алады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»