Астанада Орталық Азияның білім берудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі симпозиумы (CASIE-2016) өтті.
Орталық Азия мемлекеттерінің білім беру жүйесі аймақтардың жылдам дамып отырған экономикаларының сұраныстарына сай іс-әрекеттер жасап отыр. Бұл оқушылардың ХХІ ғасырда қажет болып отырған дағдыларды игеруін және Орталық Азия елдерінде көптеген мүмкіндіктерді іске асыру мақсатында мектеп түлектеріне жағдай жасау қажеттігін туғызуда.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру, білім беру мен кәсіптік даярлау сапасын өсіру, сондай-ақ, жылдам икемделетін еңбек нарығы мен тиісті білім беру және кадрлар даярлау секторын құру сияқты өзекті мәселелерді шешуге, сондай-ақ, білім беру жүйелерін жетілдіруге айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Аталған симпозиумның күн тәртібіндегі негізгі мәселе осы әлеуетті ашу жолдарын айқындау болмақ.
Орталық Азияның көптеген елдерінде халықтың сауаттылық деңгейі айтарлықтай жоғары, бастауыш және орта білім беру деңгейі де жоғары, сондай-ақ, гендерлік теңдік қамтамасыз етілген. Аймақта трансформациялық үдерістер мен экономиканы әртараптандыру орын алуда. Орталық Азия халқының басым көпшілігі ауыл тұрғындары, олар жұмыс әлеміне тиісті даярлық жасау мүмкіндігін иелене бермейді, бұл елдердегі жастардың арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейде болып отырғанының бірден-бір себебі осы.
CASIE мақсаты – осы артта қалушылықты қысқартып, еңбек нарығының мұқтаждықтарына қарай білімді барынша қолжетімді етіп, кәсіптік дағдыларды дамытумен неғұрлым тығыз байланыстыруға АКТ қалай жәрдем бере алатынын зерттеу. Симпозиум жастардың кәсіптік білімін қолдау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дамуының бірқатар маңызды аспектілерін қарастыруға бағытталған. Соның ішінде: баршаға ашық, икемді және алуан түрлі оқу мүмкіндіктерін жасау, оқытудың іс жүзіндегі тәжірибесіне қолдау көрсету, ақпараттық білімді нығайту және оқуды еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу саясатын дамыту, АКТ-ды білім беру және оқу саласына барынша терең кіріктіру бағытындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
АКТ-ды табысты түрде ендіріп, қолдану үшін үкіметтердің, білім беру саласындағы әріптестер мен осы саладағы барлық мүдделі тараптардың арасында берік әріптестік қатынастар орнату қажет. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіне сай АКТ әлеуетін толық ашу үшін қажетті материалдық қорды қамтамасыз ету үшін инновациялық тетіктерді пайдалану керек. Осыған байланысты CASIE-2016 симпозиумында жергілікті және халықаралық ұйымдар осы аймақта және одан тысқары жерлерде кәсіптік-техникалық білім беру саласында ақпарат тарату, ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу үшін өз жобалары мен ресурстарын көрсететін көрме ұйымдастырды.
Симпозиум шеңберінде 6 елден (Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстаннан) келген 60-тан аса маман бірлескен талқылау жасауға шақырылды. CASIE-2016 қатысушылары Орталық Азия елдерінің кәсіптік-техникалық білім беру саласында АКТ-ды пайдалану дағдыларын дамытудағы проблемалар мен үрдістердің ахуалы туралы шолу дайындап, аймақта және одан тысқары жерлерде оны қолдану тәжірибесін жинақтап, бұдан кейінгі жұмысты жүргізу үшін ұсыныс-кеңестер әзірлеуі және жаңа ынтымақтастық жоспарларын құруы тиіс.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист