Бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті қалашығының жобасы сонау жетпісінші жылдардың (ол кезде КазГУград) бас кезінде жасалған. Сол кезде кеңестік ұлттық республикалар арасында ешқандай баламасы болмаған бұл жарқын жобаның авторы, сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбеков еді. Ал бұл қалашықта 1975 жылы пайдалануға берілген тұңғыш нысан журналистика факультетінің жатақханасы болатын.
КазГУ-дің қалашығы кейін өзге факультеттердің жатақханаларымен және оқу ғимараттарымен толыға түсті. Жетпісінші-сексенінші жылдардың жастары мен студенттері мамандықтары мен факультеттерінің әртүрлі болғанына қарамастан, бір-бірімен мидай араласып жататын. Бір-бірімен тез танысып, тез табысатын. Мұндай әдет, әсіресе, қалашықтағы жатақханада тұратын студенттерге көбірек тән болатын. Сондай кезде біздің танысып, кейіннен жақсы дос, жолдас болып кеткен замандасымыз – оныншы жатақханада тұратын заң факультетінің студенті Мақсұтхан Ахметов еді.
Сол кезде-ақ тау қозғалса қозғалмайтын, салмақты, орнықты мінезді, дос-жолдастарына деген кеңпейіл көңілі мен достыққа адалдығы оның адамгершілік бейнесін тұғырландыра түсетінін байқайтынбыз. Қазақ поэзиясының патриархы, марқұм Қадыр Мырза Әлі бір өлеңін былайша өрнектепті: «О бастан-ақ жарат, мейлің, жаратпа, Бал қоссаң да бармайды аузым шарапқа. Сері болып құмартпадым шылымға, Сұлуларға жоқ едім мен бұрын да». Міне, осы Қадекең айтқандай, Мақсұтхан арақ-шарапқа да, шылымға да әуес болмады. Керісінше, ашығын айтқанда, ол кездің студенттері ыңғайы келіп тұрғанда бірер саптыаяқ сыраны сіміре салудан бас тартпайтын. Ол уақытының денін Пушкин кітапханасында, қала берді университеттің спорт залында өткізетін. Ақ тер, көк тер болып ауыр атлетиканың патшасы – зіл темір көтерумен шұғылданып, спорттың бұл түрі бойынша тәп-тәуір нәтижеге жеткені де ұмытыла қойған жоқ.
Ол бес жыл бойы оныншы жатақханадағы студенттік кеңестің төрағасы болды. Бесінші мен оныншы жатақхананың арасы таяқ тастамдай ғана. Екеуінің арасын сайға түскендей төменде жатқан жаяу жол ғана бөліп тұратын. Біздің байқағанымыз, ол бұл қоғамдық жұмысында өзін жатақханада тұратындарға сыйлаттыра білгендігі. Біреумен артық-ауыз сөзге келіп керілдесіп тұрғанын естімеппіз де, көрмеппіз де. Керісінше заманы бір, жастары қатарлас жоғары және төменгі курс студенттері оның айтқанын жерге тастамайтынына да талай мәрте куә болғанбыз.
Қалашықтағы жатақханалардың секциялық бөлігі екі және үш адамдық орындардан тұратын. Олар үшеу еді. Біріншісі – бүгінгі кейіпкеріміз Мақсұтхан Ахметов, жоғарыда айтылғандай, жатақханадағы студенттік кеңестің төрағасы болса, екіншісі – Сәрсенбай Дәулетов жетпісінші жылдардың студенттерін тәртіпке бағыттай білген жедел комсомол дружинасының командирі. Осынау қоғамдық студенттік құрылым кезінде ОКД деген атпен кең танымал болды. Үшіншісі – дос-жолдастары арасында әзіл-қалжыңы жарасқан, көңілі қашанда ашық-жарқын, кім-кімді де жатырқамай бауырына тарта білетін болашақ заңгер Бақтияр Баймурзин болатын. Ол өзін төраға мен командирдің ортасындағы «жайын жаспын» деп атайтын. Бізді Көкшетаудың сырбаз жігіті Мақсұтханмен таныстырған да осы оралдық жігіт Бақтияр еді.
Мақсұтхан Ахметовтың бойындағы тапсырылған іске деген жауапкершілік, өзінің болашақ мамандығына деген адалдық, табандылық пен тындырымдылық, айтқан сөзінде тұра білу секілді биік адамгершілік қасиеттер студенттік кезде толық қалыптасып үлгерген. 1982 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтағаннан кейін ол жас маман ретінде өзінің «Кербез сұлу – Көкшетауына» қарай бағыт алды. Ол мұнда прокуратура, сот органдарына қызметке орналасқаннан кейін өз мамандығын қолдың бес саусағындай жетік меңгерген, кәсіби деңгейі терең, біліктілігі жоғары заңгер ретінде көрсете білгенін, үздік судья атанғанын естіп жүрдік.
Мақсұтханның жетістіктеріне өз жетістігіміздей қуандық. Ол Шортанды аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған кезде құттықтап, шынайы достық көңіліміз бен пейілімізді білдірдік. Ол бұған балаша қуанып, ризашылығын жеткізді. Мақсұтхан Сәлімұлы бүгінде Ақмола облысындағы Степногорск қалалық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүр. Ол қай кезде де, қандай жағдайда да азаматтық биіктен аласарып көрген жоқ. Кербез сұлу Көкшетаудың табиғаты тамаша, атауы да айырықша Көрнекті деген ауылында туып-өскен, бір кездегі студенттік дос бүгінгі күні республикамыздағы сот жүйесінің белді бір өкілі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: Мақсұтхан Ахметов