02 Шілде, 2016

Үнқатысудың үлгілі үрдісі

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік сарайыКеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында жыл сайын өткізілетін Қазақстан халқының достық фестивалі аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім іс-шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) ұлттық-мәдени бірлестіктерінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлем. XXI ғасыр»: АӨСШК елдері ынтымақтастығының жаңа белестері» тақырыбындағы азаматтық форумы болды. Оған шетелдің 25-тен астам елшілік­терінің өкілдері, қоғам қайраткер­лері, отандық және шетелдік ғалым­дар, Парламент депутаттары мен мемлек­ет­тік қызметшілер, ғылыми және шығар­ма­шылық қауым, Ассамблея және этно­мәдени бірлестіктер мүшелері қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шараны ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов әлем қазіргідей құбылмалы күйде тұрғанда «тұрақты және қауіпсіз өмір кешу» әрбір азаматты толғандыратын мәселе болып қала беретініне, бұл ретте, қоғамдық келісімнің де бағасы күн өткен сайын арта түсетініне тоқталды. Бұл орайда, ол осындай маңызды жиындардың алар орнының айрықша болатынын атап өтті. Ералы Лұқпанұлынан кейін сөз алған Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы: «Қазіргі таң­да өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойын­ша АӨСШК-ге мүше елдердің ойлас­тырылған, келісілген және үйлескен іс-қимылын еселеудің қажеттілігі артып келеді. Жаһандану заманында «Әлем. XXI ғасыр» манифесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы құжатына айналды. Сон­дықтан, ол біздің өңіріміздегі бейбіт­шілікті сақтаудағы басты бағыт-бағ­дарымыздың біріне айналуы мүмкін. Бүгін­де қоғамдағы этносаралық келі­сім­ді сақтау бағытында қызмет етіп жат­қан бірегей институт – ол Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ол Қазақстандағы өзара түсіністік және келісім секілді ұстанымдарды басшылыққа ала отырып, елдегі татулықтың нығаюына үлес қо­сып келеді. Этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімді сақтау мәсе­ле­сі еліміз саясатының негізгі басым­дық­тары­ның бірі болған және болып қала береді де. Ендеше, бейбітшілік пен келісімді сақтауда АӨСШК мүше­лерінің тәжірибесі өңірлік, сондай-ақ, жаһандық ауқымдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолын­дағы қадамдарды нығайта түсу­ге сеп болады деп ойлай­мыз», – деді. АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры, ҚХР елшісі Гун Цзяньвэй өз сөзінде бұл форумның Азиядағы тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бей­бітшілікті сақтау бағытындағы әріп­тес­тікті бекемдеудегі рөліне тоқталып өтті. Бұл ретте: «АӨСШК-ге мүше ел­дер Азиядағы бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікке тек үнқатысу мен ықпалдасу жолдары арқылы ғана қол жеткізу мүмкін екенін біледі. Осыған орай, АӨСШК Хатшылығы Қазақстан халқы Ассамблеясымен одан әрі белсенді ынтымақтастық орнату қажеттілігін түсінеді. Бұл біздің ортақ мақсат-міндеттерімізді жүзеге асыру үшін де керек», – деген ол 2014 жылы қол қойыл­ған Өзара түсіністік туралы мемо­рандумға сәйкес, АӨСШК мен ҚХА өзара үйлестіру, кеңес беру, ақпараттар мен құжаттар алмасу, іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқанын мысалға келтірді. Ал Қырғызстан халқы Ассамблеясы­ның төрағасы Токтокучук Мамытов жаһан­дану заманы алға тартатын қиын­дық­тардың алдын алу және оларға қарсы тұруда бірлесе күш біріктірудің қажеттілігі мен маңызы мезгіл өткен сайын жаңаша сипат алып келе жатқанын тілге тиек етті. «Бұл орайда, адамзат алдын­да тұрған «Біз қайда бағыт алып бара­мыз?» секілді сауалдарға жауап іздеу­де мұндай форумдардың рөлі айрық­ша деп ойлаймын», – деді Т.Мамытов өз сөзінде. Парламент Сенатының депутаты, Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қо­ғам­дық кеңестің төрайымы Бір­ға­ным Әйтімова Қазақстан халқы Ассам­­­блеясының дінаралық, конфес­сия­аралық, этносаралық түсіністікті қалып­тастыру және нығайту бағы­тын­­дағы, ал АӨСШК-нің тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті сақтау мақсатындағы жұ­мыс­тарына сәттілік тілесе, Халық­ара­­лық түркі академиясы жанындағы Тіл және тер­минология орталығының дирек­торы, ҚХА мүшесі Әділ Ахметов: «Қазақ­стан­ның бүкіл әлемге үлгі болар жоба­сының бірі, бірі ғана емес, бірегейі өткен жылы 20 жылдығын атап өткен этнос­аралық сыйластықтың символы – Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін ерекше атап айтқым келеді», – деді өзінің сөзінде. Жалпы, бұл күнгі форумның көз­деген мақсаты жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға және қазақстандық бірегей­ліктің қалыптасуына, этномә­дени бірлестіктер өкілдері мен қоғам­дық келісім кеңестері мүшелерінің қоғамды жаңғыру үдерістеріне қаты­суын жандандыруға ықпал ету болды. Сондықтан, «АӨСШК: XXI ғасыр­дағы бейбітшілік пен келісімнің жасам­паз институты» және «АӨСШК ел­дерінің этномәдени бірлестіктері – ынт­ымақтастық пен достық көпірлері» тақырыптары бойынша өткен панельдік отырыстар барысында осы мәселелер кеңінен қозғалды. Жиын соңында АӨСШК елдерінде этносаралық және мәдениетаралық үнқатысу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, ынтымақтастықты нығайту бойынша біріктіруші алаңдар мен азаматтық институттар құру жөнін­де ұсынымдар әзірленді. Сонымен қатар, форумның қорытынды құжаты – қарар қабылданды. Іс-шара аясында «XXI ғасыр: қазақ­с­тандық бейбітшілік пен жасам­паз­дық бастамалары» тақырыбын­да кі­тап көрмесі, Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Үлкен ел – Үлкен от­басы» тақырыптық фотокөрме­сі, Қаза­қ­­стан Президенті мұраға­ты­ның мате­риалдары бойынша «Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы: Тәуелсіздік. Бей­бітшілік. Келісім» тақырыбын­да тарихи-деректемелік көрме, «Қазақстан халқының ерте­гілер әлемі» тақырыбында ҚХА-ның жаңа басылымының көрме-таныс­тырылымы өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»