Кеше басталып кеткен елорда тойының ең қызықты бағдарламасына баланатын «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалін тамашалау барысында көңіл тебірентерлік талай тағылымды көріністердің куәсі болдық.
«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының оң қапталын ала қоныс тепкен экзотикалық этноауылға аяқ басқаннан-ақ ертегі әлеміне енгендей ежелгі заман елестеріне елітіп, ерекше күйге бөлендік. Ортасында еңселі орда орнаған ақшаңқан киіз үйлердің айналасы абыр-сабыр. Асатаяқты ақсақалдар, кимешегі қарқарадай кейуаналар, қырмызыдай құлпырған қыз-қырқын, желіккен жігіт-желең, бәрі осында. Бес қаруын беліне байлаған батырлар жүр балпақ-балпаң басып. Екі метрден асатын еңсегей бойлы ерлерді екі күннің бірінде көре бермейтін былайғы жұрт олармен бірге суретке түсіп әлек. Естері кіргеннен атыс-шабыс кинолардың атышулы кейіпкерлеріне еліктейтін қарадомалақтарымыздың бетін бері қаратуға септігін тигізіп жатса болғаны да мұндай баһадүрлер байқауының.
Қай жаққа қарасаңыз да қайнаған қызу еңбек, арқа-жарқа ағайын, ырду-дырду той-думан... Анау тұста алаша тоқып, текемет басқан әйелдер. Мына бұрышта ұршықтарымен жіп иіріп, жүн сабаған жеңгейлер. Әнебір жерде қыштан құмыра құйып, сақина соққан, қылпытып қылыш қайрап, домбыраның шанағын «домалатқан» қолөнер шеберлері отыр жандарына талапты жастарды жинап алып. Жөн-ақ. Алдыңғы буын ағалар кейінгі толқын інілерді осылайша үйретпесе әріден тартылған алтын арқаудың үзіліп қалуы оп-оңай. Сондықтан жақсы дәстүр жалғасса игі.
Қара қайысты күміспен күптеп өмілдірік, құйысқан түйіп, айшықты ат әбзелдерін жасаған, таспа тіліп, қамшы өріп, ертоқым құрастырған жігіт ағасын аз-кем әңгімеге тарттық.
– Аты-жөнім Жанболат Сүйімбай. Киелі Түркістаннан келдім. Басты мақсатым – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ізімізді басқысы келетін інілерімізге біліктілік дәрістерін беру. Мәселен, мынау құранды ер өзіміздің өңірде өсетін көкталдан істелінген. Қаңқасы түйенің мойнақ терісімен қапталған. Одан әрі тапсырыс иесінің талғамына және қалтасына қарай әшекейленіп, қажетті қалыпқа келтіріледі. Әкем Тасболат марқұм кәделі кәсіпке бала күнімнен баулыды. Бүгінде бұл отбасымның күнкөріс көзіне айналды. Көркемдеу жұмыстарына келіншегім Гүлзира көмектеседі. Он бес жылдан бергі көрген-баққаным осы. Бірсыпыра республикалық, халықаралық көрмелерге қатыстым. Былтыр бір айдан астам уақыт Абу-Даби қаласында болдым. Шейхтардың шақыруымен барған соң барымды салып бақтым. Арабтың шалдары мұңдарын шағып, өздерінде бұл өнердің жоғалып кеткеніне кейістік білдірді. Айтуларына қарағанда, арғымақтарын америкалық ковбойлардың ер-тұрмандарымен жабулайтын көрінеді. Бауырым Есболат, балам Рамазан, шәкірттерім Бексұлтан мен Нұрсұлтан бәріміз тұтынушыларымыздың талап-тілектерін тап-тұйнақтай орындауға тырысамыз, – дейді ол бізге ағынан жарылып,
Қаз-қатар жайғасқан ісмерлердің арасынан асқан ыждағаттылықпен кесте тігуге кіріскен апайдың епті қимылына еріксіз назар аудардық. Амандық сұрасып, анықтағанымыз, шыт-шыбырдың шырайын кіргізген кестешіміз Қытай Халық Республикасының Шыңжаң аймағынан атажұртына аңсап жеткен Күлия Қасенқызы екен. Қолындағы бізімен қолайын тауып тұскиіздің бетін тұтасымен түрлендіріп тастапты.
Білуімізше, тұскиіздер бұрын жаңадан түскен келіндердің жаурамауы үшін төсектің ірге жағына ұсталынса, кейіннен келістіре өрнектеп төрге ілетін үрдіс қалыптасқан. Қазір оны қала түгіл ауылдағы үйлерден көрмейтін жағдайға жеттік.
Оңтүстікқазақстандық Меңшәріп Дәурен қарағаштың діңінен жонып алған қобызын сөреге қойыпты. Киелі аспапқа көбінесе музыка мамандары қолқа салатын сияқты. Ара-тұра бақсылар сұрайды. Әйтеуір әр тараптағы әлеуметтің қажетіне жарап тұрғаны сөзсіз.
Астаналық атақты қолөнерші Берік Әлібай өзінің осынау үлкен жәрмеңкеден тыс қалғанын базына қылып жеткізді: «Маған ешкім хабарласпады. Әйтпесе әкелетін заттарым жеткілікті еді. Әйтсе де әлдекімдердің жіберген «әттеген-айына» өкпелеп жатып алмай, алыстан-жақыннан атбасын бұрған әріптестерімнің базарлығын байқап шығуды жөн санадым».
Ажарлы-базарлы ауылды аралағанымызда қолына қыран қондырған жігіттің айналасына жиналып қалған қалың қауымды аңғардық. Үлкен-кіші үздігіп түз құсына құмарлана қарайды. Соны сезген қарағандылық құсбегі Серік Әбдіразақ бүркіт баптаудың әдіс-тәсілдері төңірегінде шетжағалап сыр шертіп қояды: «Ақсу-Аюлының азаматымын. Құс салып, тазы жүгіртіп саят құрғаныма жеті жылдан асты. Әкеміз бастап, үй-ішімізбен тегіс ата-салтымызды ардақтаймыз. Қарындасым Мақпал Қазақстанның түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған «Салбурын» бәйгелерінде сан мәрте олжа салып жүрген кәнігі бүркітші. Томағасы сыпырылмай торыққан мынау «Сарыарқам» төрт рет қасқырға түсіп, қанжығамды майлаған сайыпқыран», деп жымың-жымың етеді сабазың мақтанышын жасыра алмай.
Арнайы бөлінген алаңқайда ат ойнатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов жетекшілік ететін әйгілі «Номад» каскадерлер тобының өнеріне қошеметпен қол соқпағандар кемде-кем. Өзіміздің «Қазақфильмнің» «Көшпенділерінен» бастап Ресей, Голливуд, Боливудтың кинотуындыларында көрерменнің көздерін шарасынан талай шығара жаздаған шытырман трюктердің авторы атанған аса әбжіл шабандоздар бұл жолы да аянып қалған жоқ. Астарындағы арғымақтары да ауыздықтарымен алысқанмен тақымы тастай берік иелерінің әмірін екі етпейді. Ақмылтық ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Эпосы, эпопеясы қыраттарымның, тұяқтарымен жазылған пырақтарымның», деп ағыл-тегіл жырлағанындай жылқыны жанындай жақсы көрмейтін, қырдан қиқу шықса қаны қызбайтын қазақ бар ма?! Осы ойымыздың айғағындай «Көкпар», «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Жамбы ату» секілді ұлттық ойындардан көрсетілген шоу әркімге ұмытылмастай әсер сыйлады.
Құмырсқаның илеуіндей құжынаған қалашықта бүгінде ұмытыңқырап кеткен кейбір салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұмырыптарымызбен қайта қауышқанымыз қандай ғанибет. Көшпелі музейлерге бас сұқсаңыз, атақты реставратор Қырым Алтынбеков қайта қалпына келтірген «Алтын адам», «Сармат жауынгері» сынды көне жәдігерлерімізді көріп, баяғыда бақуатты өмір сүрген бабаларымыздың бай мұраларымен танысасыз. Ерте, ерте, ертеде ата-бабаларымыз қандай болғанын білгісі келген жандардың «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты фестивальдің аясындағы мәдени шараларды бір көріп кеткенін қалар едік.
Мұнда енді екі-үш күн бойы елордалықтар мен қала қонақтарын алты Алашқа мәшһүр әнші, күйші, бишілер, этнографиялық топтар сахна төрінен сазды сәлем жолдамақ.
Ендеше, ен жайлау – Есіл жұртқа көшіп келген ежелгі дәуір ғажайыптарымен дидарласуға асығайық!
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»