Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, Мәңгілік Ел орнатудың амалдарын жүзеге асырып келеді. Соның бірі – астананы Арқаға көшіру. Қызығынан қиындығы көп сол кездері бас қаланы көшіру ол кезде ақылға да сыя бермейтін, қиялға да келмейтін теңдесі жоқ ерлік еді. Астана бүгінде Отанымыздың орталығына орналасқан темірқазық жұлдызына, жаңарған Қазақ елінің інжу-маржанына, қасиетті бойтұмарына, ұлан-байтақ даламызға қан жүгіртетін, жан бітіретін күретамырына, ел сүйсінетін игілік мекеніне айналды.
Астанасына қарап елін таниды. Ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнады. Мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебі қалыптасты. Жас та, жасамыс та анық білетін ақиқат осы.
Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ол – ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан әлемдік құбылыс. Ол – арман, татулығы, береке-бірлігі жарасқан мәңгі ел орнатудың идеясы. Қытайлар өзін Аспанасты еліміз дейді, яғни аспан асты, жер үсті еліміз деп отыр, Жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді, біз – Ұлы Дала еліміз.
Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін күш – идея, идеология. Идеология дегеніміз – сол елдің бағдаршамы, адастырмайтын компасы. Мәңгілік Ел – өміршең идея. Осындай ел орнату үшін алдымен жердің тұтастығы, елдің ынтымағы керек, ата тарихын ұрпақ санасына сіңіру керек, Ұлы Даланың тарихын сол Ұлы Даланың ұлы тұлғаларынан алып жазу керек.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында, яғни биылғы 26 сәуірде өткен ҚХА-ның кезекті ХХIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қабылданды. Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлылық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік, бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан.
Біз Мәңгілік Елдің мызғымас жеті тұғыры:
бұл – Тәуелсіздік және Астана;
бұл – жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім;
бұл – Зайырлы мемлекет және жоғары руханият;
бұл – инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім;
бұл – жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы;
бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы;
бұл – ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпыәлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Міне, бұл – біздің ғасырлар тереңінен тамыр тартқан өміріміз, арманымыз, еңбегіміз, мақсатымыз. Мәңгілік Ел бір күнде орнай қалмайды. Ол науқаншылықпен, жарлықпен, бұйрықпен орнамайды, ғасырлар бойы қалыптасады. Сол себепті, Мәңгілік Ел идеясын өткінші науқанға айналдырмау керек. Бұл идеяны ұлттың дүниетанымына, санасына сіңіру керек. Өйткені, ол – терең толғанатын, ұғына білетін, оқумен келетін ұлы құбылыс.
Осылайша еліміздің жаңа тарихын жазудың зор жауапкершілігі біздің үлесімізге тигенін, шын мәнінде, риясыз көңілден мақтаныш етуге тиіспіз. Алуан ұлт өкілдері бір ел, бір тағдыр жолында әманда бірге болуы керек. Тарихтың бұйрығы, ата-бабаларымыздың аманаты бұл. Мемлекетімізге қорған болып, еңбексүйгіштікке толайым бет бұрып, алға басуға тиіспіз. Оттан да ыстық Отанымызды, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғауға міндеттіміз. Бақыттың бұйыруы деген сол.
Борис ХОРОШКИН,
еңбек ардагері, «Радуга» славян мәдени бірлестігінің мүшесі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы