Ұлыбританияның Еуроодақтан ат құйрығын үзгісі келетіні туралы ниеті кеше мен бүгін аяқ астынан пайда бола салған жоқ. Сондықтан бұл жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдануының өзі табиғи нәрсе тәрізді көрінді. Бірақ соңғы сәтке дейін ешкімнің де оның қорытындысы осы бастаманы көтерушілердің қалағанындай болып шешіледі деп күтпегені анық.
Алайда, мұның сенімсіз алмағайып тірлік екені әу бастан белгілі еді. Бұған тәуекел еткен елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон кейін өзін үлкен ұятқа қалдыратын шараға қадам басқанын кеш сезінген сыңайлы. Айналып келгенде, ойланбай жасалған осы қадам Британия үкіметі басшысының саяси мансабының да түбін шешіп кеткелі отыр. Енді алдағы күзде оның бұл билік тізгінінен айырылғалы тұрғаны ешкімге де жұмбақ болмай қалды. Ал Кэмеронды ақыл-парасатпен астаспаған мұндай көзсіз тәуекелге апарған оның өзін соңынан жұртты ерте алатын қабілеті күшті көшбасшы етіп көрсеткісі келген пенделік пейілі еді. Ол, сөз жоқ, көптің зор қолдауын алып, өз беделімен сайлаушылардың басым даусын жиып алатынына сенімді болған. Әйткенмен, мүмкіндігін асыра бағалап жіберген екен. Осы арқылы шын мәнінде салиқалы себеп пен парасатты пайымнан гөрі эмоциялық-пафостық патетикаға көбірек жүгінетін даурықпа популист, екенін көрсетіп алды.
Әйтпесе, британ қоғамы Еуропа одағына сын көзімен қарайтынын баяғыдан бері білдіріп келе жатқан еді. Мұндай көзқарас, әсіресе, 2004 жылы Еуроодақ кеңейтілгеннен кейін жүдә күшейе түсті. Британиялықтар сол сәттен бері одаққа қатысты нәрселерді түгел сынай бастады. Одаққа кіргелі тәкаппар Еуропаның төрешілдігіне тап келген олар енді өз шенеуніктеріне бұрынғысынша ықпал жасаудан қалғандарын, бұлардың өздерінен гөрі Брюссель әкімдеріне көбірек құлақ асатындарын мойындай алмады. Бұл көп жылдық парламенттік демократиясының тарихы қалыптасып қалған ел үшін ақылға сыйымсыз нәрсе болып көрінді.
Осы тұста Кэмерон өзін жұртқа өздігінше шешім қабылдай алатын көрнекті тұлға етіп көрсеткісі келді. Сонымен, бір мезгілде ол Брюссельді ашықтан-ашық бопсалау жолына түсіп, Ұлыбританияға ЕО шеңберінде ерекше мәртебе беру мәселесі төңірегінде саудаласуға кірісіп кетті. Осы арқылы жұрт назарын өзіне көбірек аударып, елдің Еуроодақтағы мүшелігі статусын сақтап қалуға үміт артты. Бірақ британиялықтар оның бұл тыраштанған әрекетіне көзінің қиығын да салған жоқ. Сол кезде премьер-министр мен оның жақтастары әр сауалдама сайын қайда бұрыларын білмей жүрген 10 пайыздан 20 пайызға дейінгі аралықтағы «адасқан топты» өздеріне қарай тартып алуға күш салып бақты. Бірақ аталмыш топпен жұмыс жасауда пәлендей бір тапқырлық та көрсете алмады. Мұның орнына Дэвид Кэмерон: «Brexit, бәлкім, Путинді бақытты ететін шығар», деген сияқты кекесінді-келемежді пікір айтып, бұл іске титтей де қатысы жоқ, адамды ауызға алып, өзін салиқалы саясаткерден гөрі ауыл-үйдің жел сөзіне бейім бозбаланың кейпінде көрсетіп алды. Ал сарапшылар расында қазір оның терең саясаттың, білікті білгірліктің адамы емес, әлдекімдерге арқа сүйеп, айбат көрсетуге қайыл, тұлға екенін жарыса айтысып жатыр. Бұл ретте олар Британия үкіметі басшысын кезінде олақтығы мен өз құнын білмегендіктен, Кеңес Одағын кенеттен таратып алған Михаил Горбачевке қатты ұқсатып отыр.
Билік басында қайткенде де ұзақтау уақыт болуды көксеген Кэмерон сол бір сын сағаттары соғып тұрған күндерде өз халқына үндеу арнады. Мұнда оның «мен егер британиялықтарға референдум жолымен өз пікірлерін білдірулері мүмкіндігін жасап берсем, олар менің осы ниетімді дұрыс түсініп, өзіме қолдау көрсетеді, сөйтіп, одақта қалу жағына дауыс береді, осылайша ымыраластықтың ақылға қонымды саясаты арқылы Лондонның мүддесі мен еуропалық демократизмнің қағидаттары да сақталып қалады», деген ойда болғаны анық байқалады. Алайда, баяғы Горбачев сияқты ол да өз жұртының жан дүниесін жете білмейді екен. Британиялықтардың жер бетінде өзгеше жұмақ аумақ орнатып беруге уәде еткеннен танбайтын бірлескен Еуропаға, барлық саяси партияларға қатысты нәрселердің бәрінен баяғыдан бері әбден жалығып біткені оған мәлім болмай шықты. Ал шын мәнінде, мұның бәрі жылдан-жылға халықты кедейлендіріп, ұлтты қорлауға алып бара жатыр еді. Бұған бір дәлел, Британия өзі Еуроодаққа мүше болған 1973 жылдан 2015 жылға дейін оған 3,5 триллион фунт стерлинг төлеп, аймақтық субсидия түрінде кері қарай бар-жоғы 170 миллион фунт қана қайтарып ала алған. Әлбетте, мұны Британия жұртшылығы сезбей қалмады. Ал Еуроодақ бұл жетімсіздіктің орнын ештеңемен толтыра алған жоқ. Мұның үстіне, Лондон одақтың басқа көптеген елдеріне қарағанда, өндірістік-қаржылық жағынан одан айтарлықтай тәуелсіз еді. Бұған ЕО-ға кірмесе де, әртүрлі интеграциялық жобалардан тыс қалмай келе жатқан, халқының бақуаттылығы тұрғысынан әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің сапынан орын алатын Норвегия мен Швейцарияның үлгісі Ұлыбритания халқына тыныштық бермеді. Оларды бәрінен де қатты қиналдырғаны Брюссельдің шектен тыс төрешілдігі, «өзімбілемдікке» салынатын өктемдігі болды. Мұның бәрінің соңынан бұларға көші-қон дағдарысы, босқындар проблемасы қосылып, шыдамның ақырғы шегін үзіп жіберді.
Осы орайда Ұлыбританияның да күні тарауға қарап келе жатқанын айтып жатқан жұрт аз емес. Бұған сайлау аяқталған бойда өз елінің тәуелсіздігі туралы референдум өткізетіндерін хабарлап үлгерген Шотландия мен өздерінің тарихи отаны – Ирландиямен қосылу мәселесін көтерген Солтүстік Ирландия мысалдары себеп болды. Егер дәл сондай дауыс беру тағы жүргізілер болса, шотланд жұрты мұның алдындағыға қарағанда, мәселені мүлдем басқаша шешіп алуы әбден мүмкін. Сол сияқты Белфастың да дауысы қатқыл шығуы ғажап емес. Мұның бәрі, әлбетте, Ұлыбритания аумағындағы бұл тарихи облыстар тұрғындарының Brexit-ке, яғни Британияның Еуропа одағынан бөлініп шығуына қарсы екендіктерінен туындап отыр.
Ал Британияда сайлау учаскелері жабылғасын екі сағаттан кейін: «Егер біз ЕО-дан кетіп қалсақ, не болады?» деген сауалды қоюшылардың қатары бірден 2,5 есеге дейін өсіп кеткен. Осы кезде көтерілген: «ЕО дегеніміз не?» деген сұраққа да одақты жақтаушылар нақты жауап бере алмады. Жалпы, Еуроодақ елдері қай-қайсысының азаматтары болсын, оның институттары жұмыстары жөнінде оншалықты терең біле бермейтіні байқалады. Соның ішінде ЕО-ға қашаннан үрке қарайтын британиялықтар өздерін ешқашан сол үлкен қауымдастықтың бір мүшесі ретінде сезіне алмаған екен. Мәселен, референдумға дейінгі жиналған қоғамдық пікір Альбион жері тұрғындарының 40 пайызы ғана өздерін Еуроодақ қауымына әйтеуір бір қатысы бар деп есептеген. Қалған 60 пайыз ЕО-ны оншалықты бір өзіне етене ұйым санамаған. Сарапшылар мұндай үрдістің Британияға ғана қатысты емес екенін де айта бастады. Бұдан бөлек, ЕО-ны насихаттап жүрген саясаткерлер мен бизнесмендердің өзі оның болашағына оншалықты бір табандылықпен сене бермейді. Тағы мынадай бір қызықты дерек: референдум науқаны кезінде Brexit-ке қарсылар оған 7 миллион фунт стерлинг қаржы жаратса, оны қолдайтындар нәбәрі 2 миллион фунт қана ақша жұмсаған. Осының өзі бар мәселені пұл шешпегенін, одақта қалғысы келгендер шығарған шығынның 3,5 есе көп болғанына қарамастан, олардың жеңіліс тауып қалғанын көрсетеді.
Келесі бір маңызды нәрсе, Ұлыбритания қазіргі таңда сауда саласында Еуроодақтан да гөрі Ұлттар достастығы елдерімен және АҚШ-пен көбірек ынтымақтас болып келеді. Соның негізінде британиялықтар Ұлттар достастығының бюджетіне ЕО-ға бергеннен екі есе көп қаржы төлеп тұрады. Бірақ соған қарамастан, бұл мөлшерді түсіріп, азайту жөнінде елде ешқашан мәселе көтерілген емес. Мәселен, Британия әлдебір мәселе жөнінде Еуроодақпен және Достастық құрамына кіретін әлдеқандай африкалық елмен қатар келіссөз жүргізіп жатса, Лондон қашаннан Еуроодақтағы емес, Достастықтағы әріптесі жағына шығып кетеді. Осының өзі Ұлыбританияның саяси амбициясы қайда екенін анық көрсетіп береді.
Біріккен корольдік осы тұста Азияға қарай бет бұрған халықаралық тренд көшінің де басында тұрғысы келеді. Ол Достастықтағы лидерлік рөлін енді сары құрлыққа да таратпақ мақсатты ұстанады. Британия АҚШ-пен ынтымақтастығы арқасында да өте көп пайда тауып отыр. Оған әзірге Еуропа рыногы да есігін айқара ашып тұрады. Осының бәрі арал-мемлекеттің жаңа әріптестер іздестіру бағытында әрекеттеріне біраз еркіндік береді. Ал алдағы болашақта Ұлыбританияға Еуроодақ пен жаңа рынок арасындағы алтын көпір, жалғастырушы желі болу бақыты да бұйыруы әбден мүмкін. Дегенмен, Лондонның Еуроодаққа қайта оралуы мәселесі жөніндегі әңгіменің басы ашық. Сарапшылардың бағамдарынша, бұл әзірге мүмкін емес. Қазіргі күндері елде Brexit-ке наразы жұрттың көптеген мың адамдық шерулері қайта-қайта өтіп жатқанына қарамастан, одаққа қайта қосылу жөнінде қайталама референдумның өту ықтималдылығы жоққа тән. Таяу жылдарда оның өте қоюы неғайбыл. Бұған керісінше, қазір Британияның жолын қуып, Еуроодақтан шығу жөнінде референдум өткізбек болып отырған біраз елдің қарасы топталып қалды. Олардың алғашқы қатарында Чехия, Венгрия, Грекия сияқты мемлекеттер аталып отыр. Бірақ арнайы шешім шықпағаннан кейін бұлардың осы жолды ұстанғанына бәс тігу қиын. Дегенмен, көптеген саясаткер Еуроодақ құрамынан Ұлыбританияның шығуы аталған одақтың ыдырауының басы болатынын алға тартады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»