Қазақстанның парламенттік делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Тбилисидегі сессиясына қатысты.
ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастықтың бағыттары, адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелер мен қатерлер, сондай-ақ, жаһандық көші-қон дағдарыстарын талқылауға арналған сессияға барған Қазақстан делегациясының құрамында сенаторлар Икрам Адырбеков, Ләззат Қиынов, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Светлана Бычкова және Жамбыл Ахметбеков болды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ЕҚЫҰ ПА Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі жалпы комитетінің отырысында сөз сөйледі. Сенатордың пікірінше, Таяу Шығыста және Оңтүстік Жерорта теңізіндегі жанжалдардың шиеленісуі, «ДАИШ» террористік ұйымының бүгінгі қанқұйлы әрекеттері жағдайында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық ерекше маңызды.
Депутат БҰҰ аясында барлық мемлекеттер үшін бірдей ережелер мен қағидаттар бойынша әрекет ететін, терроризм мен экстремизмге қарсы халықаралық іс-қимылдың бірегей әлемдік желісін құру туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын еске салды. Терроризммен жаппай күрес жөніндегі БҰҰ-ның құжаты ұсынылып отырған халықаралық тетіктің заңды негізі бола алады, деп атап өтті сенатор.
И.Адырбеков қатысушыларды биылғы 31 мамырда Астанада өткен, түрлі халықаралық ұйымдар мен көптеген елдердің депутаттары және сарапшылар қатысқан «Діндер – терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының қорытындыларымен таныстырды. «Біз ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберто Монтеллоға, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Кристин Муттоненге, Алан Нериге, Гили Церетелиге, сондай-ақ, біздің әріптестерге осы форумға белсенді қатысқаны және сындарлы сөздері мен ұсыныстары үшін алғыс айтамыз», деді И.Адырбеков.
«Хельсинки Қорытынды актісінде және Париж хартиясында бекітілген қағидалар еуропалық қауіпсіздіктің ортақ жүйесінің негізі болып табылады. Егер де қандай да бір күмән болса, біз 2010 жылғы – бар-жоғы бес жыл бұрынғы Астана Саммитінің декларациясын еске алуға тиіспіз. Біздің мемлекеттеріміз бен үкіметтеріміз басшыларының Астанадағы консенсусы негізінде келісілген, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығының ұйғарымдарын іске асыру бағытындағы жұмыстар біздің ортақ жоғары басымдығымыз болуы тиіс», делінген мәлімдемеде.
Сенатор, сондай-ақ, жиналғандарды 28 маусымда Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып басым дауыспен сайланғаны туралы хабардар етті. «Бізге 138 ел дауыс берді, осындай жоғары сенім білдіргендерге біздің алғысымыз шексіз. Біздің еліміз халықаралық қоғамдастықтағы өзекті мәселелерді талқылауға және шешуге белсенді қатысу үшін бар күшін салады», делінген Қазақстан делегациясының сөзінде.
Қазақстан делегациясының сөзінде, сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА және ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссияларына алғыс айтылды және еліміз қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес сайлау заңнамасын жетілдіру үдерістері жалғаса беретіні атап көрсетілді.
«Егемен-ақпарат»