Магистратура мен докторантураға түсу емтиханына арналған шет тілдері бойынша тест тапсырмаларының қорын қалыптастыру жолдары
Ғылым мен білімнің, ақпараттық технологиялардың толассыз дамыған заманында қоғам адамдардың жан-жақты болуын талап етеді. Осы бағытта тұлғаның жан-жақтылығын қалыптастырып, дамыту мақсатында бүкіл мүмкіндіктер қарастырылған әрі бұл мәселе барлық салалар үшін маңызды. Еліміз егемендік алып, дамудың жаңа бағытына көше бастаған кезден бастап бүгінгі күнге дейін барлық ғылым салалары бойынша дамуда. Жаһандық тәжірибеге сүйене отырып, білім беру үрдісінде де аталған мәселелер жыл сайын жаңартылып, толықтырылып келеді.
Жоғары білім беру жүйесі бойынша бакалавриатты аяқтаған тұлға өз білімін магистратура және докторантура бағыттарында жалғастыра алады. Магистратураға оқуға тапсыру үшін үміткер бакалавр академиялық дәрежесін иемденуі керек болса, докторантураға магистр академиялық дәрежесінің болуы қажет. Одан бөлек үміткерлерге қойылатын басты талап – шет тілін меңгеру. Оқуға түсуге ниет білдірген барлық үміткерлер өз таңдауы бойынша шет тілінен сынақ (бірінші кезең) тапсырады. Шет тілінен қажетті ұпай (балл) жинаған тестіленушілер екінші кезеңге жолдама алып, өзі оқуға ниет білдірген жоғары оқу орны дайындаған мамандықта емтихан тапсырады.
Шет тілі бойынша емтихан – магистратураға және докторантураға оқуға тапсырушылардың алғашқы сынағы. Бұл сынақ – талапкерлердің шет тілін меңгеру деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін, тест түрінде өткізілетін білімді тексеру жолы. Шет тілінен өткізілетін тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығында дайындалады.
Шет тілінен емтихан тапсырудың маңыздылығы ғылым тілін меңгерудің басты құралы болуынан көрінеді. Ғылымға келген тұлғаның шет тілін меңгеру қажеттілігі, алдымен, зерттеу жұмысына қажетті дереккөздерді анықтау кезеңімен байланысты. Ғылым белгілі бір елдің тілінде жазылған мәліметтерден бөлек, шетелдік ғылыми ақпаратты да пайдаланады, шет тілінде жазылған зерттеу жұмыстарын негіз етіп алады. Сонымен қатар, шетелдік ғылыми-зерттеу тағылымдамаларына қатысу және ғылыми конференция, симпозиумдарда баяндама оқу мүмкіндігіне қол жеткізген ізденушілер сол елдің тілінде сөйлей білуі керек, өзінің зерттеген мәселесін сол тілде қорғап шығуы керек.
Магистратураға немесе докторантураға оқуға тапсырушы талапкерлер (Қазақстан Республикасы азаматы) алдымен өз таңдауы бойынша шет тілінің бірінен – ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілінен емтихан тапсырады. Ал Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын тұлғалар шет тілі бойынша емтиханды қазақ тілі немесе орыс тілінен тапсырады. Көрсетілген бес тіл (ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, қазақ тілі, орыс тілі) бойынша тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығында құрастырылады. Аталған тілдерден басқа шет тілінен емтихан тапсыруға ұсыныс білдірілген жағдайда (мәселен, араб тілі, испан тілі, т.б.) үміткер құжат тапсырған ЖОО қабылдау комиссиясының қарастыруымен шешім қабылданады. Бұл шешім тестіленушінің өзі таңдап, ұсыныс білдірген шет тілі арқылы тест тапсыруына рұқсат берумен не ҰТО көрсеткен бес тілдің бірінен сынақ тапсырумен байланысты болады. Жалпыеуропалық стандартқа сай келетін шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық дәрежедегі сертификаттары бар ҚР азаматтары шет тілінен оқуға түсу емтиханынан босатылады.
Магистратура мен докторантураға оқуға түсу емтиханының бірінші кезеңі шет тілі негізінде тестілеу формасында өткізіледі. Тестілеу формасында өткізілетін шет тілін меңгеру деңгейін анықтап, бағалаудағы ең маңыздысы – шет тілдері бойынша өткізілетін тест тапсырмаларының қорын құрастыру. Тест тапсырмаларының сапасының, жалпы құрастырылуының белгіленген талаптарға сай болуы тестілеу нәтижесінің оң бағалануына ықпал етеді.
Магистратура мен докторантураға түсу емтихандарына арналған тест тапсырмаларының қорын құрастыру барысында тест сипаттамасын дайындау ерекше маңызға ие. Шет тілінен жасалатын тест сипаттамасында тест мазмұны мен жоспары, тест тапсырмасы мазмұнының сипаттамасы, тест тапсырмаларын орындаудың орташа уақыты, тестінің бір нұсқасындағы тапсырмалар саны, тест тапсырмаларының формасы, тест тапсырмаларының орындалуын бағалау және тест тапсырмаларын құрастыруға қажетті әдебиеттер тізімі көрсетіледі. Тест сипаттамасы Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған формада құрастырылады.
Тест сипаттамасы нақтыланғаннан кейін магистратура мен докторантураға түсуге арналған тест тапырмаларының әзірлемешілері мен сарапшылары бекітіледі. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне тән тест тапсырмаларын құрастырып, дайындау және оны сараптамадан өткізу үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының педагогикалық өтілі бар оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері арнайы шақырылады. Тест тапсырмаларын құрастыру және сараптамадан өткізу жұмыстарына өз саласын жетік меңгерген, теориялық әрі практикалық тәжірибесі мол, Қазақстанның ең үздік деген оқытушылары қатысады. Оқытушылар тізімін ЖОО ректорлары ұсынады, сол себепті кез келген оқытушы әзірлемеші не сарапшы бола алмайды.
Тест тапсырмаларын әзірлеу – тест тапсырмаларының негізгі қорын құрастырудың басты жолы. Тест тапсырмалары тест сипаттамасына сәйкес әзірленеді. Тест тапсырмаларын әзірлеу Ұлттық тестілеу орталығы немесе белгілі бір жоғары оқу орнының базасындағы ақпараттық қауіпсіздік шараларына толығымен сәйкес келетін компьютерлік сыныптарда ұйымдастырылады. Тест тапсырмаларын дайындау жұмыстарын еліміздегі ЖОО оқытушыларының ішінен арнайы іріктеліп, құрастырылған әзірлемешілер тобы атқарады. Әзірлемешілер тест тапсырмаларын құрастыру барысында «Әзірлемешілерге арналған нұсқаулық» пен «Тест сипаттамасын» негізге алады. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері әзірлемешілерге тест тапсырмаларын әзірлеуге қойылатын талаптар жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Шет тілінен өткізілетін тестілеу үш бөлімнен тұрады: «Тыңдалым», «Лексика-грамматикалық» және «Оқылым». Үш бөлім бойынша барлығы 100 сұрақ беріледі (мамандық бойынша өткізілетін екінші емтиханға өту үшін үміткер шет тілінен тиісті 50 балды жинау керек). Мұндағы әр бөлім тестіленушілердің тілді меңгеруін жан-жақты тексеріп, анықтауға арналған. «Тыңдалым» бөлімінде төрт аудиомәтін тыңдалады. Тестіленушілер сол аудиомәтінмен берілген тест сұрақтарына жауап береді. «Тыңдалым» бөлімі тестіленушілердің шет тілін сөйлеу тілі деңгейінде меңгеруін анықтауға арналған. «Лексика-грамматикалық» бөлімде теориялық мәліметтерге байланысты тест сұрақтары беріледі. Бұл бөлімде тестіленушінің шет тілі теориясын игеруі тексеріледі. Ал «Оқылым» бөлімінде де төрт мәтін беріліп, тест сұрақтары құрастырылады. Мұнда тестіленуші мәтіндерді өз бетімен оқып, түсінеді. «Оқылым» бөлімі басқа бөлімдермен салыстырғанда жеңіл болып келеді.
Тест тапсырмаларының қорын құруда әзірлемеден кейін құрастырылған тест тапсырмаларының сапасы мен дұрыстығын айқындауға арналған сараптама жұмыстары жүргізіледі. Әзірленген тест тапсырмаларын сараптамадан өткізудің мақсаты – тест тапсырмаларының сапалы әрі сауатты құрастырылуын, тест сипаттамасына сай келуін тексеру. Әзірлеме жұмысынан кейін оқытушылар құрамынан арнайы жасақталған топ мүшелері сараптама жұмысына қатысады. Әзірлемеден соң міндетті түрде екі сараптама жұмысы жүргізіледі. Сараптама жұмыстары ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келетін компьютерлік сыныптарда өткізіледі. Бірінші сараптама тест тапсырмалары мазмұнының айқын әрі нақты болуына, сөйлемнің стильдік дұрыс құрастырылуына, орфографиялық қателіктеріне байланысты жүргізіледі.
Бірінші сараптама нәтижесінде ұсынылған және түзетулер енгізілген тест тапсырмаларымен байқау тестілеуі (апробация) өткізіледі. Тестілеу нәтижесі есепке алына отырып, екінші сараптама жүргізіледі. Екінші сараптама жұмысында ескертпелері бар тест тапсырмаларына түзетулер жасалып, барлық талаптарға сәйкес келеді деп танылғандары тест тапсырмаларының қорына енгізіледі.
Магистратура мен докторантураға түсу емтиханына арналған шет тілдерінен тест тапсырмаларының қоры құрастырылып, мәліметтер базасына енгізілгеннен кейін барып емтиханға жіберіледі. Шет тілі бойынша өткізілетен емтиханның жалпы қорытындысы негізінде Республикалық апелляциялық комиссия (РАК) құрылады. РАК еліміздегі ЖОО қызмет ететін, педагогикалық еңбек өтілі бар әрі өз саласын жетік меңгерген мамандар тобынан құралады. РАК құрамының басты міндеті – шет тілінен тестілеу нәтижесінде тестіленуші тарапынан негізсіз, қате деп танылған сұрақтарды талқылау. РАК шешімімен ғана апелляцияға берілген тест сұрақтарына ұпай (балл) қосу не сол қалпында қалдыру мәселесі шешіледі. Жыл сайын қате деп танылған сұрақтар саны кеміп, тест тапсырмаларының қанағаттанарлық деңгейі артып келеді. Бұл – тест тапырмаларының сапалы құрастырылуының басты көрсеткіші.
Магистратура мен докторантураға түсу емтиханына арналған шет тілдерінен тест тапсырмаларын әзірлеу, сараптамадан өткізу, оларды түзету және тағы басқа рәсімдерін іске асыруда ақпараттық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.
Сонымен, жоғары білімнен кейінгі білім беруді дамытып, жетілдіру үшін магистратура мен докторантураға түсу емтихандарына арналған шет тілінен өткізілетін тестілеудің талапқа сай болуы үшін жоғарыда көрсетілген кезеңдер бойынша жүргізілетін жұмыстардың сапалы, нәтижелі болуы шарт. Сонда ғана тест тапсырмалары көпшіліктің теріс талқылауына ілікпей, оң нәтиже береді әрі тестіленушілердің де тілді меңгеру деңгейінің көрсеткіші артады.
Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК