09 Шілде, 2016

Медициналық сақтандыру

657 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Абай БайгенжинОның тиімділігі неде? «Бірінші байлық – денсаулық» екендігін бүгінде адамзат баласы жақсы түсінеді. Адамның алтынға айырбастамас құндылығы саналатын саулықтың қадірін ауырмай тұрып білгенге не жетсін? Бұл ретте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеудің ұзақ та саламатты өмір сүруге жағдай жасайтынын ескерсек, елімізде жаңадан енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандырудың осы мәселеде маңызы қандай деген сұрақ туындайды. Осыны білмек болып «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Абай БАЙГЕНЖИНГЕ бірнеше сауал қойған едік. – Абай Қабатайұлы, былтыр Парламент тарапынан «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заң мақұлданды. Жалпы алғанда, осы жүйе жайына кеңірек тоқталып өтсеңіз? – Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Өзіңіз қараңыз, арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады. Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәсе­леде қарапайым халыққа көптеген жағ­дай­ларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ. Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді. Ал оны жүргізу кезеңдеріне тоқталар болсақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі деп күтілуде. 2017 жылдан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2024 жылға қарай орташа айлық еңбекақының 7%-ын құрайтын болады. Ол бастапқыда 4%-бен басталса, одан арғы жылы 5%-ға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі алғашқыда 2%-ды құраса, 2020 жылы 5%-ға артатын болады. Бұл ретте 2020 жылға қарай кірісінің 7%-ын қорға аударып отыратындар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болмақ. – Бұл жүйе қарапайым халыққа не береді? – Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиация­ны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады деп көзделуде. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған. Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады. МӘМС-ды енгізумен ІЖӨ-ден денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығын пайызы өседі, бұл медициналық қызметтердің жоғары сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Қаржыландыру көздерінің әртараптандырылуы және қаржыландыру мөлшерінің көбеюі ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жету бойынша нақты іс-әрекеттермен жалпы мақсаттарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, азаматтардың жеке шығындары азаяды. Әдетте, бұл көрсеткіш денсаулық сақтаудың жалпы шығындары бойынша елімізде 35%-дан жоғары болса, ал ЭЫДҰ елдерінде 20% деңгейінде. Мұндай едәуір алшақтық шаруалардың денсаулық сақтау ісіне жұмсалатын шығындарын тым көбейтеді деуге болады. Дегенмен, осыған дейін көрініс алып келген дәрігерлерге «ризашылығын» білдіру үшін берілетін «бейресми төлемдер», медициналық көмекке өз қалтасынан төленетін қаражаттың кемитінін айта кеткен абзал. – Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін қандай жағдайлар қарастырылып отыр? – Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар мен ҰОС ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Соны­мен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген, т.б. азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған. Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұрса болғаны. – Өзіңіз айтып өткендей, дамыған елдердің бірқатары қолданатын бұл жүйенің біздің жас мемлекетіміздегі болашағын қалай бағамдап берер едіңіз? – Медициналық сақтандыру жүйесін енгізбес бұрын Бүкіләлемдік банк мамандарын тарта отырып, халықаралық тәжіри­бенің егжей-тегжейлі зерттелгенін айтып өтейін. Денсаулық сақтау жүйесіне медициналық сақтандыру мәселелерімен тікелей айналысқан тәуелсіз халықаралық сарапшылар тартылды. Еліміздегі МӘМС моделі классикалық германдық, Ресей Федерациясының, Литва және Батыс Еуропа елдері – Словакия, Чехия, Польша моделі тәжірибесінде құрылған. Бұл ретте еліміздің денсаулық сақтау саласындағы тың жүйе деп қарастыруға болатын медициналық сақтандырудың келешегі кемел деуге толық негіз бар. Осы арқылы болашақта сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артып, халық мұқтаждығына жауап бере алатындай денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, денсаулықты жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту секілді мәселелердің түйіні ағытылатын болады. Сонымен, медициналық көмекпен жан-жақты қамту жұмыстары қарқынды дамып, тұтыну мөлшерін теңдестіруге мүмкіндік беретін қаржылық тұрақты денсаулық сақтау жүйесі қалыптасатын болады. – Медициналық сақтандыруы бар азаматтар жекеменшік ауруханаларға барып емделе алады, бұл ретте мемлекеттік аурухана қызметтерінің де сапасы артып, бәсекелестік орнайды делінеді. – Дұрыс айтып отырсыз, осы жүйе арқылы жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады. Тек сол мекеме МӘМС жүйесінде жұмыс жасауы қажет. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттыратын болады. Себебі, медициналық сақтандырудың арқасында сол ауруханаларға қаржы түседі. Бұл үлкен бәсекелестік жағдайларды туғызады. – Еліміздегі медицина саласын дамыту және тұрғындардың денсаулық сақтаудағы мүмкіндіктерін молайту мақсатында жолға қойылып отырған жоғарыдағы жүйе біздің елде бұрын да алғаш қолданысқа енгізілмек болған. Бірақ... Бұдан бірнеше жыл бұрынғы сәтсіз тәжірибенің көптің көңіліне күдік келтіріп отырғанын да жасыра алмаймыз. – Ол кезеңде көптеген түйткілдер болды. Оны осы күнгі жүйемен салыстыруға болмас. Себебі, 1996-1998 жылдары ме­ди­циналық сақтандыру жүйесі қызметін тоқтатудың негізгі себебі кірістерді жинаудың жеткіліксіз деңгейі еді. Медициналық сақтандыру қорының өз міндеттерін атқаруына экономикалық дағдарыс кедергі болғанын атап өткен жөн. Мысалы, сол кезеңдерде көптеген кәсіпорындар үлкен қарыздары болғандықтан сақтандыру жарналарын төлей алмады, сақтандыру төлемдеріне заттай ақы төлеу жүйесін қолдануға мәжбүр болды. Және жеке кәсіпкерлер мен өз-өзін қамтамасыз етушілердің жарна төлеуге мүмкіндігі жетпеді. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың өсуі жергілікті бюджетке ауыр тиді. Жергілікті атқарушы органдардың белсенді емес халық үшін тиісті жарна деңгейін қамтамасыз етуге жағдайы болмады. Міне, осы секілді бірнеше факторлар жүйенің жұмысын жандандыруға кедергі болды. Ал бүгінгі таңдағы МӘМС жүйесінің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының құрылуында. Оның ұйымдастыру-құқықтық пішімі – коммерциялық емес, яғни акционерлік қоғам болып табылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі екендігін ескерте кетейін. Сонымен қатар, көптің көңіліндегі күдікті сейілту үшін айтар болсам, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақты­лы­ғын қам­тамасыз ететін бірнеше тетіктерді атауға болады. Жаңа айтып өткенімдей, бірінші кезекте ӘМСҚ қызметінің коммерциялық емес сипаты үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеліп отыр. Қорды басқаруға денсаулық сақтау саласында және басқа да салалардағы білікті сарапшылар тартылатын болады. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»