09 Шілде, 2016

Хат қоржын

441 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
i-1...қолдау көрсетеді Рухани азыққа қамқорлық Бүгінгі таңда тұрмысы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға елімізде сан түрлі шара жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осындай жарқын істер Ақжайық ауданы­ның Алғабас ауылында да аз емес. Қолдан келген көмекке аянбаудан, сауабы мол іске атсалысудан мысал жеткілікті. – Аудандық мәслихат депутаты, «Қадеш» шаруа қожа­лығының мүшесі Дарын Боран­баев табысы аз ағайынға рухани азықпен қамқорлық жасау­ды ұйғарды, –дейді Алға­бас ауылдық округі әкімі аппа­ратының жетекші маманы Ұлболсын Мұқаналиева. – Яғни, 7 отбасыны мемлекет­тік саясатты насихаттайтын басты басылым – «Егемен Қазақстанға» жазылымды хаттауға 25 мың теңге ақша­сын шығарды. Ауыл­дас­тарын газет-журналға жаздырту жө­нінде жанашырлық барлық жердегідей Алғабаста да аз емес. Болат ҚОСЖАНҰЛЫ  Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы  ...сенім артады Жол жөнделсе дейміз 1991 жылы Семей полигоны жабылған соң, Абыралы ауданы қайта құрылды. Ал 1992 жылы Елба­сы бекіткен «Семей ядро­лық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданды. Бүгінгі таңда Абыралы жұр­ты Үкі­меттің түрлі бағ­дар­лама­лары­­на байланысты қабылдаған жоба­лардың көмегін көріп отыр. Десек те қазіргі таңдағы ең бас­ты да өзекті мәселе жол дер едік. Қай­нар – Семей тасжолы 280 ша­­қы­рымды құрайды. Ол респуб­ликалық деңгейдегі ең маңызды күре жолдардың бірі. Семей – Қайнар тасжолы арқылы 3 об­лыстың – Шығыс Қазақстан, Қа­ра­ғанды, Павлодар халқы қа­рым-қатынас жасайды. Астана мен Семейге осы жермен жүру кезінде тиімді болған. Оның бойында Абай ауданына қарасты Саржал, Қызылту ауылдары, бұрынғы Шұбартау ауданының ауылдары мен Абыралы ауданына қарасты алты ауыл орналасып, бір-бірімен осы жол арқылы қатынас жасайды. Өңірде теміржол, әуе қатынасы мен су қатынасы әуелден болған емес. Барлық тіршілік, қарым-қа­ты­­­нас тікелей осы тасжол ар­қы­лы жа­салады. Бүгінде Семей-Қай­нар тасжолы мүлдем жүруге жарам­сыз, сын көтермейді. Осы атал­ған іс-шара қолға алынса, ауыл тұрғындары атынан алдын-ала ри­за­шылығымызды білдірер едік. Нұрқасым ӘЖІТАЕВ Шығыс Қазақстан облысы, Қайнар ауылы  ...үлгі тұтады Істің тетігі енді табылды Қарасу ауданының жеке кәсіп­кері атанып үлгерген Жол­ды­бай Осупов 15 жылдық еңбек өтілі бар аяқ киім тігу шебері. Ол бизнесмен деген мәрте­беге енді ғана бой үйретуде. Өйткені, аяқ киім жөндеуге арнал­ған жеке шебер­хана­­сын жақында ғана ашқан. Бұған дейін Жолдыбайға ауылдастары телефон шалу ар­қы­лы тапсырыс беретін, содан кейін ол қоңырау келіп түскен үйлерді аралай жүріп, бүлінген аяқ киімдерді үйіне жинап алып келеді. Оның бұл таланты аудандық әкімдікке де, кәсіпкерлер палатасына да жетті. Сөйтіп, Қарасуда аяқ киім жөндейтін бір де бір шебер­хана болмағандықтан, Жолды­байға осы олқылықтың орнын толтыруға ұсыныс жасалды. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш білдіріп, 660 мың теңге қаражатқа ие болды. Оны ол тігін машинасы және басқа да қажетті құ­рал-жаб­дықтар сатып алуға жұмсады. «Қазір дүкен ғимаратынан бір бөл­мені жалға алып отырмын. Енді клиенттерге өзім бар­май­мын, олар маған келеді. Бұ­дан ел аяғы азай­ған жоқ, жұрт жаңа шеберхана ба­рын біліп ал­ған, күніне 5-6 адамнан келеді. Бұл та­бысы жыл он екі ай бойы тү­сіп тұратын мамандық», – дей­ді Жолдыбай Осупов. Абай БОЛСЫНОВ Қостанай облысы  ...ризашылығын жеткізеді Шипагер шапағаты Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы бір емші туралы естіп, барып қайттым. Ал­ғаш­қы күндері емші Нұрдәулет Жұма­ділдаевқа күмәнмен қарап, «Мен сіздің қолыңыздың биотогы бар екеніне сенбеймін», деп ашық айттым. Емшінің бұл жөнінде арнайы дипломы бар екен. Әйтсе де менің көзімді жеткізбек болып ол үстел үстіндегі градусникті қолына алып еді, бес минөттен кейін әлгі градусниктің жылуы 39-ға жетті. Сосын қолын бауы­рым­ның тұсына қойды. Қолы ти­ген жері кәдімгідей ысып, қыза жөнелді. Өмір бойы партия қы­зметінде болып, атеистік тәр­бие алғандықтан мұндай құбы­лысқа еш сенбейтінмін. Емші Нұрдәулеттің бұл қасиеті күмәнім­нің бәрін жоқ қылды. Нұрдәулеттің тағы бір қасиеті өте сабырлы, асықпайды. Ол бір рух­тың желеп-жебеп, тылсым күш­ке ие болатынын, еркі­нен тыс әре­кетке бармайтынын, бә­рін тек аян білдіру арқылы орын­дайтынын айтады. Қазір сонау Қостанай, Ақмола, Алматы, Жам­был облыстарынан көрші Өзбек­стан, Қарақалпақстан ел­дері­нен келіп емделушілер бар. Өзім емделген бір айдың ішінде 17 кісі­нің әр­түрлі кеселінен жазылып, үйлеріне күліп-ойнап қай­тып бара жатқанын көріп, Нұр­дәулет емшіге деген сенімім беки түсті. Сарыағаш ауданы, Қара­бұлақ ауылының тұрғыны Салавар Әбдіхалыққызының сал боп қалғанына біраз жылдың жүзі болған екен, 20 күн ем алған ол үйіне бір таяққа сүйеніп, өз аяғымен қайтты. Осы хатты Нұр­дәулет емшінің шапағатын көр­ген жан ретінде басқаларға да ши­пасы тие берсін деген ниетпен жазып отырмын. «Ауруды берген Алла емін де береді», деген. Лайым осы сөз өмірден өз көрінісін тапсын. Қамбарбек ІҢКӘРБЕКҰЛЫ, соғыс және еңбек ардагері Жамбыл облысы  ...сүйсініс білдіреді Балалар «Ақбөбекте» қауышты Қарғалы өзенін Ақтөбе қала­сы­ның тұрғындары мақтаныш тұта­ды. Қаламен іргелес ағып жат­қ­ан өзен маңы жанға жайлы, таби­ғаты көркем ерекше жер. Осы бір тұмса табиғат аясында «Ақбөбек» балалар демалыс лагері орналасқан. Жаздың басталуын күткен  балалар сонда баруға асығады. Олар үшін ең қызықты да думанды шақ енді басталғандай. Бір-бірімен жақын танысып, дос­тасып та үлгерген. Лагерь ауласы мұнтаздай тап-таза, жасыл желек жайқалып тұр. Бұл жерде қа­ла­ның адамды мезі етер у-шуы­нан алыстап, жұтқан бір жұтым ауаның да балдай тәтті дәмін сезінгендей боласың. Лагерьдің ашылу салтанатына балалардың ата-аналары да көп жиналды. Жиналғандар алдында балалар мен олардың тәлімгерлері өз өнер­лерін көрсетіп, түрлі ойындар өткізді. Әдемі әуен ырға­ғын­да тәлімгерлер де би билеп берді. Кішкентай балуандар өз өнер­лерін көрсетсе,  парктің нұс­қау­­шылары шеберлік сыныбын өт­кізіп көпшілікті тәнті етті. Ән мен жырға, биге толы өткен лагерь­дің алғашқы маусымының ашылу салтанаты демалуға келген бала­лар­дың есінде ұзақ уақыт бойы сақталып қалатындай әсерлі өтті. Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА Ақтөбе облысы