12 Шілде, 2016

Қызылжардағы қызу қарқын

351 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
120716-masimov барлық салаларды қамтып, ілкімді ілгерілеу жолдарын қалыптастырып отыр Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары Айыртау ауданынан басталып, агроқұрылым өкілдерімен іскерлік кездесуге жалғасты. Айыртау – облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан іргелі аудандардың бірі. Негізгі сала ауыл шаруашылығының жалпы өнім көрсеткіші 28 миллиард 980 миллион теңгеге жетіп, 1992 жылмен салыстырғанда алты есеге өскен. Осы жылдар бедерінде еңбекақы көлемі – 12 есе, мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері 8 есеге кө­бейген. Соңғы жылдары құры­лыс материалдарын, асфальт, пеноблок, қиыршық тас өндіре­тін кәсіпорындар пайда болған. «Сырымбет» АҚ еліміздің индус­триялық-инновациялық даму кар­тасына енгізіліп, қалайы кен ор­нының жобалау жұмыстарымен айналысуда. 1,7 миллиард теңгеге электр қуатын тарату желісі тартылып, енді кен байыту комбинаты мен теміржол құрылысын салу жоспарланған. Астана күні қарсаңында 7 әлеуметтік нысан іске қосылған. Солардың бірі аудан орталығында газ-бетон блоктар өндіретін зауыт пайдалануға бе­ріліп, 12 адам жұмыспен қам­тамасыз етілген. Арықбалық ауылында кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа стадион бой көтерген. Үкі­мет басшысы атбасын тіреген алғашқы шаруашылық «Бабық-Бұрлық» ЖШС болды. Теріскейдің тәуекелі көп ауа райы жағдайына қарамастан жайқалта егін өсіріп отырған диқандардың қажырлы еңбегі жайлы серіктестік директоры Сейілбек Махметов айтып берді. Тәжірибелі басшының баяндауынша, егістік жерлер мен жайылымдар 32 мың гектарды құрайды. Елбасының астық өндірісін әртараптандыру жайлы тап­сырмасына орай майлы да­қылдар өсіруге жете мән бе­рілген. Ауыспалы егіс жүйе­сін қолданудың, егін­шілік мә­дениетін же­тіл­дірудің арқасын­да шығым­дылық жоғары. Мем­ле­кет техникалық қайта жа­рақ­тан­дыруға, минералды тыңайт­қыш­тарды жеңіл­дік­пен сатып алуға жан-жақты демеу жасап келеді. Біздің алға қойған мақсатымыз – озық технологияларды ке­ңі­нен пайдалану. Оған қа­білет-қары­мымыз да, әлеуетіміз де толық же­теді, деді С.Махметов. Мұнда мал шаруашылығын өркендету бағ­дарламалары да табыс­ты жұмыс істеп келеді. Асыл тұқымды ірі қара мал саны екі мыңнан асқан. Мал сою, қолдан ұрықтандыру қосындары орналасқан. Премьер-Министр К.Мә­сі­мов­тің қатысуымен саялы табиғат аясында аг­ро­өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңес өтіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өсімдік шаруашылығына қатысты атқа­рылып жатқан шараларды ортаға салды. Жыл сайын 300 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнім­дері өндіріледі. Бұл салада эконо­микалық белсенді тұрғын­дардың 37 пайызы еңбек етеді. Былтыр 14 миллиард теңгеге – 1127, биыл 292 жаңа техника бірлігі сатып алын­ған. Жыл аяғына дейін сыйым­дылығы 167 мың тонна болатын 9 элеватор салу көзделген. Соң­ғы екі жылда «ҚазАгро» ұлт­тық холдингі тарапынан облыс АӨК-ін жандандыруға 96 мил­лиард теңге бағытталған. К.Мәсімов жиналғандар на­­за­рын Мемлекет басшы­сы дағ­да­рысты еңсеру жо­лын­­да алға қойған басты та­лап­тар­ға, ішкі мүмкіндік­терді тиім­ді пайдалануға, бәсекеге қабі­лет­ті өнімдер шығаруға, сыртқы на­рық көкжиегін кеңейтуге ауда­­рып, бірқатар міндет­тер жүк­теді. Солтүстік­қаз­ақ­стан­дық аграр­шылардың табыс биігінен көрі­не бере­тіндеріне, биыл да Отан­­ды мол астықпен қуанта­тын­­дарына сенім білдірді. Ауыл шаруашылығы министрі Ас­қар Мырзахметов өз сөзінде егіншілікті субсидия­лау жай­ына тоқ­талып, оның 13 түрі қол­даны­латыны, жалпы көлемі 72,8 миллиард теңге болғанын жеткізді. Сұлу табиғатымен адамды еріксіз баурайтын ауданда турис­тік ин­фрақұрылым мен сер­вис­тік қызмет көрсету жақсы қарқын алып, былтыр дем­алушылардың саны 30 мыңға жеткен. Панто­ем­ха­на, марал фермасы жұмыс істей­ді. Туристік дема­лыс орын­дарының ішінде тарихи-мәдени мұра­­ларымен ерекшеленіп тұрға­ны – Сырымбет ауылы маң­ын­­да орныққан «Айға­ным» тари­хи-этно­графия­лық қонысы мен Қа­ра­сай және Ағынтай батыр­лардың мемо­риалдық кешені. Үкімет жетек­шісі осы қасиетті орындарда болып, республикалық маңыз­дағы нысандарды тамашалады. Іссапар аясында облыс орта­лы­ғына келген Кәрім Қажым­қанұлы Петропавл халықаралық әуежайындағы жаңғырту жұ­мыс­тарымен танысты. Жоба бойын­ша ұшу-қону жолақтарына күрде­лі жөндеу жүргізуге, жарық құрыл­ғысын орнатуға 1,9 миллиард, тер­миналды жаңартып, заманауи құрал-жабдықтар қоюға 1,4 мил­лиард теңге қарастырылған. Қал­пына келтіру шаралары аяқталған соң шетелдерден де ұшақтар қа­былдай алатын болады. Осыдан кейін Премьер-Ми­нистр атбасын бірқатар ауыр ма­шина жасау кәсіп­орындарына тіреді. Солар­дың бірі жуырда Елбасының қатысуымен өткен жалпы­ұлттық телекөпір кезінде пайдалануға берілген «Пет­ропавл трактор зауыты» ЖШС болды. «Батыр» деген атаумен өнім шығара бастаған қазақстандық-ресейлік бірлескен өндіріс орны ортақ жобаға 1,2 миллиард теңге инвестиция құйған. Жылына 100-120 «К-704-4Р» отандық трактор шығаруға қауқарлы зауыттың өнімі шетелдегіден үш есе арзан. К.Мәсімов Петропавл ауыр машина жасау, «ЗИКСТО», «Киров» кәсіпорындары шығаратын өнімдердің сапасына да көңіл толатынын білдірді. Үкімет жетекшісі бір­не­ше әлеу­меттік нысандарды арала­ған­нан кейін «Жұ­мыспен қамту­дың жол картасы-2020»  бағдар­лама­сының жергілікті жерде жүзеге асырылу жайына арналған кеңес өткізді. Онда еңбек нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын сақтауға, тұрғындардың әл­жуаз топтарына барын­ша қолдау көрсетуге бағыт­талған тиімді шаралар қа­былдау әлеуметтік саясат­тың өзекті мәселесі болып табылатынын атап көр­сете келіп, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың нәтижелі орындалуын міндеттеді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы