немесе қазақ комментаторларының кәсіби деңгейі қандай?
Бірнеше апта бойы, төрткүл дүниенің назары Франциядағы доп додасына ауды. Еуропаның ең мықты деген құрамалары құрлық чемпионатында бақ сынады. Осы ретте біз жарыстың жасыл алаңнан тыс мына бір жайтына тоқталуды жөн санап отырмыз. Яғни, комментаторлықты кәсіп еткен қазақ тілді мамандардың біліктілігі жайында сөз етпекпіз.
Бірден айтайық, тырнақ астынан кір іздеуді немесе телевизиядағы әріптестеріміздің әлсіз тұсын әшкерелеуді мақсат тұтпаймыз. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, бар болғаны футбол қарап отырып, құлаққа түрпідей тиген кейбір тіркестердің тіліміздің қадірін қашыратынын жеткізуді көздедік. Сондықтан, Сократтың «Платон менің досым, ал бірақ шындық одан да қымбат» деген сөзін қалқан етіп, қолға қалам алдық.
Биылғы Еуропа біріншілігін еліміз аумағында «Қазақстан» және «KazSport» телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Чемпионаттың топтық кезеңінде Түркия мен Хорватия құрамалары кездесті. Осы матчты тамашалап отырып, қазақ тілінде репортаж жүргізген әріптесіміздің сөз емес, тұтас сөйлемнен сүрінгенін байқадық. Ондай сәт бір емес, бірнеше рет қайталанды.
Ойынды жүргізіп отырған әріптесіміз матч барысында Түркия құрамасының керемет мүмкіндігін «өте жақсы мүмкіндік Түркия командасында болды» деп сипаттады. Сөйлем мүшелерінің орындары ауысып кеткенін анық білсек те, бәлкім, қобалжып немесе асығыстау айтып қалған шығар, деп алғашында мән бермеген болдық. Кейін дәл осы сөйлемді Хорватия ойыншыларына қатысты қолданған кезде, «әттеген-ай» дедік. Қақпашының доппен жүрген сәтін «қақпашы қазір ойында» деп тікелей орысшадан аудара салғанын естіп, өзге тілде ойлай ма деген күдік пайда болды. Әйтпесе, төрешінің ысқырығы естілісімен-ақ алаңдағы 22 футболшының да ойында болатыны анық қой. Ал бұл сәтте «доп қазір қақпашыда» десе жарасып-ақ кетер еді.
Бірақ солақай сөйлем тек бұл емес екен. Өйткені, комментатордың аузынан «артқа ойнауға мәжбүр» деген тағы бір шолақ тіркес шоштаң етті. Бұл жағдайды «қорғаныстағы әріптестеріне пас беруге мәжбүр болды» деп суреттесе, ешкімнің өкпелемейтіні даусыз. Ал «39-минут біздің матчта өтіп жатыр қазір», «бір сағат командалар ойнады» деген сөйлемдерді естіген кезде тағы қынжылдық. Себебі, ойын таза қазақша түйетін жанның сөз саптауы бұлай өрілмейтіні белгілі.
Осындай олқылықтарды доданың 1/8 финалындағы Италия–Испания матчын жүргізген комментатордан да байқадық. Бұл сөзімізге «әрине, испандықтар ойлады «біз допқа көп иелік етеміз, шабуылға көп шығамыз» деп» дегеннен артық мысал бола қоймас. Сөйлемнің құрылымынан-ақ орысша ойдың иісі аңқиды. Сондай-ақ, испандықтар деген сөздің де қате екенін айта кетуіміз керек. Дұрыс атауы – испаниялықтар немесе испандар. Италиялықтарды да тек итальяндықтар деп атаған бұл әріптесіміздің ел мен ұлттың ара-жігін ажыратуда ақсайтынын ұқтық.
Бельгия – Ирландия кездесуіндегі «бірінші таймның соңғы бес минуты басталуға дайын», Исландия – Венгрия ойынындағы «қарымта шабуылға жүгіріп қашып кете ме?» деген мысалдар да жоғарыдағы ойымызды сабақтай түседі.
Жалпы, еліміздегі қазақ тілді комментаторлардың кемшін тұстары бұған дейін де сан мәрте айтылды. Әзірге одан айтарлықтай нәтиже шықты деуге келмейді. Себебі, әлі күнге осы мамандық иелеріне көңілі толмаған көрермендер әр жерде өз пікірлерін айтып жүр. Әсіресе, Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты сынды дүбірлі додаларда бұл мәселе әлеуметтік желілердің жиі талқыланатын тақырыбына айналады. Қазір де солай. Яғни, Еуропа чемпионатындағы кейбір ерсі сөздер елдің назарынан тыс қалмай, аталған желілерде желкен керуде. Солардың жалпы мағынасын әңгімемізге тұздық етейік. Көпшілік қауым тың деректер мен алаңдағы ойын туралы ғана тыңдағысы келетіндерін жеткізген. Ал өкінішке қарай, бізде бұл жағы көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, гарнитураны құлағына іліп, экран алдына жайғасқан бірқатар комментаторлар көп уақытын алаңдағы командаларға қатысты жанкүйерлерге жақсы таныс ескі ақпараттарға жұмсап, ойыншылардың арғы-бергі тарихын түгендеп, сол сүрлеуден шыға алмай жатады. Нәтижесінде ойын өрнегі назардан тыс қалып, эфирдегі әңгіме мен экрандағы көріністің үндестігі бұзылады. Тек қауіпті шабуылдар кезінде ғана ұйқысынан оянғандай болып, доптың ұшқан бағытын немесе гол салған ойыншының атын өңешін жырта айтып, өз міндетін енді есіне түсіргендей әсер қалдыратындар да кездеседі.
Әлгі желілерде пікір білдіргендердің енді бір тобы, тіпті, қазақ тілді комментаторлар жүргізген ойындарды теледидардың даусын басып қойып көруге мәжбүр екенін жазады. Мүмкін, бұл тым артық кеткендік болар. Бірақ Бельгия – Ирландия кездесуін көріп отырып, жанкүйерлердің ондай жанайқайын түсінгендей болдық. Себебі, сол ойында тізгінді қолына алған жүргізуші «әйтеуір міндетім сөйлеу ғой» деді ме, үтір, нүктесіз тоқтамай, сұйық сөздің тиегін ағытты. Дамылсыз сөзден кейін расымен, көріп отырған дүниеңнің құты қашып, ойың сан-саққа бөлінеді екен. Бұл да – біздегі комментаторлықтың бір олқы тұсы.
Сонымен қатар, комментаторлыққа қатысты келесі бір заңдылық – өзіңнің екі команданың қайсысына жақтасып отырғаныңды көрермендерге сездірмеу. Әрине, өз мемлекетіңнің намысы болса, әңгіме басқа. Ал бізде өзгенің тілеуін тілейтін, онысын эфирде жасырмайтын жүргізушілер жоқ емес. Ғаламторға жазылған жайттарға көз жүгіртсек, кейбір комментаторлардың жүргізетін ойынына бәс тігіп, кейін эфирде сонысын білдіріп қоятынын өздері де байқамайтынын аңғарамыз.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Араларында көрерменді бірден ұйытып алатындары да бар. Десек те, солардың қатары көбейіп, әлі де болса жақсара түссе құба-құп. Мүмкін, біздің бұл сөзімізге қазақ комментаторлық мектебі бұрын болмаған, әлі қалыптасу үстінде, деп уәж айтатындар да табылар. Оларға 1960-70 жылдары-ақ спорт жарыстарын қазақ тілінде хабарлаған Сұлтан Қаратаевтың қалдырған ізін айтамыз. Осы бір ізді лайықты жалғай білген Рабат Жәнібеков, Несіп Жүнісбаев және әлі күнге аталған салада жүрген Амангелді Сейітхановтың кәсіби біліктіліктеріне, олардың жанкүйерлік шеңберден шебер шыға білетін әдіс-тәсілдеріне назар аударамыз. Яғни, ұлтымыздың осы салада өз негізі бар. Тек соны жаңғыртып, жандандыра білсек, қазіргідей әуесқойлық деңгейден кәнігі кәсіпқойлыққа өтуге жол ашылар еді. Қыр астында – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы. Демек, отандық спорт комментаторларын тағы бір сын күтіп тұр. Ал сол аламандағы саңлақтарымыздың жеңістері сауатты сөздермен өрнектелсе, екі есе қуаныш болар еді.
Еламан ҚОҢЫР,
журналист