12 Шілде, 2016

«Исі қазақ аман ба, қандастарым!»

559 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
DSC_0725 Қазаққа бүгін керек тірлік біреу ғана. Ол тірлік не дейсіз бе, айтайық: «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы», деген еді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл бар қазаққа, киелі топырағындағы бүгінгі иесіне де, сұм заманда балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, телім-телімі шыққан шеттегі қандастарға да ортақ қағида. Осындай ізгі ниеттен туған, әдемі дәстүрге айналған бір білім сайысы бар еді. Ол «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» деп аталатын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен болатын халықаралық олимпиада еді. Жалпы, бұл олимпиаданың негізгі арқауында бабалар мекенінен алыста жатқан, әлемнің 40-тан аса елінде тұратын отандастардың, яғни қазақ диаспорасының ұлы мен қызы бабаларының кіндік қаны тамған киелі топырақты қарғадай кезінде бассын, ана тілінің қасиетін ұқсын, ұлт құндылықтарымен ерте танысып, сусындасын, бүгінгі Тәуелсіз мемлекеттің өрісті өркендеулерін өз көздерімен көрсін, сөйтіп, Отан деген ардақты ұғымды саналарына сіңіріп, қанаттары қатайып, бұғаналары бекігенде еліне оралып, үлесін қоссын, ұлт демографиясын дамытуға септігі тисін деген ізгі ниет жатты. Биылғы бір мүшелге толған олимпиада Алматы қаласындағы ғимараттарының төрт құбыласы түгел, төңірегі көз тартатын жасыл желекті «Бөбек» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығында өтті. Білім жарысының салтанатты ашылу сәтінде: Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, қазы­лар алқасының төрағасы, ака­демик Өмірзақ Айтбайұлы ата­жұртын аңсап келген жастарға жылы шыраймен, ыстық ықылас­пен, ерекше мейіріммен сөз арна­ды: «Атажұртын аңсап келген құл­дыраңдаған құлындарым, қанат­тарың талмасын қарлығаштарым, көздері бал-бұл жанған бота­ла­рым!» деп, «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кісі тік тұ­рып қарсы алатын атасалт­пен сек­сен­дегі мен сол үлгіні жаңғыр­­тып, ақсақалдық ниетіммен құшақ ашып қарсы алып тұрмын. Осы ди­дар­ласуды сол бабалардың үлгісі деп біліңдер!» деген абыз қазақ­тың бағы да бақыты болып есептелетін Тәуелсіздік туралы ой тербеп, содан бері 25 жыл уақыттың өте шық­қанын тілге тиек етіп, «Асыл қазағымның ұл-қызы, бүгін сендер өмірлеріңдегі ұмытылмас күннің куәсі болып отырсыңдар. Алыс-жақыннан мұнда қазақ тілінің туын көтеріп, бастарыңды иіп келдіңдер. Тіл бәй­гесі өз алдына, азат Отан­да­рың­ды көру қандай бақыт!» деп сәт-сапар тіледі. Осы игілікті жұмысқа ұйытқы болып отырған «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының зерт­хана меңгерушісі Зәуре Аманова олимпиаданың жай-жапсарымен таныс­тырды. Алғашқы күні жазбаша сынақ тапсырып, екінші күні ауызша сұрақтарға жауап берді. Жазбаша жұмыста да, ауызша жауап бер­генде де оқушылар шетінен ата­жұрт­қа деген ілтипаттарын, сағы­ныш­тарын айтып, кейде жандары­нан шығарған өлеңдерін оқып, жүрек тербетер мұңды әнді де әуе­летіп айызды қандырды. Өзге жұрт­тар­дың әліпбиімен сауат аш­қан, білім стандартымен оқыған, оқу құра­лдары да өзгеше бола тұра, түп қазығы саналатын ана тіліне ынталары бөлек екені сүйсінтті. «Исі қазақ аман ба, қандастарым», деген моңғолиялық үлпіршіктей Кәдіртаң Марғұланқызы «Атажұртым аң­сап жеттім алыстан, Ата­мекен жыр қалық­тап, ән ұшқан», деп сөз соңын түйіндеді. Сынақ­тан бос кезінде оқушылар Ал­ма­ты қа­ла­сы­ның көрікті жерлерін аралап, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымын тамашалады. Білім бәсекесінің қорытын­ды­сын академик Өмірзақ Айтбайұлы бастаған төраға мен профессорлар Қ.Ергөбек, Т.Баймолдаев, Н.Мұ­х­аметжанұлы, филология ғылым­дарының кандидаттары Г.Айт­баева, А.Досыбаевалар сара­лап, Білім және ғылым министр­лігінің І дә­ре­желі дипломын К.Мар­ғұлан­қызы бастаған үш оқушыға, ІІ дә­ре­желі дипломды А.Күнтуған се­кіл­ді бес талапкерге, ІІІ дәрежелі дипломды К.Хумырзах тәрізді жеті үміткерге берді. Қазылар ал­қа­сының мүшесі, белгілі алаш­тану­шы ғалым, «Арыс» баспа­сы­ның директоры Ғарифолла Әнес тіл білімі алыптарының көлем­ді жинақтарын тарту етті. «Қазақ тілінен асқан құдірет жоқ десек, біз үшін бұл сыйлықтың ең үл­кені болды. Қолымыз жете бер­мейтін Қ.Жұбанов, І.Кеңес­баев, Ғ.Мұсабаев, Қ.Өмірәлиев, Ө.Айтбайұлы, өзге де оқымысты­лар­дың тіліміздің төрт құбыласын түгендеген еңбегі өзіміз күн кешіп жатқан мемлекеттерге барғанда, қазақ ұрпағы үшін таптырмас құрал болары айдай анық», дейді Қытай мемлекетінен келген Қозы­хан Сабырұлы. Алыста жүрген ағайынның ұр­пағына арналған бұл олимпиада бұрын дүрілдеп өтетін еді. Өйт­кені, айтулы шара еліміздегі олим­пиадалар тізбесіне тіркелген, қаржы жағы да қарастырылған. Бірақ биыл солғындау болғанын несін жасырамыз. Оған бір себеп, олимпиада алғаш Ақтөбеде өтуі тиіс еді. Ондағы жағдай мұрсат бер­меді. Сондықтан рухани астана­да­ғы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдап алынған. «Бөбек» орталығының ұжымы қолдан келгеннің бәрін жасады. Әйтсе де, өңірдің білім саласына жауапты басшылар мен қосшылар қаламызға алыс-жақыннан ұлт ұрпағы келіпті деп не ашылуына, болмаса жабылуына атізін сала қоймады. Бұрынғы жылдары Астанада бол­ғанда Сенат пен Мәжіліс депутат­тары қабылдап, елім, жерім деген оқушылардың мерейін өсі­ре­тін. Облыстарға барғанда ай­мақ әкім­дері қарсы алып, жылы құша­ғын ашатын. Жүрек жылытар сөздерін арнайтын. Өңірде қа­лып жоғары оқу орындарында, бол­­маса колледждерде білім ала­мыз дегендерге мүмкіндік жасап жата­тын. Бір мысал келтірер бол­сақ, киелі Тараз жеріне атба­сын тірегенде қадірлі Шерағаң, қай­сар қаламгер Шерхан Мұртаза: «Шетелдегі қандас қазақ балалары­мен елордада, Мәжіліс депутаты бо­лып жүргенде жүздесіп едім. Енді, міне, киелі топырақта кез­десіп отырмын. Өзге елде, өзге тілде білім алып жатса да, өз тілін құр­меттеген бұларды нағыз ұлт патриоты деу керек. Осыған ұйыт­­қы болғандар атажұртына бота­­сын шақырып, атасына «Ал кел­мей көр», деп жүргендей әсер қал­дырады маған», деп сол тұс­тағы облыс әкімі Бөрібай Жек­сен­бинге: «Бөрібай мырза, байқа­дың ба, бұл жастар бізге қарап жалтақтап тұр. Арқасын тіре­сін, нық тұрайық» деген. Сол кезде біздің ойымызға Алаш арысы Жү­сіп­­бек Аймауытұлының; «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрт­тар, әне, Германия, Жапония, Ан­г­лия, Түркиялар, олардың бал­а­­­сы жасынан «ұлтым» деп өсе­ді. ...Естеріңізде болсын: қара халық­тың мәдениетті болуынан мәде­ниетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өмірі­не жақындатып тәрбиелеу керек... Қазаққа, аюдай ақырған шенеу­нік табылуы оңай, ерінбей-жалық­пай, бақырмай, шақырмай, іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. ...Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», деген сөзі оралып еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары аясында «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, этностық қазақтарға, яғни отандастарымызға жеңіл­дік­тер қарастырылғаны белгілі. Біз әңгіме арқауына айналдырып отырған халықаралық олимпиада негізінде елдік мәселе жатқаны анық. Әсіресе, байтақ жеріміздегі халқымыздың санын арттыру басты ойдың алтын арқауы екені де түсінікті. Әр жыл сайын ондаған бала атамекенде қалып жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Егер елім деп келген осы ұл мен қызға жете көңіл бөліп атажұртына алып қалып, өңірлік квоталар бо­йын­ша оқу орындарына жіберу жайын ойластырсақ, ұтылмас еді. Олар бұл ұсынысқа ешқашан қарсы болмайды, болған да емес. Әңгімеге тартқанымызда елуге тарта оқушының қай-қайсысы да қазақ­тың киелі жерінің бәрі өз­деріне жаттығы жоқ екендігін айтады. Осыған дейін білім сайы­сы­ның жеңімпаздары ретінде қазақ топырағындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алған жүздеген жас ел дамуына өз үлестерін қосумен қатар, біразы ұлт­тық демографиямызға да септе­сіп жатқанын айта кетсек дейміз. Олимпиада өткізу идеясы 1996 жылғы Президенттің «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» деген Жарлығынан бастау алып, 1998 жылы Үкімет Қаулысын жүзеге асыруда «Дарын» орталығы­ның сол кездегі басшысының (Т.Битуова) ұйытқылығымен, Бі­лім және ғылым министрлігінің (Ж.Күлекеев) қолдауымен олим­пиа­да жұмыс істей бастаған еді. Ендігі жерде осы әдемі шараны, ұлт тілінің алтын арқауын үзбеу ниетіндегі жұмысты билік тізгінін ұстаған азаматтар, әсіресе, Білім және ғылым министрлігі шеттегі 5 миллион қазақ ұрпағын елге тарту жұмысы қай-қайсымызға да міндет десе, атүсті қарамай, «Шамам келгенше қазақ жаны­на қабысуға тырыстым» (М.Жұма­баев) дейтін кісі табылса 13 жыл­­дан бергі алтын арқау ұзара берері күмәнсіз. Бұлай деуімізге себеп, жылда өзге елдерден 12 сы­нып­т­ы бітіріп келгендерге ұлт пен ұр­пақты бөліп қарамайтын жо­ғары оқу орындарының басшылары қамқорлық қолын созатын еді. Биыл тек қана Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық қазақ-тү­рік университеті 4 грант тағайын­дап, оны іргелі оқу орынының Еура­зия ғы­лыми-зерттеу институты­ның директоры, экономика ғылым­­дары­ның докторы Невзат Шим­шек Қытай мен Өзбекстаннан кел­ген үміт­керлердің қолына табыс етті. Осы олимпиада бас­тал­ға­н­нан бері бауырлардың бала­ларын оқыту ісіне келгенде Қ.А.Ясауи атын­дағы қазақ-түрік университеті ректорының грантын алуға көп күш салып жүрген Алаш рухты азамат, сол білім орда­сы­ның профессоры Құлбек Ергөбек екенін айта кетуді парыз санаймыз. Осы арада мына бір байлам­дары­мызды да айта кетсек дейміз. Бұрын Қытайдағы ағайындардың балалары тіл жағына келгенде шетінен жорғадай жүйткіп тұратын еді. Қазір кейбіреулерінің тілі мүкістене бастапты. Уақыт өте келе КСРО заманындағы біздің күйді кешер ме екен деген күдік көкейден кетпейді. Бір кездері қазақ жырының шоқтығы биік шоңы Әбділда Тәжібаев: «Басыма кидім ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан?», деген іргедегі бір туған қырғыз жұртынан келген қазақ балалары ана тілінен мүлдем мақұрым қалған десе де болғандай. Абайды біледі, Айт­матовты айтады, Мұхтар Әуезовті танымайды. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі: «Мен бөтен­дік байқамадым, Қырғыз-қазақ түрінен. Біз ұмытқан қазақ сөзін, Табам қырғыз тілінен», деп еді бір кездері. Қазақ қырғызбен түрі бір ұрпағымыз, уақыт өте келе тілден жұтап, сіңіп кете ме деген ой сол тұста мазаны алғаны хақ. «Мектеп жоқ, біз үшін ұят, қайтеміз енді», дейді Уматкүл Бралкиева. Қалай екенін қайдам, Ресейдің Қосағашынан келген балалар сергек, бойларында қан бар, тілге деген құрметтері бөлек. Иә, оларда да мектеп жоқ. Өз ағамыз саналатын өзбектен жеткен Базаргүл Ертаева 1,5 миллион қазақтың атынан келгенін алға тарып, ол жақтағы өзге ұлт балалары 1 мен 9 сынып аралығында кириллицамен оқитынын, одан кейін білім алуды қай ұлттың ұл-қызы болсаң да тек өзбек тілінде, латын жазуымен колледжде жалғайтынын айт­ты. Жоғары оқу орындарында да сол тәсіл екен. «Біз, бұл қалай дей алмай­мыз. Мемлекеттік тілді сый­лауың керек. Сол үшін бас­тауыш сыныптан кейін өзбек тілін­де оқуға, латын әрпімен жазуға дайындала бастаймыз. Ұмтылсаң, талпынсаң бәрін жеңуге болады», дейді ол. Артынан ұрпағымыз ата жұртында, ана тілінде білім алса деген ойын жеткізді. «Қамқор болсаңыз­дар, Отанымызға қызмет етуге үл­кен-кішіміз түгел әзірміз», дейді Ертаев. Қазірше Моңғолия елінен келгендер ғана қазақы қалыпты сақтап тұр екен... Олимпиаданың өн бойында тікесінен тік тұрып қызмет ет­кен Алматыдағы ұлттық рухтағы екі білім ордасын ерекше атауға болады. Оның біріншісі, Абай атын­­дағы Республикалық маман­дан­дырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының ұжымы, оларға жетекшілік жасап жүрген мектеп директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Роза Сек­сенова болса, екіншісі Күләш Бай­сейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мамандандырылған орта мектеп интернатының танымал ұстазы, белгілі күйші Қайырбек Әділов бастаған өнерлі жандар еді. Иә, ана тілім деп атажұртына келген ұл мен қыздың тілдеріндегі кейбір ала-құлалықты көргенде, «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл», деген Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың сөзі еске түседі екен. Бірінші шарт бітсе ұлт өкілі жұтамай тұра алмайды. Әп-әдемі қызмет атқарып келе жатқан жарысты тіл­мен ғана шектеп қоймай жаратылыс­тану пәндері бойынша да өткізу­ді біраз жылдан бері көтеріп келе жат­қан едік. Өйткені, математика, физика, химия, биология секілді пән­дерден дарыны асқан қазақтың жас таланттары алыстағы ағайын­дар балаларының арасында да мол екеніне еш шүбә келтіре ал­май­сың. Соларды атажұртына тартып, жаһандану заманының тегершігіне айналған техниканың бастау басы саналатын пәндер арқылы да бауырға басу жөнінде талай ой қозғаған болатынбыз. «Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», деп ұлтын қайтсем өркениет жолына түсірем деген Әлихан Бөкей­ханов­тың бұл сөзінің қазір алды ашық бөгелмейді. Өйткені, заман кел­беті өзгерді. Тәуелсіздікке қажеттің бәрін жасау өз қолымызда. Мұны Елбасы жақында ғана өткен ин­дустрияландыру бағытының жүзе­ге асырылу қорытындысында тара­тып айтқан болатын. Осы­ндай алып идеяға шеттегі 5 миллион қан­дас­тары­мыздың үлкенін де, кішісін де тартсақ, тағылымды ол іс дәстүрге айналса, қане. Со­ны­мен, қандас бауырлардың баба­­ларына арналған бұл халық­ара­лық олимпиада алдағы жылы жоға­ры дәрежеде өтеді, оған тиісті меке­мелер, оның ішінде талантты бала­лардың алтын тұғыры сана­латын «Дарын» орталығы дара қимыл көрсетеді деген үкілі үмітке табан тірейік. Сүлеймен МӘМЕТ «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ