12 Шілде, 2016

Ұлы Даланың ұлы жәдігері

567 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_4463 2004-2013 жылдары М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясын жоспарланған мерзімінен бір жыл бұрын, әрі сапалы түрде толық жарыққа  шы­ғарып үлгірді. Қазақ кітаптарының тарихында фольклорлық мұраның дәл осындай кең ауқымда, мақсатты түрде жариялануы  еліміздің көркем мәдениетінің қарыштап өркендеуіне ерекше серпін берді. Халық әдебиетінен текстологияның теориялық не­гіздеріне сай фольклор үлгілерін қамтыған бұл көптомдық ғылыми басылым тек Қазақ­стан көлемінде ғана емес, халқымыздың шетелдердегі диаспораларының бүгінгі ұрпағының рухани мұрасы болып қалды. Ғалымдар бұл басылымдарды баспаға дайындау барысында ел тәуелсіздігінің мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, еліміздің барлық қолжазба қорларындағы, сондай-ақ Түркияда, Ресейде, Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстан мен Қырғызстан­да, Тә­жікстанда, Түрікменстанда, Иран және Еуропа елдерінде, әсіресе, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор, Қазан, Уфа, т.б. қалаларында сақталған фольклорлық мұраларды молынан қамтып, текстологиялық тұрғыда жан-жақты сараланып, ғылыми жүйеге түсірілді. Мұның өзі Қазақстаннан сырт елдерді мекен еткен қазақ диаспорасының әдеби жәдігерлері мен тарихи Отанда сақталған рухани қазы­наларды мүмкіндігінше толықтыруға, сөйтіп, жас ұрпақтың санасына өз ұлтының руханиятын бастапқы қалпында сіңіруге, сол арқылы қазақ халқының шетелдердегі мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрін құрметтеуіне ықпал етіп, патриоттық сезімін шынайы түрде оятуға мүмкіндік берді. Топтамаға 29 том дастан, 35 том ба­тырлық және тарихи эпос,  11 том шағын жанр (мақал-мәтелдер, жұмбақтар, қара өлеңдер мен ән өлеңдер, өтірік-мысалдар), 16 том прозалық фольклор (мифтер, ер­тегілер, аңыздар, хикаяттар, ауызекі әң­гімелер), 5 том ғұрыптық фольклор, 1 том балалар фольклоры енгізілген. Басы­лымның 12 томында Қытайдағы, 1 томында Моңғолия­дағы қазақтардың фоль­клорлық мұралары қамтылды. «Бабалар сөзі» басылымдары қамтыған мифтер, ертегілер мен аңыз-әпсаналар, хикая-хикаяттар, ауызекі әңгімелер, эпостық туындылар, тарихи жырлар, ғұрыптық фольклор үлгілері, шағын жанрлар, т.б. – тек жазба әдебиетті ғана тұтынған, электронды жүйе белең ала бастаған ғалам­дану заманында  кейінгі ұрпаққа бабалар аманаты ретінде  жеткізетін бірден бір рухани қазына. Ол өзінің мазмұны мен тақырыбына орай халықтың тілі, салты мен тұрмысы, мәдениеті, этнопедагогикасы, философия­сы, тарихы және этнографиясы бойынша маңызды дереккөз болып табылады. Әрбір халық туындысы өз дәуірінің ескерткіші, бүтіндей алғанда, өзі перзент болып табылатын халықтың рухани мұрасы ретінде де құнды, яғни, барлық жағынан алғанда да бұл мұралар ұлттық байлық болып есептеледі. Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүргенде 100 томдық «Бабалар сөзінің» ұлттың әдебиеті мен мәдениетіндегі орны туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, осы халықаралық көрме аясында 100 том­дықтың халықаралық тұсаукесері өтуіне себепкер азаматтардың бірі болып едім. Екіншіден, жүздеген жылдар бойы жинақталып, сыңаржақ саясаттың, комму­нистік идеологияның салдарынан сирек  қорлардың сөрелерінде жатып қалған,  сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасырларда араб, латын және көне түркі жазуларымен басылған, сол себептен қалың оқырманға түсініксіз болып келген қазақтың  бүкіл сөз өнері халықпен қайта қауышты, яғни бұрын жарияланбаған фольклорлық мәтіндер, қалың оқырманға мәлім емес дереккөздері ғылыми айналымға түсіп, оқу процесіне енді. Ұлттық руханият пен мәдениетті жаңғырту үшін филология ғана емес, қоғамдық салалар үшін де негізді деректану базасы пайда болады. Үшіншіден, отаршылдықтың, түрлі сая­си нәубеттің салдарынан жер шарының түкпір-түкпіріне жансауғалап, босып кеткен қандастардың өзге жұрттардың иелігіне айналып кеткен сөз өнерінің там-тұмдап болса да елге қайтарылып, топтаманың 13 томын құрап, ұлттық құн­дылықтарды толықтыруын айтулы табыстардың қатарынан санаған жөн. Төртіншіден, «Бабалар сөзінде» түркі халықтарының іргесі бөлінбеген кезеңдерде ортақ пайдаланып келген эпостық шығар­малардың, прозалық, ғұрыптық фольклор үлгілерінің молынан қамтылып, басы­лымдардың құрылымдарында қазақтың  ұлттық варианттарының, версияларының жария­лануы – бұл топтаманың түркі халықтарына ортақ мұра екендігін айқын аңғартады. Бесіншіден, топтаманың алғашқы том­дары Шығыс әдебиеті үлгілері сю­жетінің желісіне құрылған дастандарды, әсіресе, діни, хикаялық, ғашықтық мазмұндағы шығармаларды қамтығаны да жинақтардың тақырыптық аясы мен жанрлық табиғаты ауқымды екен­дігін көр­сетеді. Себебі, қазақ даласының Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы,  Шығыс елдерімен әрдайым тығыз әдеби-мәдени байланыста болуы, қазақ поэзиясының шарықтау шегіне көтерілген ХІХ ғасырдың екінші жартысында көшпелі сюжеттер өлең өлшеміне түсіп, назиралық шығармалардың көптеп туындауы – халық әдебиетін айырықша молықтыра түскен еді. Олар қазақ қоғамының әр кезең­дерінде өскелең ұрпақтарды әділдікке, адал­дыққа, имандылыққа, ынтымақ-бірлікке үндеп отырды. Түпкі сюжеті Шығыс ел­деріне ортақ, бірақ қазақша жырланып, толығып фольклорлық мұралар­ды толықтырған дастандардың дені бұрын жарияланбағандықтан, олар тек қазақ оқырмандарын ғана емес, тегі тамырлас мұсылман халықтарын да бейжай қалдырмайтыны анық. Сондықтан әлемді дінаралық қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер жайлап алған осы кезеңде, ата-бабалардың дәстүрлі дінін, ділін дәріптейтін әдеби жәдігерлер баға жетпес асыл қазына болып қалары хақ. Алтыншыдан, қазақ фольклорының оннан бірі ғана жиналып, ұзақ жылдар бойы басылым көрмей жатқанымен, оның көлемі мен сапасы әлем халықтарының әдеби мұраларының алдыңғы қатарынан орын алады. Оған бірегей «Бабалар сөзі» жүз томдығының басылым көруі дәлел болып, қазақ сөз өнерін жалпыадамзаттық руханияттың көрнекті бөлігі екендігін дәлелдеп берді. Көріп отырғанымыздай, бүгінгі ұр­пақтың еншісіне ата-бабалардан тек материалдық құндылықтар ғана емес, аса мол рухани қазына да мұра болып жеткен. Оны көздің қарашығындай сақтап, зерттеп, жариялап, келешекке аманаттау, сөйтіп, «Мәңгілік Елдің» мәңгілік руханиятын жалғап отыру әр ұрпақтың қасиетті парызы болып қала бермек. Сондықтан, «Бабалар сөзі» 100 томдық сериясының бір топ автор-құрастырушыларының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуын әбден құптай отырып, оны 10 жыл бойы инемен құдық қазғандай жалықпай, аса жауапкершілікпен атқарылған ерен еңбектің өтеуі деп санаймын. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Астана