Бұл бізді қайда апарады?
Тегі, біз біреудің жақсы ісін көре тұра бір ауыз сөз жылы лебіз білдіруге келгенде түпсіз терең сараңдыққа бой алдырып бара жатырмыз. Неге? Оның жауабын хакім Абайдан іздеп көрдім. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілемейтұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ; өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», депті ұлы Абай «Үшінші қара сөзінде».
«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп алып, қазақтың мінін жіпке тізіп шығатын данышпан адамдарды қызғаншақтықтан, сараңдықтан, қуыскеуделіктен, жалынсыздықтан сақтандырады. Арсыз, тойымсыз, қорқақ, надан адам қашан да өзгенің шыққан биігіне қызғанышпен қарайды. «Қалай етсем мына пәлекетті сүріндіремін?» деп түрлі қитұрқы кедергілер іздей бастайды. Іштегі қызғаныш деген қызыл ит бүкіл өне бойын тырналай-тырналай келе әлгі адамды ниеті харам, ойы бұзық, жүрген жеріне жуа бітпейтін жыртқышқа айналдырады.
Ешкімге достығы жоқ адамдар тек қаскүнемдікті ғана ойлайды. Олар тек өзім ғана болып-толсам деп армандайды. Мұндайлардың маңайындағыларға көлеңкесі түспейді. Дана Абай айтпақшы, олардың бәрі төрт аяқты малды қалай көбейткеннен басқа ойының жоқтығынан, өзге – егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді.
Жүректі жұлмалайтын және бір жәйт – күншілдік. Егер біреу атқа қона қалса, оның түп-тұқиянына дейін түгін қалдырмай зерттейміз. Соңыра «Ә, бәсе!» деп берік байлам жасаймыз. Осы байламсыз шешім кейде сандырақтап, мүлде басқа арнаға түсіп кетеді. Ақыры оны түкке алғысыз біреу етіп шығаруға келгенде тағы да алдымызға жан салмаймыз. Сонда біздің сапымызда сау адам қала ма?
Таяуда «Жұлдыз» журналының №5 санында белгілі жазушы Серік Жанәбілдің «Құлагер ақынның құлыны» атты очеркі жарияланды. Оқып шықтық. Жақсы дүние екен. Осы очеркті талдап тұрғанымызда қасымызға бір әріптесіміз келе қалды. «Мына хикаяны көрдіңіз бе?» деп журналды ашып, жарияланымды көрсеттік.
– Осы да жаза береді екен, – деп әлгі әріптесіміз журналды жаба қойғаны.
Ішіміз қылп ете қалды. Қаламгерлік қолдау қайда? Әріптестік тілек қайда? Ішмерез іштарлық адамды ұшпаққа жеткізер ме? Бір ауыз жақсы тілегін айтса несі кетеді?
Аймақтық коммуникациялар орталығында брифинг өтетін болып бара қалдым. Осында «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, қаламы жүйрік журналист Бақтияр Тайжан да келіпті. Салған жерден:
– «Егемендегі» мақалаңды оқыдым. Жақсы мәселе көтеріпсің. Бізге осындай ашық пікірлер жетіспейді, – деді.
Бір ауыз сөз! Кәдімгідей қуанып қалдым. Задында, бізді шабыттандырып, жігерлендіріп қоятын осы бір ауыз ғана сөз. Кейбір ішмерездер жақсыңды көре, біле тұрса да тым құрығанда несие көңілін де қимайды. Сонда деймін-ау, салбөксе сараңдық, күшәла күндестік, іріңді іштарлық, қиямпұрыс қызғаныш бізді қайда апарады
?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
ШЫМКЕНТ