13 Шілде, 2016

Өндіріс өрге басып келеді

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәсімов Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қостанай облысына сапарында алдымен «Қостанай» халықаралық әуежайын аралап көрді. Өткен ғасырдың ортасында пайдалануға берілген әуежай бүгінгі күн талабына толық жауап береді. Қаланың шет жағында орна­ласқан әуежай жолында қазір «Аэ­ропорт» шағын тұрғын ауданы өсіп келеді. Мәртебелі мейман оған да соқты. Тұрғын ауданда соңғы уақытта ғана 4 үй бой көтерді. Олардан 202 отбасы баспана алды. Барлығы бұл ауданда 27 көпқабатты үй салынатын болады. Олардан алатын пәтердің әр шаршы метрі 140-150 мың теңгеден аспайды. Сонымен қатар, 280 орындық екі балабақша, 900 орындық жалпы білім беретін мектеп те таяу уақытта көпшілік игілігіне айналады. Мұнан кейін Премьер-Ми­н­истр Кәрім Мәсімов «Allur Group» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің құрамына кіретін «Агро­машХолдинг» және «Сары­АрқаАвтоПром» машина құрас­тыру зауыттарына келді. Қазақ­станда машина құрастыру зауыттары бар. Ал Қостанай қала­сын­дағы зауыттардың ерекшелігі – мұнда машиналар ұсақ желілік әдіспен құрастырылады. Демек, қа­зақстандық мазмұнға мән бері­леді, жеңіл машинаның ұсақ-түйек, яғни сырлау, бекіту секілді көп­теген жұмыстары осында атқа­рылады. Зауыт басшылары Кәрім Мәсімовке автомобильдердің құрас­­тыру желісін және JAC, SUV брендтерінің Қазақстанда бірін­­ші рет шығарылып отыр­ған элек­тромобильдерін, зауыт конвей­ерінен шыққан коммер­ция­лық көліктерді көрсетті. Зауыттарда соңғы жылдары көп­теген ілгері басқан өз­герістер болды. Jac, Hyundai бренд­терінің жаңа автомобильдері құрас­тырылды, Iveco және Jac коммер­циялық техникалары шығарылды. CKD 3A технологиясымен Iveco Stralis ауыр жүк машинасын құрастыру да бастау алды. Экспортқа шығарылуға арналған Peugeot 301, JAC S3 және Iveco Daily машиналары үлгілерін шығаруға әріптестік келісімдер жасалды. Ең бастысы, зауыттарда қазақстандық мазмұн артып келді. Коммерциялық техникаларды жергілікті жерде жасаудың жұмыс көлемі 50 пайызға жетті. Италиялық ауылшаруашылық комбайндары да қостанайлық зауыттан шығарыла бастайды. Премьер-Министр ке­­мең­гер ағар­тушы Ы.Алтын­­сариннің Қоста­най қаласындағы мемо­риал­дық му­зейін және мамандандырылған тұр­ғындарға қызмет көрсету орталығын аралағаннан кейін, Рудный қаласына бет алды. Мұнда ол «Лидер-2010» сүт зауытының жұмысымен таныс­ты. Зауыт жылына 17 050 тонна сүт және сүт өнімдерін өңдейді. Оның өнімі Қазақстанның көптеген облыс­тары мен Ресейдің іргелес облыстарына кеңінен таныс. Мұнда 205 адам тұрақты жұмыс орнын тапқан. «Лидер-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауласына тігілген шатыр ішінде Кәрім Мә­сі­мов ауылшаруашылық тауарлар­ын өндірушілермен дөңгелек үс­тел мәжілісін өткізді. Әңгіме мал және құс шаруашылығының бүгінгі жағ­дайы және оны алдағы уақытта дамыту мәселелеріне арналды. Кә­рім Қажымқанұлы алдымен Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ас­қар Мырзахметовті тыңдады. Мал шаруашылығын дамытуға мем­ле­кеттік қолдау керек. Соның бірі са­ланы субсидиялау екені белгілі. Өт­кен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және өні­мін өндіруге 56 миллиард теңге бөлінді. Бұл жалпы сұраныстың 70 пайызы деген сөз. 5-7 мил­лиард теңге субсидияны 3000 бас ірі қара ұстайтын ірі 24 бордақылау алаңы ғана ала алды. Олардан кейін шаруашылық көлеміне қарай 1 миллиард теңгеден 149 кәсіпорын субсидия алды. Министр қазір ша­ғын және орташа көлемдегі мал бор­дақылау алаңдары да субсидия алу үшін ереже қайта қаралу үстінде екенін айтты. Сонымен қатар, сары май, құрғақ сүт өндіретін өңдеу кәсіпорындары үшін де өткен жылы 3 миллиард теңге субсидия бөлінді. Дегенмен, бұл аз-мұз қаржыны алған кәсіпорындар отандық өнімдерімен импорттық тауарларды алмастыру міндетін шеше алған жоқ. Министрдің сөзі аталарымыз айтқан «Сиырдың сүті – тілінде» деген қағидамен қатар келді. Мал ша­руа­шылығын дамытудың, өнімді­лігін арттырудың тетігі жем-шөп қоры мен оның сапасында екенін малшы да, өнім өңдейтін кәсіпорын маманы да жақсы біледі. Жылына мал шаруашылығына 25 миллион тонна шөп, 5 миллион тоннадан аса құнарландырылған жем дайын­да­лады. Бұл сұраныстағы жем-азық­тың 60 пайызын ғана құрайды. Тіпті, дайындалған пішен мен сүр­лем сұраныстың тек 50 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Бұл мәсе­лені шешу үшін құрамажем зауыт­тарының әлеуетін толық пайдалану керек. Ал бүгінгі қолда бар зауыттар өз қуатының 40 пайызын ғана өнді­реді. Егер олар толық қуатында пайда­ланылса 1,5 миллион тонна құрама­жем өндірер еді. Сонда бұл ірі жем-азықтың 25 пайызын, құнар­лан­дырылған жемнің үштен бірін өтер еді. Бүгінде отандық құрамажем зауыттарына 35 пайыз ғана сұраныс жасалады. Мал шаруашылығын дамытуға қажеттің бірі – жайылым. Министр­лік Парламентпен бірлесіп, жайы­лым және оны дұрыс пайдалану жөніндегі заңнамалар жобаларын әзірлеу үстінде. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдемей оның қайтарымы да көңілдегідей болмайды. Ал елі­міздегі өңдеу кәсіпорындары өз қуа­тының 60 пайызын ғана пайдаланып отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және өң­деу кәсіпорындарын мал шаруа­шылығы өнімімен қамтамасыз ету үшін қосалқы шаруашылықтар әлеу­етін күшейту міндетін шешу керек. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 280 мың адамның қосалқы шаруашылықтары болса, соның 77 мыңы табысты жұ­мыс істейді. Оларды кооперативтер­ге ұйымдастыру, қызметтерін ор­та­лық­тандыру мәселелердің ортақ шешімін табуға қолайлылық әкеледі. Кооперативтер құру ауыл­ша­руа­шылық өнімдерін өндіруді әрта­рап­тандыруға, яғни бал өндіруге, жүн мен тері жинап өңдеуге және тағы басқа да игілікті істердің баста­луына ық­пал етеді. Аталған үш облыстың өзінде ғана сүт тапсыра­тын 400-ден аса нүкте және 600-дей бордақылау алаңын ұйымдастыруға мүм­­кіндік бар. Дөңгелек үстел мәжі­лісінде құс шаруашылықтарын дамыту да тілге тиек болды. Оның да бү­гінгі күнгі проблемалары айтылды. Кәрім Қажымқанұлы мәжіліске қатысқан ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындарының басшыларының өтініш-сұрақтарын тыңдады. Олар көтерген мәселелердің барлығы да назарға алынып, қаралатынынан хабардар етті. Сөз соңында Кәрім Мәсімов мал ша­руа­шылығын дамытуға әлеуетіміз жететі­нін, Елбасы тапсырмасына орай, бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, сырт­қы нарықты игеру керектігін айтты. Ол облысқа сапарының соң­ын­­да Со­колов-Сарыбай кен өндіру бір­­лес­­ті­гінің металилек зауытында болды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы