Қазір жан алқымнан алған жаһандық дағдарыс кезеңінде өзінің оңтайлы саяси-экономикалық реформаларымен өркениетке бет бұрып келе жатқан бір ел бар. Ол Тәуелсіздігін осыдан 25 жыл бұрын жариялап, бүгінде «Азияның жарық жұлдызына айналған» бауырлас мемлекет – Қазақстан. Аты аңызға айналған осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл күндері Түркі әлемінің әлемдік деңгейдегі саясаттанушысы ретінде танылған. Ол экономика мен саясат саласындағы мол тәжірибесін мемлекет құруда сәтті іске асырып, дүниежүзілік деңгейдегі зор құрметке ие болды. Жалпы, Түркі әлемінің Ақсақалы, Қазақстан Көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда өз жауапкершілігін толық сезініп келеді. Сондықтан да ол «Әлем. XXI ғасыр» деп аталатын еңбегінде алдағы жүз жылдықта әлемге төнетін қауіп-қатерге өз алаңдаушылығын білдіріп, оған назар аудару қажеттігін меңзеді.
«XXI ғасырда жалпы адамзат жаһандық деңгейдегі әріптестіктің жаңа кезеңіне аяқ басуға үміт артты. Алайда, қазіргідей әлемге төнген қауіп-қатерді қаперімізге алмасақ, ол құр елеске айналуы мүмкін. Бұл қауіп – жаһандық соғыс! Ғалымдардың дерегіне жүгінсек, ықылым заманнан бүгінге дейін Жер-ана 15 мыңнан астам соғыс өртін бастан өткеріпті. Салдарынан миллиондаған адам көз жұмып, жер бетінен қаншама қала құрып, мәдениеттер мен өркениеттер жойылды», – дейді автор өз еңбегінде.
Ол әлемдегі он белсенді Көшбасшының қатарында
Түркия өз шекарасына заңсыз жақындаған ресейлік ұшақты атып құлатқан соң, көрші екі ел арасында саяси-экономикалық қарым-қатынасқа сызат түскені белгілі. Ресей тарапы ұшақ апатынан кейін іле-шала экономикалық санкциялар енгізе бастады. Президент Путиннің жарлығымен күшіне енген санкция салдарынан Түркияның туризм саласы күрт құлдырады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарсы қолданылған мұндай қадам түрік экспортының әлеуетін де әлсіретті. Санкция салдарынан Түркияның ауыл шаруашылығы мен туризм саласы арқылы күнін көріп отырған қанша адам жұмыссыз қалып, қаншама кәсіпорын құрдымға кеткенін, жалпы түрік экономикасы қанша шығынға ұшырағанын білу мүмкін еместей.
Асылында, қос тараптың да «ашуға бой алдырмай» мәселені ақылға салып, сабырмен шешкендері тиімді болар ма еді?! Солай болатындай-ақ. 28 маусым күні түркиялық белді басылымдар басты бетін: «Ресеймен арадағы тоң жібіді. Ердоғанның жолдаған хатын Мәскеу жылы қабылдап, екі елдің басшылары телефон арқылы тілдесті. Енді олар қыркүйек айында кездесетін болып шешім қабылдады» деген сарындағы тақырыпқа арнады. Бұл мәселеге қатысты сарапшылар Ресей мен Түркия арасындағы жағдайға қатысты былай деп үн қатып жатты: «Ресей президенті В. Путин әріптесі Р.Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесуінде экономикалық шектеулер мен санкцияны алып тастаудың тетігін реттегендей».
Ал мамандар пікіріне сүйенсек, ресейлік туристер ағынын реттеу мен қалпына келтіруді ұйымдастыру жұмыстары бір ай көлемінде шешілуі тиіс. Өз кезегінде осы жағдайға байланысты Кремльдің баспасөз қызметі В.Путин туристік жолдамалар мен Түркияға қатынайтын чартерлік ұшақтарға билет сатуға салынған тыйымды алып тастау жөніндегі жарлыққа қол қойғанын да хабарлады.
Тараптардың бір-біріне жылы қабақ танытып, қарым-қатынасты жақсартуға ынта танытуы Түркия президенті Р.Ердоғанның жазған хатына Ресей президенті В.Путиннің арнайы қоңырау соғуына жалғасты. Екі ел басшыларының осылайша өзара түсінісуге ұмтылуы қос мемлекет арасындағы қатынас тарихының жаңа парағын ашты.
Ұшақ атып түсіру салдарынан туындаған дүрдараз болған тараптарды тіл табыстыруда біз бірімізге – туыс, енді бірімізге – іргелес көрші елдің Президенті, жаһандық деңгейде мойындалған, халықаралық шеңберде беделді саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне зор құрмет білдіруіміз қажет. Өйткені, ол оқиға орын алған күннен бастап-ақ өз алаңдаушылығын білдіріп, Ресей мен Түркия арасында екіжақты комиссия құрып, жағдайды тұрақтандыра отырып, мәселені оңтайлы шешуді ұсынды. Сонымен қатар, ол көрші елдер арасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жайдары қарым-қатынасты бұзып алмау керектігін айтып, осы жолда дипломатиялық арналардың да іске қосылуы маңызды екендігін атап өтті. Н.Назарбаевтың осылайша үн қатуының өзіндік себебі де жоқ емес. Қазақстан Көшбасшысы Ресей мен Түрік президенттерімен жақын қарым-қатынасқа ие әрі беделі зор. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы екі тараптың татуласуына бастамашы болғандығына сенімдіміз.
Назарбаевқа рахмет...
Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен Түркия мен Ресей арасындағы байланыстың жаңа көкжиегі көрінді. Күрт үзілген түрік-ресей қатынасының қайта жандануына сіңірген оның орасан зор еңбегі әлемдегі аймақаралық тыныштық, татулықтың сақталуына қосқан үлесі келешек ұрпақтың бағалауынсыз қалмайтыны белгілі.
Ал енді 1991 жылдан бүгінге дейін өз елін татулық пен бейбітшіліктің бесігіндей етіп, көркейтіп келе жатқан Н.Назарбаев сыртқы саясат пен халықаралық қатынастарды жандандыруда зор беделге ие, әрі ол Әлем Көшбасшысы атағына лайықты тұлға. Сондықтан да біз оның жеке тұлғалық келбеті мен іскерлік қабілетіне 78 миллион анадолылық «қазақтар» атынан зор алғысымызды білдіргіміз келеді.
Мұстафа Кемаль САЛЛЫ,
Түркияның «Once Vatan» газеті