14 Шілде, 2016

ШАРАЙНА

293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
  шарайна-1Вице-президенттікке адмиралды таңдады Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Хиллари Клинтон президент болып сайланған жағдайда, вице-президенттік лауазымға ұсынатын тұлғаның аты-жөнін атады. «Рейтер» агенттігі таратқан ақпарат бо­йынша, Х.Клинтон бұл орынға отставкадағы адмирал, Еуропадағы НАТО күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Джеймс Ставридисті лайық көріп отыр. Демократиялық партиядан вице-президенттікке үміткердің кандидатурасы 25-28 шілдеде Филадельфияда өтетін партияның съезінде жария етілуі мүмкін. Ал Джеймс Ставридис 2009-2013 жылдар аралығында Еуропадағы Солтүстікатлантикалық альянстың біріккен күштеріне басшылық еткен. Сол жылдары Хиллари Клинтон АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған еді. Наразылық шаралары бәсеңдейтін емес Үндістанның Кашмир және Джамму штаттарында бірнеше күннен бері наразылық шаралары өтіп жатыр. Уақыт өткен сайын ол өршіп бара жатқан сыңайлы. Соңғы ақпараттарға қарағанда, наразылық шаралары кезінде 30-дан астам адам ажал құшқан және 1,3 мыңдай адам жарақат алған. Ал осы ел басылымдарының жазуынша, наразылық шарасы барысында қаза тапқандар арасында полиция қызметкерлері де бар. Құқық қорғау органдары, оның ішінде жергілікті полиция Үндістанда терроршыл ұйым деп танылған «Хизб-уль-Муджахидин» тобының белсенді мүшесі 21 жастағы Бурхан Мұзаффар Ванидің көзі жойылған соң, Кашмирде жаппай наразылық шарасы басталғанын алға тартады. Джамму мен Кашмир тұрғындарының негізгі бөлігін мұсылмандар құрайды. Осы екі штатта аймақтың Пәкістанға қосылуын қалайтын сепаратистік топтар да бар екенін айта кетейік. шарайна-2Қаралы жиындағы қылығы үшін сынға ұшырады АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буштың Далласта қаза тапқан полицейлердің жаназасында би билеуі әлеуметтік желі пайдаланушылардың наразылығын тудырды. Бүгінде оның билегені бейнеленген кадр­лар ең көп талқыланған тақырыптың біріне айналды. Бейнетаспада Буштың ойнақы, робот биін билегені анық көрініп тұр. Олардың арасында АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обаманың зайыбы Мишель Обама да бар. Мұнымен қоса, кіші Буш азалы хорға қосыла әндетіп, арасында әзіл айтып, қасындағыларды күлдіруге тырысқаны ерсілеу болып көрінеді. Көпшілік халық Далластағы жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктер кезінде атылған оқтан қаза тапқан полиция қызметкерлерін аза тұту рәсіміне жиналған болатын. Қысқа қайырып айтқанда:
  • Сәрсенбі күні Якутияның Себян-Кюель елді мекенінде қар жауды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, табиғаттың тосын мінезі көпшілікті таңғалдырып отыр.
  • Хакерлер шабуылынан кейін тайвандық үш банк банкоматтар арқылы ақша беруді уақытша тоқтатты. Бұған банкоматтардан 2,2 миллион доллардай ақшаның қолды болғаны себеп болды.
  • Мексиканың Канкун аталатын курортты қаласы маңын­дағы түрмеден 11 тұтқын қашып кетті. Олар түзеу мекемесінің қарауылын байлап тастаған, содан кейін темір торды кесіп, сыртта өздерін күтіп тұрған автомәшинеге мініп, іздерін суытқан.
  • Бішкекте Қырғызстан мемлекеттік тіркеу қызметі ғимаратының алдында төлқұжаттағы «ұлты» деген бағанды қалдыруды талап еткен митинг өтті. Осыған дейін ұсынылған жаңа төлқұжат үлгісінде «ұлты» деген баған алынып тасталған екен.
шарайна-3Сүңгуір қайық ауға түсіп қалды Португалияның «Tridente» класына жататын сүңгуір қайығы Ұлыбританияның жағалауында француздық балық аулайтын траулердің ау-торына түсіп қалды. Бұл жөнінде Би-Би-Си ақпарат агенттігі хабарлады. Оқыс әрі күлкі шақыратын бұл оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Ал сүңгуір қайық Ла-Манш бұғазындағы аралдан Ұлыбританияның теңіз күштерімен бірге жүзіп жүрген екен. Экипаж бір кезде қайықтың жүруіне белгісіз нәрсе кедергі келтіріп тұрғанын байқайды. Қайық су бетіне жайлап көтерілгенде экипаж су асты қайығының жақын маңда жүрген француздың «Дайтон» атты траулерінің балық аулайтын ауына оралып қалғанын көреді. Бұл сүңгуір қайық электр қуатымен жүреді, дизельді қозғалтқышын тек су бетіне шыққанда ғана іске қосады. Оның ұзындығы – 68 метр, сыйымдылығы – 2 мың тонна. Босқындар мен мигранттар қозғалысы бақыланады Германия мен Халықаралық көші-қон ұйымы ауқымды дереккөздерді қолдана отырып, әлемдегі босқындар мен мигранттардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін жаһандық мәліметтер базасын құрмақ. Халықаралық көші-қон ұйымының хабарлауынша, мәліметтер базасы арнайы порталда қолжетімді болады. «Біз әлемдік қоғамдастық аясында ақпараттармен алмасып, көші-қонды реттеп отыруымыз қажет», – деді осыған байланысты Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер. Порталдың жұмысын Германия қаржыландырады. «Қазіргі қиын заманда нақты фактілер мен дәлме-дәл талдаудың негізінде шешім қабылдауымыз керек. Өйткені, көші-қон туралы мәліметтер түрлі ұйымдар мен елдер арасында шашырап жүр. Бұл портал алдағы уақытта бірегей платформаға айналғалы тұр», – деді Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Ульям Лейси Свинг. Осы ұйымның дерегі бойынша, өткен жылы әлемдегі босқындар мен көшіп-қонушылар саны рекордты 65,3 миллион адамға жеткен екен. шарайна-4Екі жолаушы пойызы соқтығысты Италияның оңтүстігінде екі жолаушылар пойызы соқтығысып, салдарынан кем дегенде 22 адам мерт болған, 33 адам жарақат алған. Ақпарат агенттіктері 18 адамның ауыр халде жатқаны жөнінде дерек келтіреді.  Адам өліміне соқтырған апат елдің Пулия аймағындағы Бари қаласында орын алыпты. Билік өкілдерінің хабардар етуінше, пойыздағы жолаушылардың басым бөлігі Бари университетіне бара жатқан студенттер болса керек. Апатты жағдайды тергеп-тексерушілер бір пойыздың жылдамдықты шамадан тыс асырғандығы туралы ақпарат таратты. Сондай-ақ, олар апатқа адам факторы себеп болуы мүмкін деген мәлімдеме де жасады. Бұдан үш жылдай бұрын, 2013 жылы Италия тарихында ірі жол апаты болып, автобустағы 38 жолаушы ажал құшқан еді. Интернет материалдары негізінде әзірленді