14 Шілде, 2016

Балалар кардиохирургиясы: басым бағыттар

382 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бибигул ИманкуловаТәуелсіздік жылдары біздің елімізде отандық медицина айтар­лықтай алға жылжыды. Сала қызметкерлері ізденімпаздық пен табандылықтың арқасында ілкімді нәтижелерге қол жеткізді. Әсіресе, соңғы жылдары медицина өз дамуында қуатты екпін алды. Мемлекет халық ден­саулығына ерекше көңіл бөліп, сала құрылымын жетілдіру, кесел­дің алдын алу мен оны уақыт өткіз­бей анықтау мәселелерін жіті бақылауда ұстап отырғанын қана­ғат сезімімен айтуымыз керек. Бүгінде біздің дәрігер­ле­ріміздің біліктілігі мен кәсіби деңгейін ТМД елдері, Еуропа, Америка құрлығы шынайы мойын­дап отырғаны көп жайды аңғартады. Ендігі жерде қазақстандықтардың, оның ішінде ақмолалықтардың бұрынғыдай ем іздеп шетел асуының, күрделі ота кезегінде тұру­дың, қыруар қаржы мен уақыт жұмсауының қажеттілігі болмай қалды. Мұндай көмекті кез келген сала бойынша өзімізде де алудың мүмкіндігі туды. Ал Ақмола педиатриясына келетін болсақ, біздің облысымызда балалар кардиохирургиясының басым бағыт ала бастағанын бө­лектеп айтқым келеді. Бұл орайда, отандық және шетелдік әріп­тестермен ынтымақты байланыс тиісті қайтарымын бергеніне ризашылық білдірген жөн. Биылғы 27 ақпанда, Ақмола облыстық ауруханасының жүрек орталығында жасы 2-ден 6-ға дейінгі 4 балаға күрделі ота жасалуын жергілікті тәжірибедегі елеулі оқиға санаймыз. Көкшетаулық дәрігерлер Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы мамандарының қатысуымен 10 сағаттық сәтті ота жасады. Мұндай күрделі операциялар 2013 жылы Литва дәрігерлерінің қатысуымен басталған еді. Қа­зіргі оталар алты жастан тө­менгі балаларға жасалуымен ерек­шеленеді. Аталған бір ота­­­ның құны 1 миллион 900 мың теңгені құрайды. Ал ақ­мо­лалық бала­қайларға ота мем­лекеттік медициналық көмек аясында мүлдем тегін жасалды. Ата-ана­лардың балалар өмірін сақ­тап қалудағы мемлекеттік қамқорлыққа, дәрігерлердің еңбегіне алғысы шексіз. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында жылы лебіздердің бірін атай кетсек, артық болмас. «Біздің баламызға жүрек талмасы диагнозы туған бойда қойылған болатын. Дәрігерлер кеңесіне көп жүгіндік, Астана қаласына да бірнеше мәрте бардық. Бірақ, бізге біршама күту қажеттігі айтылды және әр жарты жылда арнайы бақылаудан өтіп тұрдық. Сырттай қарағанда сәбиіміздің сырқат белгілері байқалмайтын. Қимылы ширақ, көңілді, кәдуілгі сау баладан айырмашылығы жоқ сияқты. Әйткенмен, уақыт өте бұл кесел баламыздың денсаулығына елеулі әсерін тигізетіні қатты алаңдататын. Сондықтан, кезекке тұрып, жоспарлы отаны күтіп жүрдік. Міне, ота да ойдағыдай өтті, барлығы жақсы болатынынан үміттіміз. Дәрігерлерге көптен-көп рахмет», – дейді Көкшетау қаласының екі жасар тұрғыны Темірлан Баймұқановтың анасы. Өткен жылдың соңында облыс бойынша 15 жасқа дейінгі 887 бала диспансерлік есепте тұрған болатын. Олардың 317-сіне ота жасалды. Биылғы жылдың соңына дейін тағы да 47 ота жасалады деп жоспарлануда. Осы ретте Ақмола облыстық балалар ауруханасының ұжы­мына елеулі салмақ түсетіні рас. Бұл абыройлы міндеттің талап дең­гейінде атқарылып отыр­ғанына ризашылық білдіреміз. Жоғары білікті дәрігер Серік Ақшалов басшы­лық жасайтын аурухана 15 жасқа дейінгі балаларға білікті әрі мамандандырылған көмек көрсетеді. Балалар ауруханасы қазіргі заманғы озық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда балалар ауыр хал­де, сонымен бірге, жоспарлы түрде жолдамамен қабылданады. Емшара тәсілдеріне келетін бол­сақ, бөлімшелерде ми электроэнцелографиясын, нейросонография, эхоэнцелография, реоэнцелография, компьютерлік томография, магниттік-резо­нанстық томография жасауға мүмкіндік бар. Санитарлық авиа­цияның тұрақты кезекшілігі ұй­ымдастырылған. Облыстық балалар ауру­хана­сының хирургиялық бөлімінің құрамында 10 төсек-орынға ар­налған нейрохирургиялық бө­лім­ше де жұмыс істейді. Мұнда бас-ми жарақатына, ми-қан айна­лымының бұзылуына, туа біткен омыртқа зақымына, басқа да кеселге ұшыраған балаларға көмек көрсетіледі, оталар жасалады. Жалпы, әрбір отбасы үшін, қоғам үшін бала денсаулығынан артық бақыт жоқ. Біз бүгін кардиохирургия саласы жөнінде ғана сөз қозғадық. Негізінде, бала денсаулығы бүкіл медицина қызметкерлеріне жүктелген аса жауапты міндет саналады. Бұл бағыттағы кешенді қыз­мет үнемі жетілдірілу, даму үстінде екендігі қуанышты. Биылғы жылы біз 2016-2020 жыл­дарға арналған «Денсаулық» мем­лекеттік денсаулық сақтау бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа бағдарлама Қазақстанда эпидемиологиялық қызмет және саламатты өмір салтын қамтамасыз етуді бірік­тіретін қоғамдық денсаулық сақ­тау жүйесін құруды көздейді. Мұндағы басты назар бастапқы медициналық-санитарлық көмекке бағытталады. Осыған байланысты амбулаториялық емшара негізінде дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Сондай-ақ, қызмет көр­сетудің отбасылық қағидаты одан әрі дамытылмақ. Елімізде 2017 жылдан бастап денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қолға алынатыны, мемлекетіміздің кешенді қамқорлық аясының кеңи түсетіні көңіл өсіреді. Бибігүл ИМАНҚҰЛОВА, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ақмола облысы