Бұл күндері павлодарлықтар осы өңірде туып-өсіп, елі үшін елеулі еңбек еткен, ауыл шаруашылығы және әкімшілік саласында басшылық қызмет атқарып, артында ізгі із қалдырған Бақұстар Рамазановтың 80 жылдығын атап өтуде.
Бақұстар Ғабдұлхайұлы осы өңірге аты мәлім Рамазановтардың отбасында дүниеге келді. Рамазановтар дегенде ең алдымен еске, данышпан Абайдың өлеңдерін бірінші болып орысша аударған, қазақтан шыққан оқымыстылардың бірі Нұқ Рамазанов түседі. Бақұстардың әкесі Ғабдұлхай да білімге ерте талпынып, ұстаздық қызмет атқарған адам. Өз кезінде Шота-Аман Уәлиханов, Кәкімбек Салықовқа орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген. Ал анасы Зейнел – қазақтың біртуар азаматы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың қарындасы.
Бұл әулеттен шыққандардың қай-қайсысы болмасын осал болған жоқ. Соның бірі ретінде Бақұстар марқұмның туған ағасы Аманолла Рамазановты атауға болады. Аманолла ағаның өз кезінде Шымкент, Семей облыстарында обкомның бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, халық шаруашылығына лайықты еңбек сіңіргендігін халық біледі.
Міне, осындай ортада туып-өскен Бақұстар Рамазанов та атжалын ерте тартып мінді. 1959 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын алып шыққаннан кейін Павлодар облысы, Куйбышев ауданы, Чкалов атындағы кеңшарға келіп, тың игерушілер дүрмегіне қосылады. Көп ұзамай білімділігі көзге түскен маман Октябрьдің 25 жылдығы атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. Бақұстар мұнда келген соң директорлық қызметпен ғана шектелмей, өзі игерген селекционер, агроном мамандығын одан әрі дамытып, малдың жем-шөп қорын нығайту бағытында түрлі зерттеулер жүргізіп, онысын жүзеге асыра бастайды. Ертіс алқабында жүгері, күнбағыс, қытай тарысы және басқа да дақылдарды егіп, олардан жоғары өнім алып, ғалымдардың көзіне түседі. Сөйтіп, кеңшар жоғарыда аталған техникалық дақылдарды өсіретін ауылшаруашылық тәжірибе шаруашылығына айналады. Жас басшы өзі ізденісінен нәтиже көрсеткен соң, директорлық қызметімен ғылымды қатар алып жүріп, 1977 жылы ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттық диссертациясын қорғайды.
– Сол тұста ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен басқа басшы кадрлардан Бақұстардың бір ерекшелігі оның ғылымға берілгендігі болды. Ол ғылыми негізге көшірген кезде ғана шаруашылықтан тұрақты да табысты өнім алуға болатындығын ертерек түсінді. Бұл мәселе жөнінен ғалымдармен көп ақылдасып, кеңесті. Өз білімін одан әрі жетілдіре түсуді жөн көрді. Сондықтан шаруашылықты басқара жүріп, сырттай аспирантурада білім алып, өзінің атқарып отырған шаруашылық қызметіне қатысты ғылыми тақырыбын таңдады. Оның ғылым жолындағы ізденістеріне мен жетекшілік жасаған едім. Бақұстардың ғылым мен шаруашылықты қатар алып жүруі ақыры үлкен жемісін берді. Ол өзі басқарып отырған кеңшарды тәжірибе шаруашылығына айналдырып, ғылыми негізге көшуге қол жеткізді және осының нәтижесінде шаруашылық егістіктерінен мол өнім алды, – дейді Бақұстардың досы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зайролла Дүйсенбеков.
Осындай жетістіктердің нәтижесінде Бақұстар Рамазанов Ертіс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалады. Осы ауданда жүргізген жұмыстар нәтижесінде аудан орталығы Ертіс ауылы қала мәртебесіне ие болады. 1979 жылы бұл аудан ел қамбасына 22 миллион пұттан астам астық құйды. Сөйтіп, республика көлемінде астық қоры ең мол үш ауданның бірі болды. Осы еңбегі үшін Бақұстар Рамазановқа «Октябрь революциясы» ордені тапсырылады.
Мұнан кейін Бақұстар Ғабдұлхайұлы облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы, 1990 жылы Павлодар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. 1994 жылы 27 тамызда 58 жасында қайтыс болады.
Бақұстар Рамазанов «Құрмет Белгісі», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған.
Бақұстар Ғабдұлхайұлы 1959 жылы, яғни өзінің институт бітірер шағында Көпей Абдрахманқызымен көңіл жарастырып, отау көтерген болатын. Бұл бақытты отбасында бес бала дүниеге келді. Бұл күндері Бақұстардың ұрпақтары ата-аналарының еңбегі мен тәрбиесіне сай өсіп-жетіліп, елімізге лайықты еңбек сіңіруде.
Бақұстар Рамазанов осы шағын мақалада атап көрсеткеніміздей, өзінің өлшеулі өмірінде халыққа адал қызмет етудің айшықты үлгісін көрсетті. Павлодарлықтар ортасынан шыққан азаматтың осы еңбегін әркез еске алып отырады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»