Шығыс Қазақстанда 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік археологиялық ғылыми-зерттеуді дамыту жоспары негізінде бірқатар аудандарда қазба жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – асқақ Алтайдың аясындағы Патшалар жазығында орналасқан қорғандар. Белгілі археолог, профессор Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен осы Берелден табылған сақ дәуірінің жәдігерлерін тамашалауға мүмкіндік беретін мұражай салынбақ.
Жуырда № 2 қорғанды аршу кезінде б.з.д. IV ғасырға жататын адам сүйектері мен құрбандыққа шалынған жеті жылқының қаңқасы табылған болатын. Адам ағаш кескіннің ішіне салынған бағанаға жатқызылған, оның сүйек қалдықтары әлі зерттелген жоқ. Жылқылар болса скифтік жануарлар тәсілімен безендірілген. Жеті жылқының бірі жерленген адамның жеке тұлпары болған сыңайлы. Өйткені, жануар алтын әшекейлермен безендіріліп, ағаш кескінге жақын орналастырылған екен. Жылқы әбзелдерін безендіруде қораз бейнесі қолданылыпты. Бұл ежелгі көшпенділер мәдениетінде сирек кездесетін жағдай. Зейнолла Самашевтің айтуынша, қорғанды қазу жұмыстары алдағы уақытта жалғаса бермек. Көне қорғаннан өзге де жәдігерлер табылуы әбден мүмкін.
Катонқарағай ауданына жұмыс сапары аясында осында арнайы атбасын бұрған облыс әкімі Даниал Ахметов №2 қорғанның үстіне шыны саркофагты орнату жөніндегі мамандардың ұсынысын қолдады. Саркофагтың бұл түрі келушілерге археологиялық құндылықтарды жақыннан көруге мүмкіндік береді. Осы мақсатта биыл қыркүйек айына дейін жоспардағы құрылысты жүргізуге 40 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлінетін болды.
– Біз бұл қорғандардың туристерді қызықтыратын жерге айналуын көздеп отырмыз. Жақын уақытта қорған үстінен шыны саркофаг салынып, келушілер төмен түсіп, зерттеу жұмыстарының нәтижесін көре алатын болады, – деді Д.Ахметов.
Аймақ басшысы сонымен бірге, Берел қорғандары негізінде этнотуризмді дамыту жоспарын дайындап, туристерді тарту үшін барлық жағдай жасауды тапсырды. Яғни, этнотуризмді дамытудың аймақтық жоспарына киіз үй үлгісіндегі ұлттық нақыштағы мейманхана, арнайы жабдықталған тамақтану нысандарын салу сынды шаралар енгізіледі. Өңір басшысы Берел жазығына келген адамдар ол жердің құндылығы мен көне заманның рухын сезінуі қажеттігін атап өтті. Бұл ретте салт аттыларға және жаяу жүргіншілерге арналған жол бағдарларын дайындауды тапсырды. Аталған жоспарды іске асыру барысы қыркүйек айының басында Өскемен қаласында өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында талқыланады.
– Біз қорғандардың бетіне саркофаг орнату жұмыстарын жыл сайын қаржыландыруға дайынбыз, – деді облыс әкімі археологиялық экспедиция жетекшісі, профессор Зейнолла Самашевке. – Осылайша, бір жағынан, археологтар тарихи мұрамызды зерттеу жұмыстарын жүргізсе, екінші жағынан, ғылым саласымен ұштасқан кәсіпкерлік үрдістерді де дамытатын боламыз.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы