15 Шілде, 2016

25 жылдың 25 сәті

354 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
31124_2 Президент баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы     IMG_4155 Қазақ халық болып қалыптасқалы, жұрт болып ұйысқалы басқасы басқа, ұлтарақтай жерін жатқа бермей, Отанын жаудан жанкештілікпен қорғағаны тарихтан мәлім. Сонау замандардан, бағзы бабалардан жеткен ерлердің ерлігі осының айқын дәлелі. Айбынды армия қалай құрылды? «Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз», деген болатын Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған алқалы жиынның бірінде. Расында да, бүгінгі күні азат халық, тәуелсіз ел атануы­мыз жаужүрек бабалардың қаһармандығының арқасы. Бабаларымыздың қазіргідей әскери шені бол­­маса да, халықтан алған батыр атағының өзі әруа­­ғын асырып, жауының құтын әбден қашырған. Ар­­ғы­сы Бейбарыстан тартып, бергісі Әбілқайыр мен Абылай да ел билемес бұрын әуелі майданда ай­бы­­нын асқақтатып, аламанға әуелі батырлығымен та­ныл­­ған тұлғалар. Жоңғарларға қарсы жорықта атой салған Қабанбай мен Бөгенбай, шапырашты Наурыз­байдан басталып, бертіндегі Ресей пат­ша­сының озбырлығына қарсы күресте атқа қон­ған Махамбет пен Исатай, Сырым батыр, Кене­сары, Жанқожа батырға келіп тірелетін халық батыр­лары­ның азаттық үшін арпалысы ел тарихын­да қаттаулы тұр. Мемлекет басшысының аталары­мыз­дың ұлан­-ғайыр жерді қорғағанының арқасында осындай тәуелсіз мемлекет құрдық деп айтып отырғаны да сондықтан. 05 (236) Әдетте, армия туралы әңгіме қозғала қалғанда, есімізге Бауыржан Момышұлы түседі. Әскери шені полковник болғанымен, кеңестің маршалдарымен иық тіресе сөйлескен, Жуковтардың көңіліне қонақтаған сөз айтқан әйгілі командирдің даңқы төрткүл дүниені шарлап кетті десек, асыра айтқандық болмас. «Қанмен жазылған кітап» авторының шығармаларын отаншылдық өнегесімен адамзатқа танымал израильдік әскерилер, күрескерлігімен күллі әлемнің аузында жүрген кубалық жауынгерлер жастана оқиды десек, асыра айтқандығымыз емес. Бауыржан Момышұлының «Армия – мемлекетті сыртқы және ішкі жаулардан қорғауға арналған ұйымдасқан, тәртіпті мемлекеттің қарулы күші, армияда адамның рухани күші мен қажыр-қайраты қалыпты әрі жоспарлы жұмыс жүргізу үшін қатаң тәртіпке бағынады», деп айтқаны бар. Момышұлы айтқан сол «тәртіпті мемлекеттің қарулы күшін», тәуелсіз елдің кәсіби армиясын, Қазақстанның Қару­лы Күштерін қалыптастыру оңай болған жоқ. Әсі­ресе, әскери кадрлардың тапшылығы ауыр тиді. Кеңес Одағында қазақтан шыққан жоғары буындағы офицерлер саны бір қолдың саусағына да жетпей-тұғын. Әскери генералдардың санын айтпаған күннің өзінде, компартия билік жүргізген жетпіс жылдық кезеңде халқымыздың үш перзенті ғана Бас штабтың Әскери академиясын тәмамдаған, екі адам ғана әскери ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болған. Қазақстандағы әскери комиссариаттар мен рес­­пуб­ликаның азаматтық қорғаныс жүйесінде бар­лы­ғы 1949 офицер қызмет атқарса, соның ішін­де қазақ ұлтының өкілдері 247 (12,6%) ғана болды. Сол кездегі 19 облыстық әскери комиссардың тек 5-і қазақ еді. Ал КСРО Қарулы күштері бойынша жалпы 2 830 офицер қазақ ұлтынан болса, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіндегі 190 офицердің 6-ы қазақ (3%) болды. Училищеде батальон командирінің бірде-біреуі қазақ ұлтынан болған емес, курсанттардың саны төңірегінде сөз қозғасақ, оқу орнында 87 қазақ баласы (9,4%) әскери білім алды. Өйткені, училищеге де квота Мәскеуден бөлінетін. Соған сәйкес аталған оқу орнындағы қазақтардың саны 10 пайыздан аспауы тиіс болды. Керісінше, Ресейден, Украинадан және басқа республикалардан келіп оқитындар жетіп артылатын. Кеңес өкіметінің әскери кадрлар даярлау саясатындағы осындай ұстанымдары Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қиындыққа соқтырды. Қазақстан сияқты әлемдегі тоғызыншы терри­тория­ны иеленіп отырған ел үшін армияның қуатты болуы бәрінен де маңызды еді. Заманауи талап­тарға жауап беретін кәсіби армия құру Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 25 қазандағы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы Жарлығынан бастау алды. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Қысқа мерзім ішінде комитеттің құрамын жасақтау, қорғаныс саласының басым бағыттарын айқындау әсте жеңіл болған жоқ. Комитет төрағасы республика аумағындағы Түркістан әскери округінің қарамағындағы әскери құрылымдарды қабылдап алуға орай, Мәскеудегі әскери басшылықпен үздіксіз келіссөз жүргізуіне мәжбүр болды. Әйтеуір, жанкештіліктің арқасында келісімге қол жеткізілді. Жоғарыда айтқанымыздай, іс жүзінде қазақ командирлері жоққа тән еді ол тұста. Сол кезде республика аумағында 250 мың әскер орналасса да, соның ішінде бірде-бір қазақ полк командирінің болмауы көп нәрседен хабар береді емес пе! Командирлердің бәрі негізінен орыс пен украин ұлтының өкілдері-тұғын. Одақ тарап жатқан алмағайып кезеңде олар көш басын тарихи отанына қарай бұрды да, қиын-қыстау кезеңде түйткілді мәселені жедел шешуге тура келді. Ал елдің Қарулы Күштерін құрудағы басты кезең, ең маңызды құжат – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Президенттің 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығынан басталады. Осы Жарлықтың аясында республика аумағында орналасқан Қарулы Күштер мен оның бүкіл мүлкі республиканың құзыретіне көшетінін айқындап берді. Осы күні Елбасы жас мемлекеттің қорғаныс саласындағы тағдыры үшін өте маңызды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. пп45 Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстан армиясының қалыптасуына байланысты өз естелігінде төмендегіше жайды әңгімелегені бар еді: «Министрліктің штат кестесін шапшаң бекітіп алып, басқару аппаратын құруға кірістік. Бәріміз де күрделі жағдайда, құсұй­қылы жұмыс жасадық. Міндет аса жауапты еді. Ең ал­дымен, сол бір қысылтаяң шақта өте қымбат тұра­тын және сансыз көп әскери техника мен қару-жарақтарды, әскери қалашықтарды сақтап қалу керек болатын. Осы жерде әділін айтсам, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев күрмеуін күткен қисапсыз мәселе қоздап шығып, жан-жақтан қыспаққа алған аласапыран жағдайда аса көрегендік танытты. Мұндай мұқалмас қажыр-қайрат пен алмас жігер біртуар қайраткердің ғана маңдайына жазылған». Уақыт өткен сайын Тұңғыш Президент туралы айтқан тұңғыш Қорғаныс министрінің осы тұжырымы құны жоғары екенін пайымдаймыз. Тәуелсіздікті бекемдеудің басты темірқазығы әскер дейтін болсақ, ендеше сол армияны қалыптас­тыру жедел шешімді, шұғыл әрекетті талап етті. Сон­дықтан да ел Президенті әскери бөлімдерді өзі бас болып аралап, олардың басшы құрамымен ашық-жар­қын әңгіме өткізді. Командирлерге ұлттық алалаудың болмайтыны, сол себепті алаңдамай қызметтерін жалғастыра берудің қажеттілігі жан-жақты түсіндірілді. Қазақ жерінің, сондай-ақ, осындағы барлық ұлттар үшін ортақ Отан екені де жеріне жеткізе айтылды. Әсіресе, бір атап өтетін жағдай, әскери қызметшілерді әлеуметтік қол­дау жөніндегі заң тез қабылданды. Соның арқа­сын­да офицерлер елдеріне барамыз десе, басқа мем­лекет екеніне қарамастан, олардың тегін барып-қайтуы­на да мүмкіндік жасалды. Бұрынғы одақтас рес­пуб­ли­калардың бірде-бірінде сол кезде мұндай заң қа­был­данған емес-ті. Мемлекет басшысының шұғыл шешімі аясында қабылданған осындай нақты шаралар республика аумағындағы әскери адам ресурсы мен техника қуатын мүмкіндігінше сақтап қалуға өзінің үлкен септігін тигізді. Бұл өз кезегінде ұлттық кадрларды даярлауға дейінгі аралықта әскердің әлеуетін әлсіретпеуге жасалған үлкен мүмкіндік еді. Сонымен қоса, Кеңес Одағының түкпір-түкпірін­де әскери қызмет етіп жүрген қазақ офицер­лері тәуелсіз елдің патриоты ретінде ұлттық армия­ның қатарын толықтырды. Сөйтіп, Қазақстан армиясының негізі қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Осылайша, елімізде толық­қанды әскери жүйе қалыптаса бастады. Заман талабы – әлеуетті әскер 01Қазақстан армиясы құрылған күннен бастап оның алдына басты міндет – тәуелсіздігімізді қорғау міндеті қойылды. Әскери басшылық осыны үнемі назарда ұстады. 1992 жылы 8 желтоқсандағы Қарулы Күштер басшылық құрамының командирлік жиынына қатысушылар алдында алғаш рет Қазақ­стан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Жоғар­ғы Бас Қол­бас­шысы ретінде сөйлеген сөзінде Нұр­сұлтан Назарбаев: «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымындағы негізгі іргетас – қауіпсіздікті қамта­масыз ету. Сондықтан, бізге ел егемендігін қор­ғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп бере­­тін, саны аз болғанмен, сапасы биік заманауи әскер қажет», деген болатын. Сол сәттен бастап Бас Қол­бас­шының басшылығымен Қазақстанның Қару­лы Күштері елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауда, ұлттық қауіпсіз­дікті қамта­масыз етуде іргелі міндеттерді атқарып келеді. Әрине, әлеуеті жоғары әскер құру үшін ең ал­ды­мен заңдық негізді шегендеп алудың маңы­зы зор. 1992 жылдың сегіз айы бар, 1993 жыл­дың үш айы бар, бәрін қосқанда бас-аяғы 11 ай ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің мәжілістерінде мемлекеттік маңызы бар бір­қатар құжаттар жан-жақты талқыланып, қабыл­данды. Оның ішінде алғашқы Қазақстан Респуб­ли­касының Әскери доктринасымен қатар, әскери заңдар пакеті: «Қазақстан Республикасының қорға­нысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Респуб­ликасының Заңы, «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет туралы», «Әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғау туралы», «Қазақстан Республи­касы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы», «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы», «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері туралы» заңдары қолданысқа енді. Сөйтіп, тәуелсіз елдің құрыш қалқаны заңдық тұрғыдан да түбегейлі бекемделді. Уақыт талабына жауап беретін армия техника мен қару-жарақты жетілдіру емес, сонымен қатар, кәсіби армияның негізі болып саналатын жаңа әскери буынды тәрбиелеуге де басымдық береді. Осы тұрғыдан алғанда, 1996-2005 жылдар аралығында елімізде әскери білім берудің негізі қаланды деп айтуға болады. Бүгінде баршаға танымал әскери оқу орындары осы кезең аралығында ашылды: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты. Сондай-ақ, жұмылдыру резервін толық­тыру мақсатында азаматтық оқу орындарында запастағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар жұмыс істей бастады. Еліміздегі Құрлық әскерлерінің әскери институ­ты­ның арғы тарихы 1970 жылы құрылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы негізінде Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищеден бастау алады. Әскери оқу орнынан 10 мыңның шамасында маман жолдама алып, олардың 400-ден астамы өзінің әскери міндетін Ауғанстанда және басқа да қақтығыс болған аймақтарда атқарған. Жанқиярлық ерліктері үшін жоғары үкіметтік наградаларға ие болған. Училищені бітірген үш офицер – А.Шахворостов (қаза болғаннан кейін), Н.Акрамов және С.Гущин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 2008 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің қолынан Халық қаһарманы жоғары атағын алған генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та осы оқу орнының түлегі. Құрлық әскер­лерінің институтын ерлікпен жазылған өзіндік дәстүрі бар жоғары оқу орны деп атауға әбден болады. Қазіргі әскери институттың курсанттары, коман­дирлері мен оқытушылары аға ұрпақтың ерлік­тері мен ерен еңбектерін мақтан тұтады. Қарулы Күштерге кәсіби сержанттар даярлау мақ­сатында Елбасының Жарлығымен Щучье қаласында Қор­ғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атын­дағы Кадет корпусының құрылуы отандық армия тари­хын­дағы тағы бір белес. Бүгінгі таңда сержанттар бас­қару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлім­дерге дейін әскерлердің бүкіл құрылымын қамти­ды. Ал армия генералы С.Нұрмағамбетов атын­дағы «Жас ұлан» республикалық мектебі нағыз патриот­­тар тәрбиелейтін оқу орнына айналды деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жас­ұлан­­дықтармен кездесу барысында оларға үлкен сенім артқан болатын. «Біз бұл мектепті құрған кезде, оған аты аңызға айналған жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімін бердік. Сендер оның өмір жолын зерттеп, сондай болуға ұмтылуларың керек. Біздің мақсатымыз – елімізге берілген нағыз пат­риот­тарды – Тәуелсіздікті, Отанымыз – Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының тұтастығын қорғауға дайын болатын әскери адамдарды тәрбиелеу. Өз араларыңда достық пен бірлікті нығайтыңдар, өздеріңді ең жақсы адами қасиетті сақтауға тәрбиелеңдер», – деді Елбасы. «Жас ұлан» республикалық мектебінің түлектері өздерінің өнегесімен қатарластарына үлгі болудан айныған емес. Ел Президентінің сенімін ақтап, қа­зір­гі кезде Отан алдындағы парызын мінсіз атқа­рып жүрген жасұландықтар осының дәлелі іспетті. Әскер түрлерінің басқалары жөнінде әңгіме басқа да, ал әскери-теңіз күштері жөнінде жеке айтуға тура келеді. Өйткені, еліміздің аумағында бұрын-соңды әскери-теңіз күштері болған емес, атал­ған әскер түрінің құрылуы тәуелсіз Қазақстанның жыл­н­амасындағы тарихи оқиға болып саналады. Елбасының 2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің жеке мәртебесіне ие болды. Каспий теңізіндегі қорғаныс қабілетін нығайтып, теңіз төсіндегі шекара шебін мығымдайтын қазақстандық теңізшілер сапқа тұрды. Аз уақыттың ішінде Әскери-теңіз күштері халықара­­лық келісімдерге сәйкес басқа елдерден жауын­­гер­лік кемелерді жеткізуге байланысты бір­қатар мем­лекеттік тапсырмаларды жүзеге асыр­ды. Астра­хан­ьнан шағын төрт күзет кемесін, Түркия­ның Гельчук портынан Мәрмәр теңізі арқылы шағын күзет кемесін, Корея Республикасының Чине порты­нан Пендик порты мен Мәрмәр теңізі арқылы кеме­лерді Ақтау портына жеткізді. Халықаралық деңгей­дегі қызметтерін қалтқысыз атқарған кеме эки­паж­дарының жеке құрамы Қазақстан Қарулы Күш­тері­нің басқа мемлекеттер алдында абыройын асқақтатты. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері әскери тапсырмаларды орындай отырып, Каспий теңізінің қазақ­стандық бөлігіндегі су асты және су үсті жағ­дайын үнемі қадағалап отырады. Ал жыл сайын Әскери-теңіз күштерінің қатары отандық және шетелдік оқу орын­дарын бітірген түлектер есебінен толығып келеді. Әскери теңізшілер Ресей, Германия, Түркия, Корея, Әзербайжан, Пәкістанда білім алып, әскери-теңіз күш­­теріне қатысты әскери мамандықтардың қыр-сырын меңгереді. Осылайша, тәуелсіздіктің арқасында дүниеге келген әскердің жаңа түрі де елдің қорғаныс қабі­летін нығайтуда өз үлесін қосып келеді. Әскер әлеуеті әскери жаттығулар арқылы шың­дала түседі. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер әскерлерінің алғашқы «Өзара іс-қимыл-2009» бірлескен стратегиялық-командалық жат­тығулары «Мәтібұлақ» әскери полигонында өт­кі­зіліп, оған 15 мыңнан астам әскер, 1500 бронды тех­ни­ка және жүзшақты әскери ұшақ пен тікұшақ қа­тыс­қан еді. Бұл да болса Қазақстан армиясын тағы бір қырынан танытқан ауқымды әскери жаттығу болды. Жауынгерлер жаттығуда шыңдалады демекші, Қорғаныс министрлігінің тізгінін Иманғали Тас­мағамбетов ұстағалы бергі әскерилердің жауын­герлік даярлығы айрықша қарқын ала бастады. Аяқ асты дабыл қағылып, әскерлердің шұғыл әзірлігі сынаққа түсіп жүр. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынының саны да күрт өсті. Өткен жылы еліміздің Қарулы Күштерінде ұзын-саны 3500-дей әртүрлі оқу-жаттығу өткізілсе, биылғы жылдың төрт айы ішінде 950 оқу-жиыны өткізілді. Соңғыларының ішіндегі ірілері «Айбалта» және «Қаратау» ірі оқу-жаттығулары болып табылады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшы­лығының әскерлерінде өткен «Қаратау-2016» оқу-жат­тығуға «Батыс» және «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығының жеке құрамы, 25744, 86717, 30238, 75488 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметі мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланның бөлімшелері тартылды. Аталған жаттығу жеке құрамның жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу машығын, сондай-ақ, дене төзімділігін және әскерлерді алыс қашықтықтарға бір жерден екінші жерге жөнелтуді пысықтауға бағытталған. «Қаратау-2016» оқу-жаттығуына 7000-нан аса әскери қызметші қатысты. Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан әскери жаттығулардың нәтижесінен Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуеті артып келе жатқандығын айқын аңғаруға болады. Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Қару­лы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық армияның әлеуеті күш­ті армияға айналуына қажырлы еңбек сіңірумен қатар, оның техикалық тұрғыдан жарақтан­дыры­луы­н­а да ерекше назар аударады. «Биыл біз осы айтулы күнді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына дайындық аясында атап өтеміз. Ұлттық армия, әскери-әуе күштерін және әскери-теңіз флотын құру – егемен Қазақстан шежіресіндегі маңызды белестің бірі. Алғашқы әскери бөлімдерді қалыптастырудан бастап, ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздіктің қазіргі заманауи жүйесіне дейінгі үлкен жолды жүріп өттік. Ең заманауи қарумен және техникамен жабдықталу, командирлердің кәсібилігі, жеке құрамның жоғары жауынгерлік дайындығы мен машығы – осының бәрі біздің Қарулы Күштерімізге тән», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Отан қорғаушы күніне арналған жиын барысында. Иә, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан ар­миясы қиын кезеңнен, қалыптасу кезеңінен абы­рой­мен өтіп, әлеуеті күшті, мемлекеттің тәуелсіз­ді­гін, қор­ғанысын қамтамасыз ететін қуатты армияға айналды. «Қазір енді осының бәрі бір күнде өздігінен бола қалғандай көрінуі мүмкін. Шындығында, тәуел­сіздігімізді жариялағанымызбен, оның ертеңгі тағдыры беймәлім еді. Республикамыздың Тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты, Үкі­мет пен Парламенттің қажырлы қызметі, сондай-ақ, қазақ­стандықтардың өзіне ғана тән парасат-пайымы талай ұрпақ аңсаған ақжарылқап күнге жеткізді». Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһар­маны Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстан армия­сының қалыптасуына байланысты осылай деген болатын.  Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»