Бұл ұлттық реформаның ең өзекті және күрделі буыны
Саяси ғылымдар докторы, профессор Нәубат ҚАЛИЕВПЕН әңгіме
– Нәубат аға, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген тақырыпта жарық көрген бағдарламалық мақаласында Елбасы ел ішінде жүргізілуі тиіс бірқатар реформалар жайында сөз қозғайды. Солардың бірі – мемлекеттік қызмет төңірегіндегі реформа. Яғни, алдағы уақытта «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру қолға алынбақ. Бұл қалай жүзеге асуы мүмкін?
– Бес ұлттық реформаның ішіндегі ең өзектісі, ең күрделісі, негізгі буыны – жаңа мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екенінде дау жоқ. Егер дәл осы мәселені біздің мемлекеттік басқару институттары Президент стратегияларында анықталып, тұжырымдалғандай, ойдағыдай тез және тиімді шешсе, ол өзімен бірге басқа реформаларды да шешудің, жүзеге асырудың нақты әрі аса қуатты тетігі бола алады. Яғни, осыдан 80 жылдай бұрын, кеңес кезеңінде айтылған: «Бәрін де кадрлар шешеді!» деген белгілі қағидат бүгінде, жаңа заманда бұрынғыдан да өзекті әрі ауқымды болып тұр.
Сіздің мемлекеттік қызметтің тиімділігі туралы сұрағыңызға тікелей жауап беруден бұрын мына бір мәселеге тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Қай заманда да қай мемлекеттің алдында мемлекеттік басқару машинасын қалыптастыру, оның ырғақты, іркіліссіз ел мен ұлттың мүддесіне қызмет істеуін қамтамасыз етудің күрделі проблемалары тұрады. Тәуелсіздік алған күннен бастап біздің мемлекетіміздің алдындағы ол міндет, міне, ширек ғасыр бойы, менмұндалап тұр және үнемі жаңа талаптармен күрделеніп, жаңа деңгейде күн тәртібіне қойылып келеді. Осы жолда, сөз жоқ, 1998 жылғы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң маңызды кезең болғаны сөзсіз. Ол Заң белгілі мөлшерде өз миссиясын орындады. Ал енді ширек ғасырға жуық мемлекеттік басқару тәжірибесінің жағымды да жағымсыз тәжірибесіне сүйеніп, аяққа тұсау болған кедергі-қателіктерге қайта сүрінбеу, оларға жол бермеу – бүгінгі басқарушылардың маңызды міндет-парызы. Бұдан былай, байырғы кедергілер мен біліксіздіктерге қайта-қайта сүрініп-қабынуға болмайды. Кейде, тіпті: «Біздің басқару жүйесіндегі, әсіресе, атқарушы билік саласындағы мемлекеттік қызметтің сапасы мен тиімділігі мәселелерімен түбегейлі, яғни құзыреттері мен өкілеттіктері бойынша тікелей жауапты шешімдер қабылдайтын, талдау жасайтын кадрлар өз мемлекетімізде қабылданған іргелі, стратегиялық құжаттармен жұмыс істей ме, солардың төңірегінде ойлана ма?», – деген сұрақ туады...
Ал енді кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселесіне келсек, бүгінгі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы мемлекеттік билік институттарының, басқару органдарының жауапкершілігі, қызметінің тиімділігі мен сапасы ерекше орында. Стратегия тағдыры мен орындалу деңгейі мемлекеттік басқару институттарының қызметіне тікелей байланысты. Олардың қызметінің құрылымы да, сапасы да, кадрлардың жауапкершілігі де стратегия талаптары мен мүддесіне сай келмейтіндігін Мемлекет басшысы соңғы бірер жылда әлденеше рет, оның ішінде Үкімет отырыстарында да талай айтты. Енді нақты не істеу керек? Ең алдымен, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңдағы іргелі қағидаттар мен талаптарды мұқият орындау міндеті тұр. Мәселен, конкурс жариялаған мемлекеттік орган бірінші сол конкурсқа қатысқандардың барлық дерегін, қанша балл жинағанын өзінің сайтында немесе тиісті жерде көрнекті етіп, ашық жариялауы керек.
Ал бізде қалай? Әр мемлекеттік органның жанында конкурстық комиссия деген бар. Ол сол аппараттың адамдарынан құрылған. Төрағасы мемлекеттік орган басшысының немесе аппарат басшысының орынбасары. Сырт көзге сол комиссия ашық жұмыс істеген сияқты, бірақ іс жүзінде ол сол орган басшысының меңзеген адамын жұмысқа алады. Ол адамның басқа үміткерлерден артықшылығы айтылмайды, басқаларын: «Біз сізді болашақ резервке қойдық» деп шығарып салады. Осылайша, конкурстың мәні, талаптары, мағынасы құрдымға кетіріледі. «Сол баяғы, бай мен қожа таяғы» дегенге ұқсас көріністер. Мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін осындай ескі, қитұрқы тәсілдер.
– Елбасы өз мақаласында Қазақстанның барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кіріскенін айтты. Сол арқылы қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алғанын жеткізді. Сіздің ойыңызша, ол кезеңнің ерекшелігі қандай болмақ? Жалпы, меритократияның мәні неде?
– Біз мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесін қалыптастырмақ болғалы ширек ғасырдай уақыт өтті. Ол кезеңнің өз жетістіктері, тәжірибесі, олқылықтары мен кемшіліктері болды. Ал жаңа кезеңнің, жаңа уақыттың бастау көзі, шебі белгілі де нақтылы. Ол 2013 жылы Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Қазақстан-2050» – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси стратегиясынан» бастау алады. Стратегияда былай деп нақты айтылған: «Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру». Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Біз әкімшілік реформасының екінші кезеңін бастап кеттік» деп түйген болатын. Міне, жаңа кезең деген – осы.
Ал оның ерекшелігі қандай болмақ десек, ең алдымен, осы уақытқа дейінгі жағымсыз тәжірибені еңсеру. Бізде мына мәселелер күрделі болып тұр: олар – мемлекеттік қызметтің құрылымының оралымсыздығы, оның мемлекеттің, тиісті саланың алдындағы күрделі мүдделерді шешуге сай келмейтіндігі, құрылымдық-функционалдық жағынан тиімсіздігі, кадрлар сапасының төмендігі, өткен заманның білім жүгімен жүрген адамдардың көптігі, кадрлар тұрақсыздығы, мемлекеттік қызметтен жеке секторға кету үрдісінің күшеюі, ең қасіреттісі, турасын айту керек, әр деңгейдегі мемлекеттік органдарды кеулеген сыбайлас жемқорлық.
«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңда меритократия осы саланың аса маңызды қағидаты ретінде бекітілген. Заңға сәйкес, меритократия дегеніміз – мемлекеттік қызметшінің сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету. Демек, жаңа кезеңнің ең басты ерекшеліктері мыналар деп ойлаймын: олар – меритократия қағидатының толық қызмет жасауы, мемлекеттік қызметке тың, жас күштердің, әсіресе, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген, өткен кезеңнің рудименттерінен ада, қазіргі заманғы басқару теориясын, мемлекеттік қызметтің еуропа, жапон, неміс үлгісіндегі жетістіктерін, талап-тәжірибесін білетін, жемқорлық дертінен қолы да ойы да мүлдем таза жастардың келуі, қоғам алдындағы мемлекеттік қызметтің беделінің өсуі және оған деген халықтың сенімі, мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде жаңа этикалық-психологиялық ахуалдың қалыптасуы.
Меритократияны асыра бағалауға да болмайды. Оның шеңберінде жүзеге асырылатын үнемі бәсекелестік, индивидуализм еңбек ұжымдарындағы ахуалды шиеленістіретінін, біздің менталитетте құрметтелетін ұжымдық ынтымақтастық, өзара қолұшын созушылық пен сенімділік тәрізді құндылықтармен қайшы келетінін де ұмытпауымыз керек.
– «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң негізінде «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестациядан өткізу көзделмек. Сонымен қатар, қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп арттырып отыру да заң тұрғысынан бекітілмек. Бұл мемлекеттік қызметті сапалық деңгейге қалай көтереді деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызметшілерді аттестаттауда біршама жинақталған тәжірибе бар. Оны келешекте нақты, ашық, әділетті және сол саланы басқарудың негізгі мүдделеріне жақындатып өткізу керек. Бізде, әдетте, аттестаттау белгілі төрт-бес заңның төңірегіндегі сауалдамалар түрінде болады. Оларды мамандар жоғары оқу орындарында өткен, көбісі оны жатқа біледі. Одан аттестаттаудың тиімділігі артқан жоқ. Аттестаттаудың міндеті, біздің ойымызша, сол салада тұрған соны, жаңа, ондағы шешілмеген күрделі міндеттерді, проблемаларды, оның даму перспективаларын бүгінгі кадрлар қалай біледі, оның қандай жолдарымен таныс, оны шешу жөнінде қандай ұсыныс, пікірлері бар деген сұрақтарға жауап беруі керек. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық санаттарына байланысты аттестаттау талаптарының үнемі күрделеніп, жетілдіріліп отыруы маңызды.
Ең бастысы – бұл істегі формализмді, оны жай бір бюрократтық рәсім ретіндегі кешегі көзқарасты еңсеру керек. Бізде кейінгі кезде жастарды біліктілікті көтеруде бірден шетелге, Еуропаға жіберетін дәстүр қалыптаса бастады. Бұл – өте қымбат үрдіс. Жас мамандар алғашқы біліктілік курстарын, ең алдымен өзімізде өтіп, елдегі заңнамалық-ұйымдық, басқарушылық тәжірибені толық игеріп, қаруланып, қабылдағаннан кейін ғана, келесі – екінші немесе үшінші кезекте ғана шетелге жіберілуі орынды. Сонда ол маманның басқа елдердегі тәжірибесі мен өзімізде қол жеткізгенді салыстыруға мүмкіндігі, сын көзімен қарауға машығы болады.
– Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобалары үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыру бағытындағы шаралар жөнінде не айтасыз?
– Бұл сұрақ жалпы біздің тақырыптан әлдеқайда кең, елдегі жалпы кадрлар дайындауды қамтитын, жалпымемлекеттік саясат. Бұл – елдің экономикалық дамуының аса маңызды тетігі. Мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуының кадрлық құрамдасындағы адам факторын пайдаланудың аса маңызды механизмі. Бұл саясаттың маңызы мынада жатыр: бүгінде «адам факторы» маңызы жағынан инвестицияның аса маңызды нысаны, ол маңызы жағынан тіпті, жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтардан кем бағаланбайды. Экономикадағы адам факторының маңызын зерттеген ғалымдар Т.Щульц пен Г.Беккер осы теориялық талдаулары үшін экономика саласындағы Нобель сыйлығын алды. «Адам факторы» экономиканың бәсекеге қабілеттілігін тікелей бастайтын жасампаз күш. Қазіргі заманғы индустриялық-инновациялық даму саясатына байланысты алғашқы қадамдар жасалуда. Мемлекет тарапынан орта және жоғары оқу орындарында техникалық кадрлар дайындауға мемлекеттік гранттар жыл сайын арттырылуда. Бұл жердегі ең күрделі, маңызды және перспективалық мәселе – елімізде технологиялық серпіліс жасайтын техникалық кадрлар дайындау. Ең қажеттісі – биотехнология, биоинженерия, жаңа энергия көздері саласындағы мамандар.
Мұнда қоғамның, ұлттың терең, ғасырлық мүддесі бар. Қазір үшінші индустриялық революция ғылым мен техника саласындағы озық елдердің есігінен ене бастады. Мәселен, Давоста өткен Әлемдік экономикалық конгресте адамзатқа цунамилардың жылдамдығымен, тіпті, төртінші – цифрлы технологиялар революциясының төніп келе жатқаны да айтылды. Бұрынғы осы тектес екі революцияда казақ елі кенже қалды. Енді сол үшінші индустриялық революцияның белсенді қатысушысы болуға, өз орнымызды алуға жеткілікті материалдық, адами, табиғи ресурстар бар. Енді көштің соңында қалуға құқымыз жоқ. Елдегі ғылыми-академиялық күштер осыған жұмылдырылуы керек.
Бүгінде Білім және ғылым министрлігінің тиісті құрылымдары жоғары білімнің жаңа стандарттарын дайындауда. Ал мектепте оқытылуы керек деген ұстаныммен, жоғары оқу орындарында бүгінде оқытылып жүрген кейбір пәндер бұл стандартқа енгізілмей қалу қаупі бар. Солардың қатарында, мәселен, ширек ғасырға жуық оқытылып келе жатқан «саясаттану» пәні тұр. Егер, мәселе дәл осылай шешілсе, бұл орны толмас олқылық болады. Өзінің болашақ жоғары білімді кадрларына сол мемлекеттің саяси жүйесін, мемлекеттік құрылысын, саяси институттары қызметін, басқару, сайлау жүйесін, демократиялық құндылықтарын, көпэтносты елдегі этносаясатын, ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын оқытып, түсіндіріп, бойына сіңірмейтін жоғары білім жүйесі қандай білім жүйесі?! Бұған құзырлы органдар тез арада араласып, мәселені мемлекеттің саяси-идеологиялық терең мүдделері тұрғысынан шешуге ықпал жасауы керек деп есептеймін. Үстірт, шалағай шешімдер – мемлекет мүддесі мен ел болашағына, ұлт қауіпсіздігіне, жастар тәрбиесіне қатер-қауіп туғызарын есте ұстау қажет.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында шешімі табылмай келе жатқан тағы қандай мәселелер бар?
– Мемлекеттік қызмет саласында қордаланған мәселе жеткілікті, соларды реттеуге мемлекеттік қызметке байланысты соңғы қабылданған Заң және басқа нормативтік-құқықтық актілер бағытталған. Ең басты мәселе – олардың сапалы және барлық деңгейде біркелкі орындалуы. Ендігі мәселе, көп ретте жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі қызметіне келіп тіреледі. Мұндай арнайы министрліктің болуы әлем мемлекеттерінде сирек кездесетін тәжірибе. Бұл министрліктің Үкімет құрамындағы өзімен қатар тұрған басқа министрліктерден айтарлықтай айырмашылығы бар, солардың қызметіне де еркін араласа алады. Құзыреттері көрсетілген. Мемлекеттік қызметті үйлестіріп, ұйымдастыруда ерекше жауапкершілік жүктелген. Басқа министрліктер мен мемлекеттік органдарда жауапты хатшы, аппарат басшылары бар. Осылардың қызметін үйлестіріп, бағыттау да оңай жұмыс емес. Мүдделер қақтығысы проблемасы осы бағыттарда тууы мүмкін. Жаңа министрліктің оған уәкілетті орган ретінде заңмен берілген құзыреттерді толық, сапалы және тиімді жүзеге асыруы үшін көп тер төгуіне тура келеді.
Бұл уәкілетті органның жауапкершілігіне жататын мына функциялардың өзінен-ақ, ведомствоның міндеттерінің күрделілігі мен жауапкершілік ауқымы көрініп тұр. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк қызметінің кадр резервін қалыптастыру; мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын; мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру; заңдарды, нормативтiк-құқықтық актiлерді бұзып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзу; мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн айқындау. Осындай күрделі қатынастарды реттеу, басқару және бағыттау оңайға түспесі анық. Жалпы, реформалардың ауқымы кең. Оларға үлес қосу – еліміздің әр азаматының абыройлы парызы.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Астана