Тереза Мэй – Ұлыбритания премьер-министрі
Жақында бұл елдің үкіметін кім басқарады деген тақырыпта сөз қозғағанбыз. Тізгінді ішкі істер министрі Тереза Мэй ұстайтын шығар деген болжам айтсақ та, бұл тым тез жүзеге асады деп ойлағанымыз жоқ еді. Елде қалыптасқан дәстүр бойынша премьер-министр алдағы қыркүйек айында ғана ауысуға тиіс еді. Бірақ, сәрсенбі күні Тереза Мэй қызметке кірісіп кетті.
Сірә, бұрынғы премьер-министр Дэвид Кэмерон асықты ма, жоқ қалыптасқан жағдай асықтырды ма, мәселе тез шешілді. Кэмерон сәрсенбіде Букингем сарайына барып, королеваға отставка жөніндегі өтінішін тапсырды. Осылай ететінін ол күні бұрын хабарлаған. Соған орай партия көсемін анықтау да жылдам шешілді. Консерваторлар партиясы фракциясындағы үш үміткерге дауыс беруде Мэй 199 дауыс, ал энергетика министрінің орынбасары Андреа Ледсом 84 дауыс алған соң-ақ, жағдай белгілі болған. Сонда Ледсом Мэйге жол беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, консерваторлар партиясы өз көсемін сайлаумен қатар, Мэйді үкімет басшылығына бекітті.
Осылайша, Тереза Мэй премьер-министрдің орынтағына жайғасты. Ол бұл орынға отырған Маргарет Тэтчерден кейінгі екінші әйел қайраткер. Ол осынау үлкен орынға отыруға тайсақтайды деуге де келмейді. 59 жастағы Тереза Мэй саяси күрестің, мемлекеттік қызметтің от-жалынынан өткен қайраткер. Ол талай жеңісті де, жеңілісті де бастан кешкен.
Рас, Кэмерон кететінін айтқанда, бұл елдегі саяси жағдайды білетіндер оның орнын қазына канцлері Джордж Осборн басар деген. Беделі сондай еді. Ол бас тартты. Тіпті болмағанда, Лондонның бұрынғы мэрі, билікке құмарлау Борис Джонсон таласар деген. Таласпады. Сірә, ол Кэмеронның беделінен тайсақтаған-ау дейсің. Шын мәнінде, Кэмерон консервативтік партияны жеңіске жеткізген, әлемдік деңгейдегі саясаткер еді. Сол Кэмерон Те
реза Мэйге ақ тілек айтты. «Мен Тереза Мэйдің біздің жаңа премьер-министріміз болатынына қуаныштымын, – деді ол. – Ол күшті де білікті саясаткер, ол біздің елімізді алдағы уақытта бастап жүруге қабілеті жетіп-артылатын қайраткер. Мен оны барынша қолдаймын».
Бүгінде Тереза Мэй туралы айтылып жатқан әңгіме көп. Жағымды әңгімелер. Көп жұрттың оны «темір ханым» атанған Маргарет Тэтчермен салыстырады, ұқсастыратындары да бар. Сірә, сол шындыққа келер. Жұрт ұқсас дегенде, екеуі де дін адамының қыздары, екеуі де Оксфордта оқыған. Кезінде лайықты жар таңдаған. Ұқсастық осымен тәмамдалар. Тэтчер қаталдығымен «темір ханым» атанды. Білімге қаржыны қысқартты, кәсіподақпен айқасты, шеруді қуып таратты, Ирландия сепаратистерін жазалады, партия ішіндегі оппозицияны тұқыртты. Мэй мұның ешқайсысын жасамас еді.
Дэвид Кэмерон оған бірден екі министрлікті тапсырды. Қызметінде өте абыройлы болды. Оның мінезінен қаталдық та, қайырымдылық та аңғарылады. Полиция жұмысындағы кемшіліктер үшін халықтан кешірім сұраса, ұлтаралық, этносаралық мәселеде, миграция мәселесіне қатысты қатал көзқарас ұстады.
Қазір Ұлыбритания аса жауапты кезеңде тұр. Басқасын былай қойғанда, Еуроодақтан бөлінудің өзі қандай мәселе! Оны аяғына жеткізу оңай емес. Британия қоғамы екіге бөлінген. Біріктіру де оңай емес. Ел валютасы – фунт стерлинг соңғы отыз жылда болмаған құлдырауға түсті. Соның бәрінің жауапкершілігі Тереза Мэйге жүктеледі. Содан елді ойдағыдай алып шығады-ау деген ой көңілге үйіріле береді.
Жақыныңа үйленбе – қаның бұзылады
Биылғы шілдеден бастап Тәжікстанда жақын туыстардың бір-біріне үйленуіне тыйым салатын заң күшіне енді. Бұл елдің ішінде ғана емес, сыртта да сөз болып жатыр. Тәжіктер неге бұған барды дейді. Тіпті, бұл елдің дәстүріне қайшы емес пе дейтіндер де бар, адам құқын алға тосатындар да кездеседі. Ал бұл заңдар ұлттың денсаулығы мен генефондын сақтауды көздейді.
Бұл мәселе біраздан бері айтылып келеді. Парламентте де қозғалған. Осыдан үш жыл бұрын депутат Саодат Әміршоеваның ұсынысы қолдау таппаған. Елдің дәстүрі алға тосылды. Дінге де, шариғаттың талаптарына да сүйенді. Биыл соның бәріне қалай тойтарыс берілді дегенде, президент Рахмонның ықпалы болғаны айқын. Ол Чахорбогтағы мүгедек балалардың үй-интернатында болып, ондағы жағдаймен танысқан соң, өзінің көргенін депутаттармен бөлісті. Бұл бір жағы осы мәселені көтеріп жүрген депутаттар үшін қолдау да еді.
Жағдай айтарлықтай ушығып тұр екен. Әдеп, мораль тұрғысынан қарамағанның өзінде де, бұл ұлттың дамуына қауіп төндіргендей құбылыс болып шыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, халқы шағын елде өсіп-жетілуі ауытқыған 26 мың мүгедек бала бар екен. Солардың 35 пайызы жақын туыс адамдардың үйленуінен туған балалар. Ата-аналары сап-сау, балалары саңырау, зағип, басқа да кемістігі бар болып келеді.
Бұл жөнінде ғылымда қалыптасқан тұжырым бар. Жақын адамдардың үйленуіне болмайды. Бұл елде, әсіресе, таулы, ауылдық жерде халық аз. Бір ауыл ағайын-туыстан тұрады. Жұрт қалыңдықты сырттан іздеп жатпайды. Оның үстіне шамалы дүниесі барлар байлығымыз сыртқа кетпесін дейтін көрінеді. Содан соң, қыздарымыз алысқа кетіп, онда қиындыққа ұшырамаса дейтіндер де бар. Дәстүрді қалай ақтағанда да, ұрпаққа еншіге қауіп қалады. Бұл қауіптен құтылудың жалғыз жолы – жақын туыстардың үйленуіне тыйым салу.
Қалай дегенде де, тәжік қауымы үлкен бір жаңалыққа қадам жасады. Бәлкім ол біраз елдерге де ықпал етер. Әсіресе, мұсылман елдері арасында жақын туыстардың бір-біріне үйлене беруі қалыптасқан. Тек сүт туыстарға ғана рұқсат етілмейді. Немере ағайындар үйлене береді. Жеті атаға дейін қыз алыспау талабын қатаң сақтайтын қазақтарға бұл өте оғаш көрінеді.
Жақын туыстардың бір-біріне үйленуіне тыйым салу мәселесін сөз еткенде, басқа халықтың дәстүрін сыйламағандай көрінуі мүмкін. Бірақ шындыққа жүгінген жөн ғой. Белгілі генетик ғалымымыз, академик Талғат Момынов жақында жариялаған бір мақаласында адамдардың генефонды қаншалықты әртүрлі болса, денсаулығы соншалықты жақсы болады деген заңды алға тосады. Және халқымыздың мұны сақтайтынын, Тәуке ханның мұны өз жарғысымен бекіткенін мақтанышпен айтады.