16 Шілде, 2016

Айтады. Ескертеді. Міндеттейді

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
160716 Еліміздің бір емес, бірнеше өңірінде күйдіргімен ауырған ірі қара малдар анықталып отыр. Бұл жағдай өз азаматтарымызбен қатар, көрші елдерді де алаңдата бастады. Осыған орай ел тұрғындары Орталық коммуникациялар қызметіне хабарласып, жағдайдың бет алысы туралы сұрап жатыр. Кешегі баспасөз мәслихатында осы мәселе сөз болды.   Журналистермен кездесіп, көңілі алаң жұртқа жағдайды түсіндіруге Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық ба­қылау және қадағалау коми­тетінің төрағасы Сақташ Ха­сенов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Бауыржан Байсеркин және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин кел­ді. Ведомстволар өкілдерінің айтқанына құлақ қойсақ, күй­діргіге қатысты Премьер-Минис­трдің басшылығымен арнайы жиын өткізіліп, жағдай толық бақылауға алынған. Сондай-ақ, ауыру ошақтарын жою бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта еліміздің төрт облысында осы ауруды жұқ­тырған 14 адамның сегізі ауруханадан шығыпты. Тағы алты адам стационарда ем қабылдауда екен. «Ағым­дағы жылдың 8 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Қазақстан бойынша 16 адам күйдіргі дертін жұқтырған. Ал­маты облысында – 3, Шығыс Қазақстанда – 2, Қарағандыда 8 тұрғын түйнемемен ауырып, екеуі қайтыс болды. Сондай-ақ, Павлодар өңірінде де 3 адам осы аурумен ауырған. Аман қалған 14 адамның сегізі қазір ауруханадан шықты, тағы 6 адам стационарда ем қабылдап жа­тыр», деді Б.Байсеркин. Департамент басшысының сөзіне илансақ, ауруханада жатқан 6 адамның біреуі Қарағандының, екеуі Шығыс Қазақстан, үшеуі Павлодар облысының тұр­ғын­дары. Бұған дейін жағдайы өте ауыр болған павлодарлық 2 адам-ның жағдайы жақсарған, тағы бір адамның жағдайы тұрақты көрінеді. Бұған қоса, осы адамдармен байланыста болған 301 адам толық медициналық тексеруден өтіпті. Жағдайдың біршама күр­делі екенін ашық айтқан бас санитар ел тұрғындарын ет тұтынарда өте сақ болуға ша­қырды. Әсіресе, базардан ет алғанда сақтық шараларын ұстану қажеттігін баса ескертіп, еліміздің үш облысында тараған сібір жарасы ауруы туралы әңгімелеп берді. Негізі күйдіргі ауруы, көбінесе ауру малдан жұғады екен. Оның адамға то­пырақтан жұғу оқиғалары өте сирек кездесетінін айтты ол. «Күйдіргі ауруы адамнан адамға жұқпайды. Осы шақта алдын ала эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Осының арқасында шілденің 8-інен бастап адамдар арасында сібір жарасын жұқтырудың бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Барлық локалды ошақтар оқшауланған. Бәрінде де тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір бізді Павлодар облысы алаңдатады. Ұзынсу ауы­лында осындай эпидемияға қарсы іс-шаралар атқарылуда. Жалпы, қазіргі күнде жағдай біздің бақылауымызда тұр», деген Ж.Бекшин, Қазақстанда сібір жарасының 98 пайызы тері арқылы өтетін ауру екенін еске салды. Сөйтіп, оның негізгі белгілері – дене қызуы мен теріге шығатын жаралар екенін қадап айтты. Еліміздің бас санитары аурудан сақтанудың тағы бірнеше шарасын алға тартты. Ол шикі ет пен ет өнімдерінің дәмін татпауға, ал етті пісіргенде бір кесектің мөлшерін 500 грамнан асырмауға кеңес берді. «Бүгін біздің негізгі мақсатымыз – халыққа сақтық шараларын жеткізу. Біріншіден, ет пен ет өнімдерінің қауіпсіздігі ескерілген базарлар мен сауда орындарынан және дүкендерден ғана ет сатып алу қажет. Кездейсоқ адамдардан, кез келген жерден ет пен тамақ өнімдерін алуға болмайды. Тамақ дайындағанда шикі ет өнімдері, мәселен, фарштың дәмін татып көру қауіпті. Ет пен ет өнімдерін дайындағанда оны мұқият пісіру және қуыру ләзім. Мал қораларын жинағанда, терімен, жүнмен айналысқанда бір реттік бет пер­делерді пайдаланған дұрыс. Ол перделерді пайдаланғаннан кейін міндетті түрде өртеп жіберу керек», деген ведомство басшысы, дәрігердің көмегіне жүгінгенде ауруға себеп боған жәйттерді бірден айтқан дұрыс екенін айтты. Себебі, осының арқасында шұғыл медициналық шешім қабылдауға болады. Расын айтқанда, сібір жара­сының ошағы еліміздің бірнеше өңірінде бір мезгілде шығуы ірі қара малдарға егілген екпелердің сапасына да күмән туғызды. Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық ба­қылау комитетінің төрағасы жауап берді. Оның айтқанына қарағанда, екпенің сапасы жақсы. Ал сібір жарасына ұрынған малдардың ауруға қарсы тұра ала­тын иммунитеті әлсіз, әлжуаз болуы ықтимал екен. Ондай жағдайда екпе толық көмектесе алмайтын көрінеді. Себебі, бұл ауру тышқан тектес жәндіктер арқылы да малға жұға береді екен. «Егер екпенің сапасы нашар болғанда, елдегі бүкіл ірі қа­ра осы ауруға шалдығатын еді», де­ді төраға. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»