Премьер-Министр ауыл шаруашылығы және индустриялық кәсіпорындарда, инфрақұрылымдық нысандарда, білім және медицина мекемелерінде болды.
Премьер-Министрдің жұмыс кестесіндегі басты шаралардың бірі аймақтағы қоғам өкілдерімен және бизнес-қауымдастықпен кездесу болды.
Бірінші кезекте Бақытжан Сағынтаев Талдықорған қаласындағы әуежайдың авиациялық қауіпсіздігі қызметінің жұмысын тексеріп, ұшу-қону жолағына, аэровокзал ғимаратына жүргізілген реконструкциялау мен әуежайдың жаңа авиарейстерді дамыту бойынша перспективалары туралы баяндаманы тыңдады. Сонымен қатар, Премьер-Министрге аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Үшарал қаласында салынып жатқан аэровокзал құрылысы туралы баяндалды.
Қазіргі кезде Талдықорған әуежайында жылына 26 мың жолаушыға қызмет көрсетіліп, 600 авиарейс ұшырылады. Әуе айлағының қазіргі аэродромдық мүмкіндіктері Boeing-757, Ил-76, ТУ-134, Челленджер-850, АН-24, ЯК-40 типіндегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Талдықорғанның әуе айлағы Жетісудың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие. Мемлекет астанасына қатынап жатқан рейстермен қатар, мұнда ел өңірлеріне бағытталған әуе қатынастары да даму үстінде. Жақын арада Өскемен мен Ресей Федерациясының қалаларына әуе рейстері ашылады. Өңірішілік маңыздағы дамыған бағыттарды есепке ала отырып, жаппай демалыс орындарына – Алакөл көліне Қазақстанның өзге облыстары мен көрші елдерден туристердің көптеп келуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев АӨК-ті дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуымен және инновациялық технологияларды қолданатын шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров облыстағы АӨК-ті және қант қызылшасын, суармалы егіншілікті дамыту, сонымен қатар, сервистік-дайындау цехтарын құру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Нам Г.Н.» шаруа қожалығының үлгісінде Бақытжан Сағынтаевқа суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы туралы әңгімелеп берді. Бұл шаруашылықтағы суармалы жер көлемі 75 га, оның ішінде 25 га жерде қант қызылшасы, 30 гектарға картоп өсіріледі, қалған жерлерге соя және күздік бидай егіледі. 20-ға жуық жұмыс орындары құрылған.
Аймақта алғаш рет 10 га қызылша өсіру аумағында тамшылатып суарудың израильдік технологиясы эксперимент түрінде қолға алынады. Диқандар осылайша қызылша түсімінің артуына қол жеткізеді, ол аталған шаруашылықта аймақ бойынша орташа деңгейден жоғары және жылына 600 центнерді құрайды.
Алматы облысында қант қызылшасын өңдейтін Жетісудағы аса ірі Ақсу зауыты іске қосылған. 2017 жылы аймақта қант қызылшасы егілетін аумақты 9 мың гектарға дейін арттырып, 30 мың тонна қант алу жоспарланып отыр. Бұл облыс халқын 84%-ға өз қантымен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, сол сияқты 2017-2020 жылдарға арналған АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының міндеттеріне сай келеді.
Облыста 2017 жылы АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 33,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты қарастырылған, оның ішінде субсидия көлемі – 24,9 млрд теңге. Биыл 111 ауылшаруашылық кооперативтерін құру жоспарланып отыр.
Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары кезінде өңір жұртшылығымен облысты одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту, сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында алға қойған міндеттерін іске асыру мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Қатысушылар кездесу аясында өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, солардың ішінде: кәсіпкерлікке, денсаулық сақтау мен білім беру саласына қолдау көрсету, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ, облыс жұртшылығын толғандыратын өзге де мәселелерді талқылады.
Премьер-Министр өңір жұртшылығымен кездесуде Үшінші жаңғыртудың табысты болуы тек материалдық-техникалық ресурстарға емес, бірінші кезекте, адами капиталға байланысты екенін атап өтті. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құрып, мамандарды оқыту мен қайта оқытуға ерекше назар аудару қажет. Таяу болашақта өңірде оңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болады, осы себепті, жергілікті билікке кадрларды қазірден бастап дайындай беру керек. Кездесу барысында Б.Сағынтаев Үкіметтің әрі қарай да бизнес-ахуалды жақсартып, кәсіпкерлерге қаржылай және заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетіле беретініне екпін түсірді.
Кеңес барысында Алматы облысының әкімі А.Баталов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек және Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов сөз сөйледі.
Сондай-ақ, кездесуде облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Келемсейіт, «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС бас директоры А.Матюков, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті А.Оразалы, «Ескелді» ӨК басшысы С.Сариев, Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Жақиянов, «Нүсіпов және К» ЖШС директоры Қ.Нүсіпов, Іле ауданының М.Мақатаев атындағы №13 орта мектебінің директоры Ғ.Нәдірбекова, «Огни Алатау» облыстық газетінің бас редакторы А.Идигов сөз сөйлеп, сұрақтар қойды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ел Үкіметі өндірісті әртараптандыру, жаңғырту, экспорт көлемін ұлғайту және инвестициялар тартудан тұратын экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысудың кешендік жұмыстарын жүргізуде. Осының бәрі ел экономикасының өсімін жыл соңына қарай 5-6% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Үкімет аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін өз жұмысын бес бағытқа жұмылдырады, олар: жаппай кәсіпкерлікті дамыту, өнімді жұмыспен қамту мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, цифрлы экономика мен салалық жобаларды дамыту.
Үкімет жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – құрылыс секторын дамыту. Соған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды, оның аясында таяу 15 жылдың ішінде 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ, аграрлық секторды дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді, бұл сала Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс.
Үкіметтің алдында тағы да бір маңызды міндет – еңбек нарығын жаңғырту мәселесі тұр. Ол өндірістің барлық түріне заманауи технологияларды енгізуге негізделеді. Бұдан өзге, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы қабылданды, ол жаңа кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда цифрландыру мен ақпараттандыру қағидаларына негізделген, денсаулық сақтау мен білім берудің жаңа жүйелерін қалыптастырудың кешенді жұмыстары жүргізілуде.
Барлық алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Үкіметтің, азаматтық қоғамдастықтың ұйымдасқан жұмысы қажет. Сондай-ақ, Алматы облысы тұрғындарының Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында алға қойған міндеттерін іске асыру мәселесінде белсенді болуы маңызды.
Кеңес қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға және облыс әкімдігіне көтерілген барлық мәселелердің шешімін бақылауға алуды тапсырды.
Нұрбол Әлдібаев,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы