Әрине, жұмыр жер адам баласының игілігі үшін жаратылған. Оның қай қиырында тұрсаң да, өз еркің. Бірақ, қазақта «Отан» деген қасиетті ұғым бар. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», дейтін жүректі тербейтін ғажап сөз тағы бар. Біз үшін қазақ даласына жететін жер жоқ. Біздің айтпағымыз: туған жерге деген перзенттік сезім, атажұртқа деген алғаусыз көңіл тұрғысында болмақ.
Кезінде Кеңес Одағы құрамасының бапкерлері тарапынан көп әділетсіздік көрген Жақсылық Үшкемпіровті Украина мамандары шақырған екен. Киевтің дәл төрінен саңғырлаған үй, советтік өлшеммен алғанда ең жақсы көлік – «Волга» береміз, басқа да тұрмыстық игіліктер бар, ең бастысы, Олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына жолың ашық, дейді украин күресінің дөкейлері. КСРО халықтарының спартакиадасын ұтып, бірнеше жыл қатарынан одақ чемпионатында медаль алып жүрсе де, ең болмаса, Еуропа чемпионатына жолы түспеген Жақсылық ағамыз кәдімгідей толқиды. Бірақ, жеме-жемге келгенде атажұртын тастап кетуге дәті шыдамайды. Сол ниетіне қарай, Алла Тағала жарылқады: Жақсылық Олимпиада чемпионы атанды.
Су добынан әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Нұрлан Меңдіғалиевке нағыз бабында жүрген кезінде Мәскеудің «Динамосы» қолқа салды. Нұрлан біраз жыл Мәскеудің атынан ойнады да, қанжығасын қазаққа өте қажет олжаларға толтырып барып, елге оралды. Сол жақта қалып қойса, қайтер едік?
Су добынан Еуропаның күміс жүлдегері, КСРО-ның 2 мәрте чемпионы Асқар Оразалинов Венгрия, Израиль чемпионаттарында шеберлігімен танылды. Венгрия – су добынан 8 дүркін Олимпиада жеңімпазы! Асқар мадияр бауырларды мойындатып, екі жыл қатарынан осы ел чемпионатының үздік мергені болды. Израильден да маңдайы жарқырап, чемпион болып қайтты. Әңгіме ыңғайында Оразалиновқа Нидерланд, Италия, Испания елдерінің «құда» түскенін айта кетейік. Асқар бөтен елде қалған жоқ, Отанына оралды.
Көгалдағы хоккейден КСРО-ның 6 дүркін чемпионы, 2 мәрте үздік мергені Берікқазы Сексенбаев бірнеше жыл Малайзияда ойнады. Сол елдің ең үздік шабуылшысы, бірнеше рет чемпионы атанды. Азияның символикалық құрамасына енді. Берікқазының ғажап өнеріне сүйсінген Малайзия королі Сұлтан Азлан шах оған азаматтық алып, малай туы астында алаңға шығуды, бұған қоса бас айналдыратын материалдық игіліктер ұсынады. Біздің жігіт өміріне жететін байлық пен жат елдің марапатынан өз Отанының бір уыс топырағын артық санап, ауылға қайтты. Қазір шаруасы шалқыған бизнесмен.
Ермахан Ыбрайымовқа да қолқа салушылар болған. Ермаханның табиғи бейімін, шойын жұдырығын сырттан бақылап жүрген АҚШ пен Канада промоутерлері 1999 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатының үстінде оған «кәсіпқой боксқа ауыс», деп ұсыныс жасайды. Сенің мүмкіндігіңмен ақшаны қырып табуға болады, дейді кәсіпқой бокстың жілік майын шағатын көкжалдар. Ермахан кәдімгідей ойланып қалады. Ауылға оралған соң болған жайды әкесіне айтпай ма. Сонда Сағи әке: «Сен қазақсың! Сен қайда барсаң да, тек қазақтың атынан бар. Өзгенің атынан алған атағың мен миллионың мен үшін түкке тұрмайды!» деп шорт кесіпті. Әке сөзін құп алған Ермахан келесі, 2000 жылы Олимпиада жеңімпазы атанды.
Жүрек тебірентер тағы бір мысал: миллиардтан мол асатын адамы бар Қытайды мойындатқан Қанат Ислам «Орыстана бастаған Қазақстанға барып не опа табасың?» деген ағайындарға: «Атажұртымда мықты малшы болсам да, мен үшін абырой!» деп елге тартып отырды. Сол ниетіне қарай қадамы құтты болды: Қанат кәсіпқой бокстың айтулы шеберлерінің қатарына қосылды. Өз ұлтының абыройлы ұлдарының бірі.
Енді әңгімені басқа арнаға бұрсақ. Кеңеске қараған заманда, одан кейінгі тәуелсіздік тұсында жоғарыдағы сайыпқырандарға қоса Олимпиада және әлем чемпиондары, жүлдегерлері бірінен соң бірі шығып жатты. Хош, жеңістің аты – жеңіс. Көк байрағың миллиардтаған халықтың көз алдында желбіреп, әнұраның мұқым дүние аспанында шырқалғаннан артық қандай мәртебе болуы мүмкін.Сол мезет чемпионды аяқ-қолын жерге тигізбей, тік көтеріп әкеткің келеді. Еліңнің мерейін асқақтатқаны үшін, ұлтыңның атын айдай әлемге жария қылғаны үшін. Бірақ өмір ағын судай жылдам. Бүгінгі чемпион ертең жаңа жеңімпаздардың тасасында қалады. Атағы, дәрежесі тарих шежіресінде қаттаулы, бірақ көзден кеткен соң, көңілден де алыстай береді екен.
Хош, әңгіме орайымен қазақ спортының тарихындағы әйгілі чемпиондардың біразын іздестіріп көрейікші:
Олимпиаданың 2, әлемнің 5 мәрте чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына енген әйгілі балуан Валерий Резанцев қазір Мәскеуде тұрады. Олимпиада чемпионы әрі күміс жүлдегері, әлем чемпионы Анатолий Быков (күрес) – Канадада, Олимпиаданың күміс жүлдегері, дүние жүзінің 3 дүркін чемпионы Анатолий Назаренко(күрес) – АҚШ-та, 5 мәрте Олимпиада, 5 дүркін әлем чемпионы Нелли Ким (гимнастика) – АҚШ-та, Олимпиаданың 2 мәрте жеңімпазы, дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпионы Валерий Люкин (гимнастика) – АҚШ-та, Олимпиада чемпионы Виктор Мазин (ауыр атлетика) – Ресейде, 2 мәрте Олимпиада жеңімпазы Владимир Муравьев (жеңіл атлетика) – Германияда, Олимпиада чемпионы Виталий Савин (жеңіл атлетика) – Ресейде, күрестен әлемнің 2 дүркін чемпионы Игорь Растороцкий – Ресейде, бессайыстан Олимпиада жеңімпазы Александр Парыгин – Австралияда, бокстан Олимпиада жеңімпазы Василий Жиров – АҚШ-та, гимнастикадан Олимпиада жеңімпазы Владимир Новиков – АҚШ-та, жүзуден әлем чемпионы Владислав Поляков – АҚШ-та, бокстан әлем чемпионы Игорь Ружников – Ресейде, футболдан Олимпиада жеңімпазы Евгений Яровенко Украинада тұрып жатыр.
Егер осылай кете берсек, кезінде Қазақ елінің намысын қорғап, кейін тағдырдың жазуымен өзге елдерге көшіп кеткен чемпиондарды түгендеп шығу оңайға соқпайды. Бұлардың бәрі бірдей із-түзсіз кеткен жоқ. Қазақ еліне ат ізін салып тұратындары бар. Валерий Резанцев пен Нелли Кимді елдегі ірі жарыстар кезінде сирек те болса, көріп тұрамыз. Евгений Яровенко футбол майданының бел ортасынан төбе көрсетіп қояды. Таяу жылдары Анатолий Быков Алматыға келіп кетті. Грекияда тұратын атақты футболшы Евстафий Пехлеваниди жақында өзінің ұстазы Тимур Сегізбаевқа сәлем бере кіріп шықты. Бір жылдары Александр Парыгиннің баспасөзде Австралияға бекер кеткендігін айтып, өкінген сұхбаты жарияланды...
Біз басқа жұртқа қоныс аударған жоғарыдағы саңлақтарды кінәлаудан аулақпыз. Біздікі, кім қайда жүр дегенді хатқа түсіріп қойсақ деген ниет қана. Өзге елдерге көшкен чемпиондардың қай-қайсысы да Қазақ елі десе, елең ете түсері сөзсіз. Cебебі, біздің халықтың қонақжайлығы, жомарттығы, мейірімі – талай ұлыстарды тәнті еткен табиғи қасиет.
Президент аталмыш мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш», дейді.
Аллаға шүкір, әлемдік айтулы сындарда ұлт мерейін көтерген жүздеген сайыпқырандарымыз өз ортамызда ғұмыр кешіп жатыр. Оларды ел біледі, бәріміз құрмет тұтамыз: Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлықанов, Нұрлан Меңдіғалиев, Марат Сатыбалдиев, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараев, Серік Қалымбаев, Асылбек Қилымов, Берікқазы Сексенбаев, Бақтияр Байсейітов, Асқар Оразалинов, Жомарт Сатыбалдин, Қанат, Талғат, Жанат Байшолақовтар, Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Ардақ Назаров, Мәулен Мамыров, Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Нұрбақыт Теңізбаев, Алмас Өтешев, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Мерей Ақшалов, Жәнібек Әлімханұлы, Алмат Кебісбаев, Нұрмахан Тінәлиев... Бұлардың қай-қайсысы да Отанымыздың игілігі үшін тер төгіп жүрген азаматтар. Бірі министр болған, бірі депутат, енді бірі шаруашылығы дөңгеленген кәсіпкер. Мемлекеттік мекеме басқарып отырғандары қаншама. Ең бастысы, ардақты ұлдарының қадірін біліп, қасиетін танитын елі орнында! Олай болса, осы мықтылардың өкшесін баса қалың қолдай тұтасқан жастар күні ертең ағалары салған даңғылға түсетіні даусыз. Бұл дегеніңіз, мемлекеттің ауызбірлігі мен берекесінің айнасы, әрі жігіттеріміздің ұлттық сезімінің орнықтылығын, күштілігін білдірсе керек.
«Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», дейді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Алаш жұртына, кейінгі өскелең ұрпаққа керегі де осындай аталы сөз екені анық.
Қазақтың Қазақ елінен басқа Отаны жоқ! Мұны ұлт намысының шарқайрағындай спорт саңлақтары жан жүрегімен ұғынары даусыз.
Қыдырбек РЫСБЕК