Қысқы спорт • 02 Мамыр, 2017

«Алатауды дүбірлеткен 11 күн»

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында белгілі спорт журналисі, «Еге­мен Қазақстан» газеті ар­да­герлерінің бірі Оңда­сын Елубайдың «Ала­тауды дүбірлеткен 11 күн» атты сапарнама жинағы жарық көрді.

«Алатауды дүбірлеткен 11 күн»

Жыл басында Алатау бау­райын дүбірге бөлеген аламан − ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Уни­версиада ойындары жайын­да ой толғаған кі­тапта қы­зықты мәліметтер мол. Ав­тор Өс­кеменде тұтан­ған универсиада алауынан бас­тап, жарыстың ашылу салтанатын, сайысқа түскен сайып­қырандарымыздың жеңіске жетіп, сүйсінген, кейбір спорт­шыларымыздың сүрініп кетіп, күйінген шақтарын, мәртебелі бәсекені өткізген Алматы ша­һарының қонақтарды қалай қарсы алғанын, доданың өзге де сәттерін назардан тыс қал­дырмай, түрлі-түсті фото­сурет­терді пайдалана отырып, жатық тілмен баяндайды. «27-ші болып жарыс жолына шыққан семейлік Галинаның қарқыны ерекше, аппақ қарда зулаған кезде еріксіз сүйсінесіз», деп суреттейді автор Вишнев­ская­­ның мәреге таяп, ел мерейін асырған мерейлі ме­зетін. Бармаған чемпионаты, көрмеген Олимпиадасы аз кәнігі спорт журналисі әлемдік деңгейдегі дүбірлі додада жеткен жетістіктерімізді жіпке тізе отырып, тау шаңғысы, сноу­борд, керлинг, шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғыр­дан секіру, фристайлдың ски-крос түрлерінен бірде-бір медаль ала алмағанымызға өкінішін білдіреді. Сөйтеді де: «Алысқа бармай-ақ, Шығысты алсақ, Риддер мен Өскеменнің маңында тау шаңғысымен шұғылдануға мүмкіндік мол. Сноуборд, шаңғымен тұғырдан секіру сияқты аса күрделі спорт түрлерін алдағы уақытта жандандыра түскен жөн», деп бұл тығырықтан шығудың жолдарын нұсқайды. 

Бір сөзбен айтқанда, қалам­гердің 18-ші кітабында ой салатын дүниелер көп. Дәлелді деректер де бар, шалқып тасыған эмоция да бар, сөйлеп тұрған суреттер де бар. Универсиадаға бара алмаған, көре алмаған адамдар осы сапарнаманы оқыса, дүбірлі доданың орта­сында жүргендей күйге бө­ленері анық.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН


Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026