Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласы осы тақырыпты тереңдете түсіп, алда ірі табысқа қол жеткізудің шарты – негізгі мемлекеттік қағидаттарды ұстана отырып, соған сәйкес бағыт-бағдар алу. Тәуелсіз Қазақстанымыз мықты, жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін білім мен біліктілікті шыңдау – әр азаматтың борышы.
Осындай терең мағыналы сипатқа ие құндылықтарды қамтығанда ғана «Мәңгілік Ел» идеясы мәңгілік болмақ. Сайып келгенде, тәуелсіз еліміздегі атқарылып жатқан істердің барлығы жастар үшін, көк туымыз мәңгілік желбіреуі үшін жасалып жатқан тіршілік. Кемел болашақтың негізі бүгіннен қалануда.
Өз басым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мән-мағынасы зор мақаласын оқыған кезімде еңсем көтеріліп, ерекше күйге түстім. Өйткені, мұның астарында үлкен стратегиялық мәні бар, қазақтың өткеніне үңілуге мүмкіндік туғызып, жарқын болашағын айқындап берген құжат ретінде бағалап, айтылған бастамаларға қолдау білдіруді азаматтық парызым деп санадым.
Елбасы мақаласында жаңғыру процесінің нақты мақсат-міндеттері белгіленіп, әр саланың өзіндік басымдықтары мен оған жеткізетін жолдар жан-жақты сараланған.
Ұлы Даланың талай ғасырлар бойы жасаған ғаламат бай мұрасы, болашақтағы жарқын өмір, еркіндік жолында «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың өмір тәжірибесінен жинақтаған даналығы мен өмірлік кәдеге жарайтын бұлжымас қағидаларының қосындысы осы рухани жаңғыруға негіз болатыны даусыз. Зейін салар болсақ, Жерұйық түсінігінде «мәңгілік» деген ұғым бар. Ол қазақтардың туған жеріне деген құрметінің символы. Соларды зерделей келіп, еңбекті құрметтеуде, мамандық таңдауда ел жастары нағыз отансүйгіштік сезімдерін танытулары қажет.
Қазақ халқы «Ынтымақ басы – береке» деп, бірлікке ұдайы назар аударып келгені мәлім. Осы ұйымшылдықтың аясын ұлтық деңгейде асқақтатудың маңызының ерекшелігі де мақаланың өзекті тұсы – «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Бұл сипат біздің елдің басты қасиеттерінің бірі екенін әлем халқы мойындап үлгерді. Қазақ елі өз аумағын мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс үшін құтты мекенге айналып, әлемдік қоғамдастыққа үлгі көрсетуде. Халкымыздың ешкімді жатырқамайтын, бөтенсінбейтін кеңпейіл, ақжарқын, мейірбан дос көңілі мен көркем мінезі, «бүтінді бөлісіп, жартыны жарып жеуге» дайын тұратын жомарт дархандығы қай этностың өкілі үшін де үлгі-өнеге болуға тұрарлық ұлы қасиет.
Бұрындары «атасының баласы», «әжесінің баласы» дегенді жиі еститінбіз. Бүгінде бұл дәстүр сақталды ма? Кейінгі жылдары бұл салтты естен шығарудан ұтқанымыз не, ұтылғанымыз не дегенді жиі салмақтауымыз қажет деп санаймын. Өйткені, «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады»...
Елбасын осы жайлардың алаңдататыны: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», – деген тебіренісінен аңғарылады.
Бұл – «Мәңгілік Ел» идеясының да басты міндеті. Бүгін әлемдік тәрбие беру мәселесінің күн тәртібіндегі академиялық адалдық сақтау принциптерінің талабы да осы. Өйткені, «Адам әдебімен көрікті. «Әдепті дегенше, әдемі десейші» дейтініміз, міне, осы.
Біз ой өрісіміз бен санамызды, тынымсыз ізденіспен тапқан терең білімімізді өмірлік қолданысқа енетін ісімізден оздырып, заман талабына сай жаңғырып отыруымыз қажет. Болашақта ұлттың табысты болуы табиғи байлығымен емес, адамзаттың бәсекелік шынайы қабілетімен айқындалмақ. Сонда ғана Қазақстанның рухани саладағы реформаторлық тың жаңашылдығы ел мұратына қызмет етеді. Мұның бәрі кейінгі жылдардағы әлемдік деңгейге көтерілген қазақ елінің Батыстық даму жолымен тайталасқа түскен шағымызда өзімізді жойқын ағындардың жетегімен алған бетімізден ауытқымайтын қадамымызды айқындау үшін қажет. Сол үшін де Ұлттың мәдени коды туралы дербес әңгіме қозғалады.
«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – дейді Елбасы. Мұндағы мәдени код: діл, жады, тіл, діни болмыс екені даусыз. Осыларды мәңгілік еткенімізде ғана тәуелсіз Қазақстанымызды сақтайтынымыз бірінші рет жан-жақты талдап айтылып, мәселе ашық қойылды.
Туған жердің табиғатын аялау ісінің қаншалықты маңыздылығы мақалада қалай ашып көрсетілді десеңізші?! Атам қазақ: «Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас», – деп мақалдайтынының астарында оның қадір-қасиеті тұр емес пе?! Демек, исі қазаққа ортақ елдің иесіз, жерінің киесіз болмасы анық. Жер-Ана қойнауындағы байлықтарды орынды пайдалануға, экология тазалығына ұмтылуға қатысты айтылған тұстары көкейге қандай қонымды!
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп жастарымызға түсіндіру мақсатында насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазақстан – әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет. Халықтың дені ана тілінің қадірін түсіне бастады. Мұның жарқын мысалын біздің Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті өмірінен де көруге болады. Біздің университет – ғылым мен мәдениет саласындағы маңызды жаңалықтарды, жаңа идеяларды іске асыратын заманауи жоғары оқу орындарының үлгісі. Сапалы білім алған адам ғылымда да, бизнесте де, мемлекеттік қызметте де жақсы қырынан танылады. Біздің университетіміз қазіргі заман талабына сай мамандар даярлап, жаңа технологиялар мен бағыттарды енгізу жолында үнемі даму үстінде. Біздің түлектеріміз елімізде ғана емес, көптеген шет елдерде жемісті еңбек етіп келеді. Соңғы он сегіз жыл ішінде ҚазЭҚХСУ айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Астанадағы арнайы мамандандырылған экономикалық жоғары оқу орны болғандықтан үш тілді білу студенттеріміз үшін ауадай қажет. Осыны ескеріп, шет тілін оқыту мәселесін күн тәртібінен түсірген емеспіз.
Мен өз басым қайда, қандай қызмет атқарсам да жастардың, әсіресе, ғылыммен айналысқан жас ғалымдардың шетел тілін тереңдеп оқуын қадағалаймын. Оның мәнісін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өте әдемі түсіндіреді: «көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «отбасы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?».
Мақалада өткенге шолу, бүгінгіні бағамдау, келешекке көз тастау бар. Осылардың ішінде айрықша екі мәселені атап өткім келеді. Біріншісі – «Туған жер» бағдарламасын ұсынуы. Расында да, кең-байтақ жерімізде қыр-сыры беймәлім түрлі қазыналар мен тарлан тұлғалар бар. Мемлекет басшысының осы ұсынысы мұндай дүниелерді кеңінен насихаттауға мұрындық болар еді. Оның үстіне аталған бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады деп отыр. Бұл бір жағынан жат идеологиялардан қорғанатын иммунитетіміз болса, екінші жағынан өшкеніміз жанып, жоғалғанымызды түгендейтін мүмкіндік. Екіншісі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы.
Қоғамдық сананың жаңғыруының басты қағидаларын қалыптастыруда зымыран заман сынағына төтеп берерлік нақты жобаларды жүзеге асыруда қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білімді жетілдіру үшін ана тілімізде «100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуының маңызы ерекше. Ол жайында Елбасы: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», –дейді.
«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының жүзеге асырылуы – Елбасының сөзімен айтқанда, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз».
Мұндай жобаның негізгі басымдығы – Қазақстанды мәдени жағынан танытуы. Сонымен қатар, әлемдік өркениет тұтынатын тілдерді игеріп, дүние дүрбелеңінде еліміздің өзге мемлекеттермен терезе теңестіруге ұмтылуы. Бұл бағыттағы жұмыстарда насихаттаудың тың түрлерін тауып, жүйелі жұмыс жасайтын жұртшылықты жұмылдыру.
Көпшілік көкейінде жүрген тағы бір жайт, жастардың партиоттық сезіміне, санасына жат елдің «жалған кейіпкерлерінің» теріс әсері еді. Бұл осы бағыттағы өзіміздің төл туындыларымыздың баяу дамуы, немесе ертеден танымал аз ғана топтың есімін ғана жаттанды ырғақпен қайталап жаңғырта берудің жастар өрісін кеңейтуге жетімсіздігінен қалыптасқан еді. Кең-байтақ елді аз ғана батырлар шоғыры, яки бірлі-жарым хандар ғана қорғады дегенге кім сенеді? Қарапайым халық өкілдері қандайда оқиғадан қалыс қалып, жастар көкейінен орын теппеген соң туған ел, жерге деген құрмет қалай орнығады? Алысқа бармай-ақ, кешегі Ұлы Отан соғысында жас балалар, бұқара халық партизандық қозғалысты кеңінен өрістетіп, жеңісті жақындатқаны қайда? Партизан Қасым Қайсенов ұлт мақтанышы емес пе еді? Қазақ елі тарихында олар неге көрініс таппайды? Бүгінгі тәуелсіз еліміздің өрендері мен аға буын өкілдерінің ерлігін неге мадақтамасқа?
Міне, бұл олқылық та Елбасы назарынан тыс қалған жоқ: «Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауы тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», – дей көпшілік назарын аударып, мынадай ұсыныс жасады: «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс».
Көзіқарақты жандарға зымыран уақыттың талабына ілесу үшін терең білім, озық технология, ақыл мен ой-сана биіктігі, қарышты еңбек етудің таңдаулы үлгілері қажеттігін ұғындыру да артық. Себебі, кешегі қарқыннан бүгінгі жылдамдық әлдеқайда арта түсті, оның уақыт өткен сайын қуаты да еселене беретінін түйсінеріміз анық. Әйтпесе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».
Ендеше, барша қазақстандықтар сияқты біздің студент-жастарымыз да «ұрпақ жаңғыру» жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деген үміттемін.
Сәрсенғали Әбдіманапов,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры,
Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі