Қазақстан • 03 Мамыр, 2017

«Айналайын» деген сөзіңнен айналдым!

492 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақстан-Корея» достық коғамының президенті Клара Ханмен әңгіме

«Айналайын» деген сөзіңнен айналдым!

«Айналайын, айна-а-л-а-йын» деп әр жолы әуезді дауысымен іздейтін бір адам бар. Телефонның ар жағында ауылда қалған қамқор әпкемдей, ақыл­шы әжемдей болған жан – ко­рей қызы Клара Александровна ХАН. 

Бұл кісімен біздің достығымыз әл­ми­сақтан. Туыстай адаммен бүк­пе­сіз сырласқан сайын қазақ пен ко­рей­дің дәс­тү­рі мен болмысындағы ұқ­сас­тық­тар­ды бұрынғыдан да терең сезінетін болдым. Біздің достығымыз ұлттардың емес, рухани жақын адам­­дар­дың достығы екенін іштей түй­сі­неміз.

Клара апаймен осы дидарласқанда қа­зақ­тың даласынан табылған ол кі­сінің күр­делі де қызықты тағ­­ды­ры, әке-шешесі, қазақтар мен ко­рей­лердің татулығы тура­лы ке­ңірек бі­л­удің сәті түс­ті. Бірде көзіне жас алып, бірде қуа­на әңгіме қозғап отыр­ған отан­да­сымыздың өмірі ту­ра ки­но­да­ғы­дай, яки тағдырлы кітап­тай...


– Қазақстандағы ұлттар мен ұлыс­тарға Құдай жақсы адамды берді. Бізді басқарып келе жатқан Президент 100-ден астам этностың тату-тәтті ғұмыр кешуіне алғышарт жасап отыр. Еліміз еңсесін тіктеп қалды. Халқымыздың әл-ауқаты негізінен алғанда жақсы. Менің Отаным – Қазақстан. Өйткені, осында туып-өстім.

– Осы Отаныңыздағы корей хал­қы­ның тағдыры қалай басталған, Клара Александровна?

– Сонау Қиыр Шығыстан Сталин 1937 жылы бүкіл корейлерді көшіргені тарихтан белгілі. Ар жағында Жапония жатыр... Түріміз жапондарға ұқсаған соң, сенімсіз халық ретінде депортациялаған. Бір күн, бір түннің ішінде ұлардай шулатып, тауар таситын пойыздарға тиеп, көшіріп жіберген ғой. Қазақстанға тоқ­та­ған пойыздардан 100 мыңдай корей қал­ған. Өзбекстанға қандастарымыз екі есе көп кеткен. Әке-шешем ол кезде жап-жас екен. Мен сол пойызда Қызылорда облысының Шиелі ауданына жетпей туыппын. Шешемнің айтуынша, вагонда біреу нәрестені ора деп жейдесін шешіп беріп, біреу шүберегімен бөлісіп, дүниеге келіппін. Вагон ортасында пеш болған, соның жанына жас босанған шешемді отырғызып қояды екен.

Сол пойыз Қызылордаға дейін үш айға жуық жүріпті. Жөңкілген ел далаға шықса, ен дала, алыстан бірен-саран атты қазақ көреді. Дала тастай қараңғы. Түннің көбесі сөгіле бастағанда дала қар жау­ған­дай аппақ болып көрінеді. Қар жауатын мезгіл емес. Сөйтсе, тұзды сор екен.

Біздің үлкендер адам тұрмайтын жерге келдік-ау деп ойлайды, 5-6 үлкен кісі атпен келіп, алыстан бажайлап тұрады. Біздің ақсақалдар барып сөйлесіп келеді. Анам бертінде,  97 жасында қайтыс болды. Бірақ өле-өлгенше сол кезде қазақтың шалдары мен корейдің шалдары қалай түсіністі екен деп таңқалып кетті. Олар корей тілін білмейді, біздің аталарымыз қазақша білмейді.

Біраздан кейін біздің ақсақалдар сөйлесіп болып, қайтып келеді. Сөйтсе, қазақтарға адам жегіштер көшіп келді деген сөз жетіпті. Содан қазақтар аттарымен бұрылып кетіп қалады да, біраз уақыт өткен соң көбірек болып қайтып келеді. Соңдарынан бала-шаға ере келген. Пойызда сартап болып келген корей балалары қазақ балаларымен бірден қуаласып ойнап, күле бастайды.

Қайтып келген қазақтар нан, тос­та­ғанға салынған сүзбе, шүберекке түйілген тары, біреу жалғыз жұмыртқа алып келеді. 1937 жыл. Ол кезде кім бай дейсің? Үйлерінде ба­рын балаларының аузынан жырып әкелген ғой. Біздің адамдардың бі­реуі жалғыз жұмыртқа әкелген қазаққа күл­се керек. Сол кезде біздің ақсақалдар: «Тау­ығының  бүгін тапқаны жалғыз жұ­мыртқа шығар? Неге күлесіңдер? Мұн­дай адамдарға басымызды имейміз бе?» деп тыйып тастайды.

Содан бір қазақ жаңа босанған менің шешемді үйіне алып кетеді. Бай екен ғой, деп менің ата-анам сол қазақтың соңынан ереді. Келсе, жалғыз бөлмелі жапа там. Даладан бірден үйге кіресің. Бұрыштағы шымылдықтың ар жағында жаңа үйленген келін-баласы, одан бері үлкендері жатады екен. Менің шешемді пештің түбіне орналастырады...

– Көрмеген жер, білмейтін ой-шұңқырда босқан корейлер қалай күн көріп кеткен?

– Сөйтсе, Шиелі жақта қамыс көп өседі екен. Қиыр Шығыста күн суық. Корейлер сондай жартылай жертөле сияқты «қанны» қазып, астынан ирелек жылу өтетін жүйе жасайды. Соны қамыспен жылытып, аман қалған. Әйтпесе, көрпе-жастық, дым да жоқ қой. Күріш егеді, сор жерлерді өңдейді. Әкем Александр Хан мен шешем – Мария Ким­нің қазақ жеріндегі өмірі осылай бас­талады. Аталарымыздың да сүйегі Қазақстанда қалды. Шешем менен кейін 5 ұл туды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында жас болсақ та кеудеге дейін су кешіп, күріштің масағын тердік, күрмек жұлдым. Ол кезде 5 жастағы баланы жұмыс істе деп ешкім қинамайды. Бірақ еңбекке араласқан адамдардың барлығына тегін тамақ беретін. Бәрімізге оңай болған жоқ. Қазір Ұлы Отан соғысына қатысушыларға те­ңес­тірілген ардагермін.

– Бауырларыңыздың барлығы аман-есен болар?

– Құдайға шүкір! Өзім Алматыдағы бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінің дипломын алдым. Біраз қызмет атқардық. Бауырларым да аман-есен, жоғары білімді. Әкем қазақ мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ берді. Өмір деген қызық. Әкемнің 16 құрсақтан жалғыз аман қалған Әбжәми Байшақов деген досы болды. Әке-шешесі менің әкемді «Құдай бізге тағы бір бала берді» деп қатты жақсы көріпті. Содан әкеміз Әбжәми әкеміздің ауылынан бір-ақ шығады. Мен мектепке барғанша сол Әбжәми әкенің әке-шешесінің қолында өскенмін. Ол кісілер мені қатты жақсы көруші еді. Орталарына алып жатады. Әжемнің мойнынан құшақтап жатсам, атам маған қарап жатшы деп жалынады. Атама қарап жатайын десем, мұрты тікенектей, иіскесе бетіме батады. Әжем: «Атаңа қарап жата тұр, ұйық­таған соң, маған қарап жатасың» деп құлағы­ма сыбырлайтын.  Мұрын жарған та­ба нанның иісінен оянатын едім. Сүт піс­кен­де, қаймағын жеймін. Өзімнің ағаш та­бақ, ағаш қасығым бар. Осылай өстік. Біздің үлкен кісілердің барлығы өле-өлгенше басқа елге кетпей, Қазақстанда қалғандарына қуанып өтті.

– Қазақтың жігітіне күйеуге шығып кете жаздаған жоқсыз ба?

– Қазақтың жігіті керек болса, Алматыда оқыдым ғой. Би болады, ки­ноғ­а барамыз. Клара деген қазақ қыз­дары да бар. Қазақша сөйлескен адаммен  қа­зақша сөйлесіп жүре беремін. Содан жігіттер қыздарды шығарып салады.  Жігіттерге корей қызымын, фамилиям – Хан десем, сенбейді. Қалай дейді, солай деймін. Содан келмейді, сөйтіп, мені қазақ алмай қойды (Клара Александровна риясыз рахаттанып күліп алды).

– Жүз мыңдай корей халқының Қазақстанда тұрақтап қалғанына ға­сырға жуықтап келеді. Әдет-ғұ­рыптар сақ­талды ма?

– Біздің корейлер Корея елдерін көрмеген, бұрынғы Кеңес Одағының аумағындағы корейлер. Бірақ сонда да атадан балаға, баладан немереге ауысып келе жатқан дәстүрлер бар. Одан басқа, корейлер әлі күнге дейін нанның орнына күріштің ботқасын жейді. Корей салаттары дастарқаннан қалмайды. Қазақтан жұққаны – ет асу. Біраз уақыт ет аспай қалған корей етті сағынады. Қонақ ша­қыр­сақ, ет асамыз.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының басы-қасында келесіз. Сіз білетін осы институттың нақты пайдасы қандай?

– Ой, балам-ау, әрине, пайдасы көп. Мемлекетті мекендейтін халықтың татулығы мен ауызбіршілігіне құрылған бастамалардың барлығының ортасында біз жүреміз. Басқасын айтпағанда, БҰҰ, ЮНЕСКО сияқты ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері келгенде, осы тірлігімізге шынында да риза болады. Президентіміздің көрегендігіне таңданады. Ассамблея бейбітшілік үшін көп жұмыс жасап келеді.

Жалпы, Ассамблея мүшелері көз­дері ашық адамдар. Бардың да, жоқ­тың да қадірін біледі. Мемлекеттік бағ­дар­ла­малар, ауызбіршіліктің жай-жап­сары мен маңыздылығын түсінеді.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен  Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026