Форумның алға қойған мақсаты маңызды. Өйткені, Ұлы Жеңіс – бұрынғы КСРО халықтарына ортақ мақтаныш әрі ұлттар мен халықтар достығының іс жүзіндегі кепілі. Бұл форум 2010 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұған дейін Мәскеуде, Владикавказ, Волгоград, Курск қалаларында ұйымдастырылса, өткен жылы Минскіде бас қосқан.
Бұл жолғы жиынға байырғы одақтас 15 республикадан шақырылған 250 өкіл – елордадағы Отан қорғаушы алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан жұмысын бастады. Одан кейін форум бағдарламасы бойынша құрметті қатысушыларға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Елбасы өзінің құттықтауында: «Биыл жеңімпаздар форумы Қазақстан жерінде, еліміздің жүрегі – Астанада өтуде. Нақ осы қазақстандықтардың аға буыны барша халық сияқты Ұлы Жеңістің іргесін қалады. Қазіргі жастар сол үшін ардагерлерге шексіз риза екеніне сенімдімін. Бұл ТМД мемлекеттерінің қызығушылықпен қатысуының, сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық, ардагерлер мен жастар ұйымдары, БАҚ пен мемлекеттік органдар өкілдерінің белсенді ынтымақтастығының арқасында мүмкін болып отыр. Ортақ тарихи естеліктерді сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау, соғыс туралы әділ тарихи білімді дәріптеу, оның оқиғаларын бұрмалау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл жасау форумның маңызды тақырыптары болып табылады. Оның қорытындылары интеграциялық процестерді одан әрі жандандыруға, ТМД кеңістігінде достық пен өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізетіндігіне сенімдімін», дей отырып, барлық қатысушыларға зор табыс тілейді.
Сондай-ақ, форумда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов 1941 жылдың өзінде Қызыл Армия қатарында 5 миллион 200 мың адам болғанын, осылардың 4 миллионнан астамы батыс шекарада орналасқанын, бұлар соғыстың алғашқы айларында-ақ көбі өліп немесе тұтқынға түсіп, бас сауғалап кеткенін, осындай қиын-қыстау кезде Қазақстанда жасақталған бригадалар мен дивизиялар сібірлік және қиыршығыстық бөлімдер келгенге дейін Мәскеуді қорғап тұрғанын жеткізді.
Жиын бағдарламасы бойынша «Біздің ортақ Жеңіс – ұрпақтар жадында», «Еуразия елдерінің жас көшбасшылары батырлардың ерлігіне лайықты», «Жеңіс – майданда және тылда» тақырыптары бойынша секциялық отырыстар өтті. Форум соңында қарар қабылданып, қатысушылар Ұлы Отан соғысы тарихын бұрмалау және жоққа шығару әрекеттеріне қарсы тұру жайлы тоқтамға келді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»