03 Мамыр, 2017

Болашақ ұстаздар білім бәйгесінде бақ сынасты

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таразда «XXI ғасырдың креативті педагогы» атты республикалық педагогикалық олимпиада өтті. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұйытқы болған тұңғыш рет ұйымдастырылған білім сайысына еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының 2, 3 курс студенттері қатысып, бақтары мен баптарын сынады, деп хабарлады оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі.

Болашақ ұстаздар білім бәйгесінде бақ сынасты

Жоғары білім беруді модернизациялау жағдайында қазіргі қоғамдағы педагогикалық мамандықтың рөлін арттыруды және бәсекеге қабілетті болашақ ұстаздың креативті құзыреттілігін қалыптастыруды көздейтін олимпиада 7 кезең бойынша өткізілді. 

Қатысушылар «Мен – креативті педагог боламын!» таныстырылымы, «Мен – креативті көшбасшымын!» байқауы, «Білгірлер» блиц-туры, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілетті креативті педагогтың моделі» ғылыми жобаны қорғау, «Мен – креативті педагогпын!» шығармашылық байқауы, «Эрудит» теориялық туры және «Педагогикалық шеберліктің құпиялары» инновациялық сабақтың фрагментін көрсету кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті.

Сайысқа қатысушыларға болашақ мұғалімдерге есімі елге белгілі педагогтар қазылық жасады.

– Білімді, білікті һәм жақсы ұстаз – бұл қай уақытта да ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, зияткерлік және шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі. Және солай болуға тиіс. Жоғары оқу орнында білікті мұғалімді даярлау үшін оқытушының да, студенттің де қажымас еңбегі қажет. Бұл тұрғыда осы тақілеттес педагогикалық олимпиадалар болашақ ұстаздар даярлау жүйесінде басты элемент болып табылады және олардың кәсіби өсуін қамтамассыз етеді, – деп атап өтті ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова шараның ашылу рәсімінде.

Қазылар алқасының шешімі бойынша білім бәйгесінің бас жүлдесін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерінен құралған «ТарМПИ Pride» тобы жеңіп алды. 1-орынға Қарағанды қаласындағы «Болашақ» академиясының «Қыран» тобы лайық деп танылса, 2-орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Intelligent» тобы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Сапа» тобы өзара бөлісті. Ал, 3-орын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Болашақ», «Эрудит» топтары мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Альфанұр» және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «КУП 21 века» командаларына бұйырды.

Екі күнге созылған байқау қорытындысы бойынша «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққандар дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.