Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Ерен еңбек еленеді

353 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген көкейкесті мәселелердің бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Елбасы кәсіпкерлігі өрге басып, табысы молайған ауқатты азаматтарды өзінің туған жерін түлетуге шақырды. Бұл – дұрыс қадам. Әрбір кәсіпкер өз туған жерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге бел шеше араласса, артық болмас еді. Мемлекет кәсіпкерлер ісінің алға басуына барынша қолдау көрсетіп келеді, енді олар өз кезегінде туған ауылын түлетуге үлес қосуы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов өткізген баспасөз мәслихатында осындай ой білдірді.

Ерен еңбек еленеді

«Қазақстандық кәсіпкерлердің пат­риот­тық және отансүйгіштік қасиет­тері­нің ерекше екендігін «Парыз» байқауы арқылы анық байқауға болады. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Энергетика министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Кәсіподақтар федерациясымен бір­лесе отырып, бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігіне байланысты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін байқауы. Биыл байқау оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан осыны ескере отырып, «Парыз – табыстың 10 жылы» тақырыбында өткізуді жөн көрдік. Өйт­кені, соңғы он жылда Қазақстан кәсіп­кер­лерінің табысы айтарлықтай ұл­ғай­ды. Олар сонымен бірге, бизнестің әлеу­мет­тік жауап­кершілігін терең сезіне баста­ды», деді Біржан Нұрымбетов.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілер арасын­да «Үз­дік әлеуметтік жауапты кәсіп­орын», «Ең­­бек қорғау саласындағы үздік кәсіп­орын», «Үз­дік ұжымдық шарт», «Экологияға қос­­қан үлесі үшін» аталым­дары бойынша өткізі­ліп келеді.

Байқау 2008 жылы бастау алды. Содан бергі уақыт аралығында еліміздің барлық өңі­рінен 4000-нан астам кәсіпорын осы сайысқа қатысқан. Олардың арасында шоқтығы биік көрініп, жеңімпаз атанғандары да аз емес.

– Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы бизнестің өркендеуіне кепіл бола алады. Еліміздің өсіп-өркендеуіне де дәл осы жағдай бірден-бір себеп, − деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Бұл ретте «Парыз» республикалық байқауының орны бөлек. Оған қатысуға ниет білдірушілер қатарының биыл да аз болмайтыны анық. Сондықтан оларға қазірден бастап қамдана беруге болады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі биылғы «Парыз» байқауы бастау алды. Оны баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов мәлім етті.

Жұмыс берушілердің әлеуметтік жауап­кершілігімен қатар кәсіпорын табы­сының ұлғаюы қарапайым еңбек адамдарына да ті­келей байланысты екенін Мемлекет басшысы ұдайы айтып келеді. Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай он қадам» идеясының түп-төркіні де еңбек адамдарын асқақтату, оларға лайықты құрмет көрсету. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтырдан бастап еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасында «Еңбек жолы» республикалық байқауын қолға алған еді. Бұл байқау да қазіргі кезде кең сипат алды. Негізгі мақсат – ел экономикасының өсіп-өркендеуіне қазақстандықтардың серпінді үлес қосуына жол ашып, ерен еңбегімен ерекшеленгендерге лайықты құрмет, сый-сияпат көрсету.

Байқау үш аталымнан тұрады: «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері». Байқауға қатысуға өтінімдер 20 мамырдан басталмақ. «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын іріктеу өңірлік және республикалық деңгейдегі екі сатыдан тұрады. Әр аталым бойынша онлайн дауыс беру арқылы үздік үштік анықталады. Жеңімпаздарды марапаттау республика аймақтарында Еңбек күніне орайластырылып өткізіледі. Ал републи­калық байқаудың қорытындысы қазан айында белгілі болады.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026