Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

Қазақтың батыр ұлдарын өзіме үлгі тұтамын

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мен 1999 жылдың 8 қарашасында Астана қаласында өмірге келдім. Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы болғанымды әрқашанда мақтан тұтамын. Осы сезімнен өлең жазуға кішкентай күнімнен құштар болдым.

Қазақтың батыр ұлдарын өзіме үлгі тұтамын

Түрлі себеппен сәби күнімде балабақшаға бара алмадым. Маған алғаш әріп танытып, сауа­тым­ды ашқан өзімнің анам. Ол менің өлеңге құштар екенім­ді білгендіктен, үнемі ынталандырып отырушы еді. Шағын тақпақтар мен өлеңдерді оңай жаттап алғаныма шын ниетімен қуанатын. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ мен 30-дан астам өлең жаттап алдым, ал 6-сыныптан бастап өз өлеңдерімді шығаратын болдым.  

Жазғы демалыс айларында ауылға барып, әжемнің жанында болатынмын. Ол кісіден көпте­ген қызықты әңгімелер, тартым­ды тарихи оқиғалар естіп, сусын­дайтын­мын. Жазатын өлеңдеріме осы әңгімелердің де ықпалы көп болды.

Ал әскери қызметкер болу арманын менің бойыма әкем екті. Ол маған өзінің жас күніндегі әс­ке­ри формасымен түскен сурет­терін көрсетіп, тартылған сым­дай, тіп-тік тұрған солдаттардың әдемі суреттерін мақтап, офицер болу­дың артықшылықтарын әңгі­мелеп қызықтыратын. Мен де қаққан қазықтай болып жү­ретін, киімдері бойына құйып қой­ған­дай шап-шақ тұра­тын, иығындағы погондары жар­қыраған офицер болу арманын сол кездерден бас­тап санама сіңір­ген едім.  

Мектептің 9-сыныбын бітір­ген жылы өзімнің арманым­ды орындайтын жол – армия гене­ралы, Халық қаһарманы Сағад­ат Нұрмағамбетов атын­да­ғы республикалық «Жас ұлан» мек­тебі екенін білдім. Сон­дық­тан, 10-сыныптан осы оқу орнына түсіп, болашақ офицерлер дайындайтын мектепте оқып жатырмын. Әрине, оқу орны­на түскенше мен әскери өмірдің іс жүзінде қандай болатынын біл­медім. Сөйтсем, ол адамды шұғыл өзгертіп, темірдей тәр­тіпке үйрететін орын екен. Сон­дық­тан да еркін өскен мен сияқты балаларға оқу алғашында өте қиын болды. Тіпті, оқудан шығып кетсем бе екен деп те ойладым. Бірақ әжемнің, ата-анамның, жақын-жұрағаттардың алдындағы жауапкершілік мені ұялтып, қайтсе де оқудан шықпауға бел будым.

Қазір мен әскери мектепті бітіргелі тұрған түлекпін. Алға қойған міндеттер мен мақсаттарымды айқын білемін. Ал азаматтық өмірдегі көптеген жолдастарым әлі күнге алдарына айқын мақсат қоймағанын көріп жүрмін. Әскери мектеп тәрбиелеген менің мақсаттарым белгілі, сенімім нық. Мен өзімді тәуелсіз Отаным – Қазақстанның қорғанысына арнаған жанмын, осы жолдан мені ештеңе де тайдыра алмайды. Әскери өмір­дің біршама қиыншылықтарын көрдім, даладағы шатырда тұру­дың, құтыдан қайнамаған су ішудің, окоп қазудың ауырлығын сезіндім, соның бәріне өзімнің төзе алатыныма көзім жетті. Ең бас­тысы, осындай өмір маған ұнай­ды. Мені осындай төзім­ді­лік­ке, өжеттікке, ер ісіне «Жас ұлан» мектебі шыңдады.

Менің екі қарындасым, бір інім бар. Жасымнан мен оларға қамқор болуға тырыстым. Енді әскери қызметте жақсы нәтижелерге қол жеткізсем, олар менен үлгі алады, мені мақтан тұтатын болады. Шамамның келгенінше мен олардың үмітін ақтауға тырысамын. Сондай-ақ, ата-анам мен жақындарымның да Қазақстан армиясына адал да үлгілі қызмет еткен менің істерім мен қаһармандығыма риза болғандарын көрсем деймін. Өз міндетімді адал атқарып, Отан қорғау жолында барлық қиыншылықтардан жол тап­сам және осы істе қырағылық таны­та алсам – өз мақсатыма қол жеткізе алғаным. Мен өзіме Бауыр­жан Момышұлы, Сағадат Нұр­мағамбетов және қазақтың басқа да батыр ұлдары мен қыздарын үлгі тұтамын.  


Әміржан СӘРСЕНБЕК,

армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебін биыл бітіруші 


Соңғы жаңалықтар

Жоғалған шопан табылды

Оқиға • 20 Қаңтар, 2026