Үстіміздегі жылдың салқын көктемінде Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа мақаласы ауаға жылылық кіргізіп, қоғам санасын дүр сілкіндіріп, көкейде жүрген көп сұраққа жауап беріп, ел-жұртты бір серпілтіп тастады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жазып, жариялауға бүгін ғана келмегені белгілі. Бұл еңбек – Елбасының еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап қазақтың жаңа дәуіріндегі талай терең толғаныстары мен тынымсыз ізденістерінің жемісі деп қабылдағанымыз жөн болар. Ұлтымыздың терең тарихы, мемлекеттілігіміздің қилы, қиын тағдырлы жолдары, тіліміздің, бүкіл руханиятымыздың тағдыры, тағы басқа ұлттық құндылықтар мәселелері ешқашан Елбасы назарынан тыс қалған емес. Мақаланың кіріспе бөлімінде ол маңызды істерге жасалған қысқаша шолу соның куәсі. Елбасының қолдауымен мемлекеттік тәуелсіздігіміздің алғашқы бес жылының өзінде-ақ елімізде өткізілген көптеген қоғамдық, мемлекеттік шаралардың арқасында руханиятымыздың талай құндылықтары, көміліп қалған тарих беттері, ел санасынан әдейі өшіріліп кеткен тұлғалардың есімін қалпына келтіру мақсатында орасан игілікті істер жүзеге асырылды, ол жұмыс осы ширек ғасырда бүгін де тоқтаусыз, үздіксіз жүргізіліп, қайта түлеп, ел игілігіне ұлттық, рухани байлығымызды еселеп арттырып келеді.
Рухани жаңғырудың Президент жүрегінде үнемі, үздіксіз толғаныста жүргенін сезіну үшін жоғарыдағы жасалып, қоғам ілкісіне шығып, орнығып жатқан процестермен қатар Елбасының елімен ой бөліскен сөздері мен еңбектеріне де көз жүгірту орынды болар. Тәркіленген тарихымызды қалпына келтіру, тілімізді құқықтық кеңістікке шығару, ұлттық санамызды бодандық езгіден еркіндікке өрістету, жазықсыз жазаланған ұлт зиялыларының есімдерін қайтару сияқты толып жатқан міндеттерге жол ашуға Президент бастамашы болды. Жас мемлекетті аяғынан тұрғызып, елдің еңсесін, тұрмысын көтеру мақсатында қисапсыз қиын түйіндерді шешіп, қазақ деген ұлтты әлемге таныта, мойындата жүріп, ұлтымыздың өзіндік, өзіне тән жан дүниесі, санасы, дүниетанымының өсуі, өркендеуіне айрықша мән бергені айғақ. Ол толғаныстары Елбасының шығармаларында жүйелі түрде баяндалып келеді. Сөз жоқ, ол еңбектер жаңа дәуіріміздің құнды шежіресі. Мәселен, 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» деген еңбегінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «... Тарихтың бізге бұйыртқан сыбағасына жеңіл-желпі қарауға болмас. Уақыт дегеніңіз жүрдек, маңдай тіреген мың сан сұраққа әрі дәл, әрі жылдам жауап беру қажет. Сол сұрақтардың ішіндегі ең маңыздысы ұлттық пәтуа – бірлік болса керек. Әрине, экономиканы жаңаша жүргізу де, сыртқы саясат та, қорғаныс мәселесі де мәнді. Алайда, осы жерде біздің жүрегімізді басқа бір гәп тербейді, атап айтсақ – ұлттық сана, яғни ұлттың жан-жүрегі не күйде деген мәселе.
Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолында өзінің мемлекетіне деген терең патриоттық сезім де, жалпылық сананы жетіктірудегі қазақ тілінің тірек боларлық рөлі де, бас көтерер азаматтардың айқын мақсатты әрекеттері де, тарихи сананы қалпына келтіру де... бәрі-бәрі барша қазақ ұлтының басын біріктірер бастаулар болып табылады...», – деп ой қозғапты. (Н.Назарбаев. Тарих толқынында. 52-53 беттер). Бүгінгі әңгіме де сол ойтолғақтың жалғасы.
Елбасының бүгінгі әйгілі шығармасы қоғам, бүкіл халық назарына мақала ретінде ұсынылғанмен оның салмағы публицистикалық мақаладан әлдеқайда ауыр, әрі ауқымы да, мазмұны да кең. Бұл еңбек – өзінің аталуы айтып тұрғандай мемлекетіміздің ұзақ болашағына бағытталған кешенді жоспар.
Мақаланың негізгі өзегі – ұлттық сана. Мақаланы әрбір азамат оқып, өзінің жеке басының санасын, дүниетанымын сараптауы азаматтық парызы болар. Адамдардың санасындағы енжарлықтан, мешеуліктен арылу міндеті тұр алдымызда. Әсіресе, қазақ үшін өз ана тілін білмеу – өз санасының тоқыраулығы екенін түсінетін кез келді. Өз тілінде сөйлей алмаған адам билікті де, білім орнын да, қоғамды да, заманды да кінәлауды қойып, бір сәт алды-артына қарап, «өзім не істедім, не бітірдім» десе ұлттық санасының өскені болар. Бір қызығы – кейде бір заманда, бір қоғамда қатар өмір сүрген екі адамның өз ана тіліне көзқарастары екі түрлі.
Президент ұлтқа, қоғамға, әрбір азаматқа үндеу тастады. Әр қазақ, әрбір азамат сондай-ақ: «Мен елім, ұлтым үшін не істей алдым?!», «Ұлтымның тілі сақталуы үшін не істедім?» деген сұрақты өзінен бастауы керек. Көп адамдар өздерінің балаларын, немерелерін оқуға қазақ мектебіне береді де, сол жеткіншектер мектептен үйіне келгенде олармен орыс тілінде сөйлеседі. Сөйтеді де «балам үйге келіп неге орысша сөйлейді?», – деп жатады. Өздерінің сана жауапкершілігі қалыптаса алмай, себеп пен кінәні басқа жақтан іздейді. Осы іспеттес тұйыққа тірелген тоқырау көріністер ұлттық сананың, санада рухани кодтың жойылуынан, сөнуінен болады.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 25-26 жылында ұлттық тіліміз туралы айтылмаған сөз, өткізілмеген шара, қабылданбаған шешім қалмады. Пікір де, сын да, ұсыныс та, белгіленген меже, жоспар да көл-көсір. Әрине, ауыз толтырып айтар нәтижеміз де баршылық. Еліміздегі орта білім беретін мектептердің жетпіс пайыздан астамы қазақ тілінде, тек қана Астана қаласында соңғы он жыл көлемінде жиырмадан астам қазақ мектептері ашылғанын айтсақ та жеткілікті. Өткен жылы бірінші сыныпқа келген балалар саны мектептерге сыймай жатты. Бұл да бізде бұрын болмаған жағдай. Енді солардың бәсекеге лайық сапасында бар мәселе. Елбасы мақаласын мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытып, талқылау керек. Жастардың санасына сіңіру қажет. Қысқасы ана тілімізді туған анамыздай сезіне білу де әр қазақтың, туу туралы куәлігіне, төлқұжатына, паспортына, ұлтына «ұлты қазақ» деп жазылған азаматтың өзінің ұлттық коды – тегі екенін түсіну өзінің міндеті. Президент: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп ескертіп отыр.
Сондай-ақ, «рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды», – деген сөзі де ұлттың болашақтағы санамен қатар күшейе түсетін сапасын да сипаттап тұр.
Ана тіліңді білу арқылы басқа тілдерге жол ашылады. Мақаладағы прагматизм мағынасы нақты ұлттық тұрмыс мәселелерімен қатар рухани мүмкіндіктер өрісін көздейді. Яғни, дүниежүзілік озық үрдістерге, атап айтқанда, технологиялық даму процестерінің шаңын қауып қалмас үшін білім алу қажеттігіне, өз тілімізден басқа тілдерді еркін меңгеруге тырысу – даму талаптары болатынына екпін берілген. Өмірдің заңдылығы, прагматизм талаптары – білген озады, ұтады. Орыс, ағылшын тілдерінің біздің ұрпағымызға қажет болары сөзсіз. Біздің жағдайымызда қытай тілінің қажеттілігі де арта түсері белгілі. Сондықтан да тіл мәселесін дауға айналдыра бермей жас ұрпақтың меңгеруіне жағдай жасап, жол ашуымыз біздің міндетіміз. Бірнеше тіл білу – өркениетті елдерге тән. Мәселен, Швейцарияда төрт тіл мемлекеттік статусқа ие, яғни ол елдің азаматтары бірнеше тілдерде еркін сөйлесе береді.
Қазіргі кезде біздің елімізде мемлекеттік тілдің қолдану, қолданбауы ең алдымен өзімізге, әр қазаққа байланысты. Ешқандай ресми, бейресми бөгет жоқ. Кейбіреулер іштей жақтырмаса да ашық қарсылыққа бармайды. Өйткені, оның бәрі құқықтық кеңістікте, Заңмен реттелген. Ұлттың әр азаматы өз санасындағы енжарлықты еңсеруі керек. Сонда ұлттық сана күшейеді, ұлттық сананың қабілеті артады. Қазақ тілін сөзге тиек етіп, бір-бірімізді кінәлап, сөз сапыра бермей, әркім өзінің ұлттық тегіне үңілгені жөн. Ұлттық тіл – ұлттық мәдениет – тегі бір ұлт санасының айнасы. Осы қасиеттер үйлескен тұлғада ұлттық код сақталары да хақ.
Президент тағы да бүкіл рухани мәдениетіміз бен ұлттық санамыздың сапасын дүниежүзілік бәсекелестік ауанында өмір сүре алатындығы ұлтымыздың білім сапасына байланысты болатынына екпін беріп, мақаланың бір тарауын білімге арнаған. Таяу болашақта білім аясы латын әліпбиіне көшуімізбен тікелей байланысты болатындығына маңыз беріліп, оның тарихы сарапталып, болашақ атқарылар міндеттерге мән беріліп отыр. «... Біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – делінген мақалада. Латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау Үкіметке тапсырылды. Сондай-ақ, жаңа әліпбиге көшуде «белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады» деп маңызды істің эволюциялық жолмен, яғни бірте-бірте атқарылатыны да ескертілген. Осы орайда осы екі жазуды бір-біріне қарсы қоюдан да сақтану қажет болар. Екеуі де өркениеттің жетістіктері тұрғысынан қаралуы дұрыс. Екеуі де біздің ұлтымыздың рухани дамуының өркениетке барар тарихындағы әрі табыстарымыз, әрі мәдениетіміз.
Өз басым – латын әліпбиін таңдауымыз – ғаламдық процестерге белсене араласуға ұмтылысымыздан туындаған қажеттілік деп түсінемін. Көршілес елдер, түрік әлемі латын әліпбиімен сусындап, өрісін кеңейтіп отыр. Оның әлем мойындаған ағылшын тілімен үндестігі де назарға алынғаны жөн.
Мақаладағы Елбасының әрбір сөзі «жаным қазақ» деген пендені ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Сонымен бірге, өзің де жігеріңді жанып, ізденесің, әрбір ойға тереңірек үңіліп, түсіне түскің келеді. Әлемдегі болып жатқан оң өзгерістермен қатар кертартпа, қанқұйлы қақтығыстар мен алапат соғыстар да көз алдыңа келеді. Әсіресе бір ел, бір мемлекет, бір ұлттың адамдары неге бір-бірімен бітіспес соғыс ойранында жүр. Себептері көп шығар. Олардың көпшілігі туралы толып жатқан халықаралық сарапшылар, дипломаттар, тағы басқа мамандар, әртүрлі бақылаушылар айтып та, жазып та жатыр. Ой да көп, пікір де, болжам да көп. Негізінен барлық қайшылықтар адамдар арасындағы өзара түсініспеушіліктен, бірін-бірі түсінгісі, тыңдағысы келмегендіктен. Бұл да сайып келгенде санаға тіреледі. Сананың шектеулілігі, бірбеткейлігі. Тараптардағы қатып қалған субъективизм. «Өзімдікі дұрыс» деген мешеу өзімшілдік, білімсіздік. Төңіректе, басқа ендіктердегі, өңірлердегі, әлемдегі болып жатқан өзгерістермен, үрдістермен есептеспеушілік, санаспаушылық салдарынан қаншама адамдар қырғынға ұшырап, қалалар, өркениет құндылықтары, ғаламат қайталанбас ескерткіштер жойылып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде Сириядағы соғыстың зардабынан адамдардың текке қырылып, Пальмиро сияқты ертедегі өркениеттің ғажайып қалаларының жойылып, күлге айналғанын өкінішпен айтты.
Осы мақаладағы өркениетке, ізгілікке, тең құқықтыққа, жасампаздыққа, дамуға революциялық, төңкерістік жолмен емес, яғни ұлттық бірлік, келісім, білім, эволюциялық жолмен жетуге болатынына тұтас бір тарау арнаған.
«Біздің кешегі өткен тарихымыз бұлтартпас ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.
Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс», – дейді Елбасы. Осы сөздер санасы бар әр азаматтың жүрегіне жетері хақ. Сонымен бірге, ұлттық жауапкершілікке де шақырып тұрған сөздер ғой Елбасы сөзі.
Елбасы еңбегі болашаққа, әсіресе, жастарға арналған. Жастарға сенім артылады. Өткен тарихымыз ұлттық қазынамыз. Ең бастысы – оның тәркіленген, жойылған кезеңдері бүгінгі, ертеңгі өмірімізге сабақ болуы керек. Заманның әртүрлі қауіптеріне төтеп бере алатын күшті ұйымдастыра алатын, әрі ешкімнің жетегіне жібермейтін де тек мықты ұлттық санамыз болмақ. Бұл орайда дінді де дұрыс түсіне алмағаннан, кейде көпе-көрнеу дінді бұрмалап, сананы бөлшектеу, адастыру әрекеттеріне жол бермейтін де біздің діңі, білімі мықты ұлттық санамыз бола алады. Мемлекетіміздің әлемдік бәсекеге лайық қуатты болуы да ұлттық санамыздың қуаттылығына байланысты.
Мақаланың екінші бөлімі таяу жылдардағы міндеттерімізді айқындайды. Олар тұтас маңызды. Біздің, өз мемлекетіміздің, ұлтымыздың дамуы, өсуі, өркендеуі жолында атқарылатын маңызды шараларға ел болып жұмылуымызға шақырып, әрқайсымыздың жауапкершілігімізді ескертеді. Бәрі де біз үшін. Біздің ұрпағымыз үшін. Болашағымыз үшін. Біздің еліміздің дүниежүзілік өркениет көшінің шаңында қалмай озық тобында жүруіміз үшін. Ынтымағымыз бен ізденісімізде сәтті дамуымыз үшін. Ендеше, осы қасиетті мақсаттарға әр қазақ өз еңбегімізбен қосыла алсақ – Елбасының ұлттық ұранын қолдағанымыз болар.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты