Үш шал дайын ба?
Жыл басында әкімдер атқарған жұмыстары жөнінде халық алдында есеп беретіндігі қалыптасқан дәстүр. Алайда, басшылық жасап жүрген жігіттер тек мақтану жағына бар да, сын-ескертпе, ұсынысты тыңдағысы келмей, көзбояушылыққа салынады. Біреу-міреу сауал қоя қалса, қарамағындағыларды «дұрыс жұмыс істемедің» деп түтіп жеуге бар. Сондықтан ауылдағы жағымпаздар басшысынан сөз естімеу үшін арнайы дайындық жасайды. Сондай жиналыстың алдында ауыл әкімі көмекшісінен: – Үш шал дайын ба? – дейтін көрінеді. Анау да жылпос болса керек: – Иә, басеке, дайын. Үш шалдың біреуі жауабы дайын сауалды қояды, екіншісі тілек айтады, үшіншісі бата береді, – деп лып ете қалды.Әдемі заман
Жаңақорған ауданында ұзақ жылдар бойы мекемелерде басшылық қызмет атқарған Тастемір Жүзбаев ағамыз сөзшең кісі еді. Бірде есік алдында айналада болып жатқан жағымды шаруаларға қарап отырып, көңілі марқайып: – Шіркін-ай, жаңа мектептер салынып жатыр, сәулетті балабақша ғимараты әне! Аудандағы ауруханамыз қандай көрікті! Жолдар тақтайдай тегіс, түнгі жарығы самаладай! Осындай кереметтерді, әдемі заманды көріп отырып, тіпті, жасың тоқсанға келсе де өлгің келмейді, – деген екен.Үрішке емес, күрішке...
Ақын Адырбек Сопыбековтің аудандық газеттің редакторы қызметіндегі кезі болса керек. Бірде бастығының кабинетіне кіре берген хатшы қыз редактордың үстел суырмасындағы заттарын әрі-бері ақтарып, бір нәрсесін таба алмай аласұрып отырғандығын көреді. – Ағай, үрішке іздеп жатырсыз ба? – дейді хатшысы көмектескісі келіп. Редактор үндеместен әлгі әрекетін жалғастыра берсе керек. Қыз сауалын тағы да қайталайды. Сонда Адекең: – Үрішке емес, күрішке, – депті даусы тарғылдана шығып. Әзірлеген Нұрмахан ЕЛТАЙ Қызылорда облысы