09 Ақпан, 2017

Бахтияр Тайлақбаев: "Өнердегі «бәсекелестерім» жол бермейді"

986 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
– Сіз қазақ әншілерінің ішінде атақты Гнесиндер атын­дағы Ресей Музыка академиясын эстрадалық вокал мамандығы бойынша тәмамдаған жалғыз әншісіз. Талапкерлер топырлап тобымен келсе де, маңдайынан шертіп тұрып шын талантты ғана таңдап алатын талабы күшті Гнесиндер берген тә­ліммен әлі талай жерге шырқап баруыңыз керек еді. Кейінгі жыпырлаған «жұл­дыздардың» арасынан көрін­бейсіз ғой?.. – Ия, мықтыларды мың­дап ұшырған Мәскеудегі Гне­синдерге түсу үшін талапты болу аз, талантты болып түс­кеннің өзінде де екінің бірінің бағының жана қоюы қиын. Өздерін «жұлдызбыз» деп жа­рияламаса да, күллі Кеңес Ода­ғының музыка өнеріне бір адамдай еңбек сіңірген Иосиф Кобзон мен Гелена Великанова, Александр Градскийдің өзінен тәлім алдым. Шын өнердің қадір-қасиетін бағалайтын кәсіби мамандардың да, ән десе ішкен асын алдына қоятын халықтың да менің әндеріме деген ықыласы жоғары болды. Гастрольдік сапарларға шыққанда концерттерді «Ауыл­ға», «Ағаларым», «Ата дәс­түрі», «Досыма», «Сүйгенім ме­нің қалада» әнімен бастатып, бірнеше рет қайталатып айтқызып, кешті сонымен аяқ­тататын. Ал, қазір өнердің құны арзандады. Биік өлшем өзгерді. Кезінде бізге қойылған талаптың бүгін бірі де жоқ. Елімізде өтетін әртүрлі ән байқауларына қатысып, одан топ жарып, ықыласқа бөленіп жатсақ, көрші республикалардың конкурсына жолдама алып, жүлдемен оралсақ қана теледидардан кө­рінуге мүмкіндік берілетін еді. Қазір рахат, бірден телевизияға секіріп шығасың, жылт етіп бір көрініп алғаннан кейін махаббат туралы мағынасыз әнді жаздырып, тойдың қамына кірісе бастайсың. Мұрат – ән өнерін жарылқау емес, той көрігін қыздыру. Қонақтарды риза қылса, қожайынның кө­ңілінен шықса, жетеді. Бір-бірі­мен жарысқан осы нөпірдің жары­сынан өзіміз де, әніміз де көрінбей жатса, ол біздің кінәміз емес. – Сонда сіз қазір қайда жүр­сіз? – Мен қазір «Алматы әуен­дері» коммуналдық-қазы­налық кә­сіпорын дирек­торының орын­­­баса­рымын. Ұжымның шы­ғар­машылық-көркемдік мә­се­лелері бойынша жауаптымын. Құрамында эстрадалық-сим­фониялық оркестр, Мұрат Сер­кебаев жетекшілік жасайтын камералық оркестр, «Самұрық», «Сазген сазы» секілді өнер ұжым­дары жұмыс істейді. – Бірақ, кейінгі әндеріңіз жұрт сүйіп тыңдаған «Ауылға», «Аға­ларым», «Ата дәстүрі» се­кіл­ді танымал бола алмады ғой? – Мүмкін, ол талғамның, өлшемнің өзгеруінен болар. Халықтың бүгінгі музыкалық сұра­нысын, негізінен, жастар қалыптастырып отыр. Әнді айтатын да, жазатын да, концерттерге баратын да – солар. Үлкен буын да барады, әрине, бірақ олардың үлес салмағы тым аз. Ал, жастардың тал­ғамындағы ән де, әнші де басқа қазір. – Мерекелік думанды кештерге, музыкалық жобаларға шақырыласыз ба? – Бұрынғыдай жиі шақырмаса да, ұсыныс-тілектер түсіп жатады. Құдай басқа салмасын, ән өнеріндегі қазіргі «бәсеке­лестердің» жанында жіп есе алмайтын болдық. Жол бермейді. Осының бәрі телевизиядағы са­я­саттың салқыны ма дей­мін. Мысалы, Ресей телеар­на­ларындағы жаңажылдық, я­ки басқа бір мерекелік думан­ды сауық кештерін алып қа­ра­ңызшы. Алла Пугачевасы мен София Ротаруы бастап, Лев Лещенко, Юрий Антонов, Алек­сандр Буйновтары тізі­ліп отырады. Қазақ ән өнері үшін дәл сондай еңбек сіңір­ген Болат Әбдиахметов, Сем­бек Жұ­мағалиев, Ақжол Мейір­беков­тер маңдайы жарқырап неге отырмайды сондай кештерде? Кәсіби әнші болу қиын. Тойға ғана жарайтын жеңіл әндермен өнер жасай алмайсың. Жақсы ән тудыру үшін тер төгу керек. Мекеменің қызметкері сегіз сағат қалай жұмыс істесе, бір әннің тағдыры үшін әнші де дәл солай еңбектенуі керек. Өйткені, ән болашаққа қалады. Ол әннің тарихында осы кезеңде өмір сүрген адамдардың көңіл-күйі, жан сезімі, аңсар-арманы сезіліп тұруы тиіс. Меніңше, ән осындай болса ғана, өнер ретінде міндетін орындайды. Иірімі де, қайырымы да бір-бірінен аумайтын он шақты ән жазғанша, сапасы да, салмағы да жоғары бір-ақ ән жаздырса, әттең, өнерді айт­пағанда, ән­шінің өзі үшін де әлде­қайда пайдалырақ болар ма еді. – Сіздің жаныңызға жақын композитор кім, бәлкім, зама­науи жақсы композиторға ке­зік­­сеңіз, бәрін өз орнына қою­­ға болар? – Қазір Мақсат Жәутіковпен жұмыс істеп жүрмін. Өйткені, әр әншінің тыңдарманына айтқысы келетін ойы, сыры болады, өзінің өмірлік ұстанымымен, көзқа­расымен бөліскісі келеді, ал осыны әншінің даусына сай етіп, үйлесімді жазып бе­ретін композитор сирек. Кейінгі ком­позиторлардың ішінен «МузАртпен» бірге шығар­ма­шылығын өрістеткен Арман Бексұлтанның музыкалық тал­ғамы мен қарымы қызық­тырады. Арманмен де байланыс орната бастадық, нәтижесі келешекте көріне жатар. Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ