Жуырда Парламент Сенаты «Жайылымдар туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап, оның жетілмеген тұстарын көрсетіп, қосылған түзетулер мен толықтыруларды мақұлдау үшін Мәжіліске қайтарды. Осы түзетулерді енгізуге негізінен мұрындық болған сенатор Қуаныш АЙТАХАНОВ. Осы орайда, біз оны әңгімеге тартып, енгізілген толықтырулардың қандай екенін айтып беруді өтінген едік.
– Еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының 84 пайызы жайылым. Соның 60 пайызға жуығы аридтік жайылымдар. Қазақстандағы 14 облыстың 11-де осындай жайылымдар бар. Тек Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында ғана мұндай жайылымдар жоқ. Аридтік жайылымдар арзан, сапалы, экологиялық таза ет өнімдерін өндірудің негізгі көзі. Кейбір заңгерлер «аридтік аумақтар» деген түсінік бар, «аридтік жайылымдар» деген жоқ дейді. Осы «аридтік аумақтар» дегеннің өзі жайылымдар, оны басқа салаға қолдануға болмайды. Аридтік аумақтар – қуаң, шөл және шөлейт аймақтар деген сөз. Осы аймақтарда өсетін өсімдіктерді аридтік өсімдіктер дейді. Бұл ежелден келе жатқан терминдер. Мен оларды жетік білетін себебім – Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Отырар, Шардара сияқты осындай аймақтары бар аудандарында қызмет істедім. Олардың арғы беті Қызылқұм, бергі беті Мойынқұм. Ата-бабаларымыз осы құмдағы жайлауларды тиімділікпен пайдаланған. Жазда малды Арқаға айдаса, қыста осы құмның қойнауында бағады екен. Кеңес Одағы жылдарында да бұл жерлер жайылым ретінде тиімді пайдаланылды. Онда ірі-ірі кеңшарлар ұйымдастырылды, осындағы сексеуіл, изен, теріскен, жусан, қоянсүйек, күйреуік, жүзген сияқты аридтік өсімдіктер қорғалып, олардың өсуіне жағдай жасалды. Өкінішке қарай, осы өсімдіктер қазір жойылып бара жатыр. Бұрын олардың тұқымын жинайтын, егетін. Қазір мұндай шаруалармен ешкім айналыспайды. Жалғыз-ақ сексеуілдің тұқымын отырғызады, оны да тек Арал теңізінің құм болып кеткен табанына егуде. Аридтік өсімдіктердің жем-шөп қана емес, құм көшкінін, бұрқасындарын тоқтатуға септігін тигізетін экологиялық пайдасы да зор. Соның арқасында құмдағы флора мен фаунаның дамуына да жағдай туады. Мысалы, сексеуілдің түбіндегі көлеңкеде жабайы жануарлар мен үй малдарының тойымды жем-шөбі саналатын бір жылдық эфемерлік өсімдіктер қаулап өседі. Олар жалғыз сексеуіл емес, қоянсүйек, жүзген және т.б. түбінде жайқалып тұрады.
Мен Арыс ауданында бірінші хатшы болып жүргенде осы өсімдіктерді қорғау мен өсіру мәселелеріне арналған екі республикалық семинар өткіздім. Оған орталық комитеттің екінші хатшысынан бастап, ауыл шаруашылығы саласының барлық басшылары қатысқан. Сөйтіп, біз арид өсімдіктерінің тұқымын сататын орталыққа айналғанбыз. Сол жерде «Задария» деген кеңшар болып, оның директоры Шүкірбеков Боранбек осы өсімдіктің арқасында бүкіл одаққа аты шығып, КСРО Жоғары кеңесінің депутаты, Еңбек Ері атанған еді.
– Демек, аридтік өсімдіктер мәселесімен ежелден айналысқан екенсіз ғой?
– Солай, бұл мәселені жақсы біліп, оны әлемдік деңгейдегі ауқымын да сезіндік. Өйткені, әлгі кеңшар Мәскеудегі П.Лумумба атындағы «Халықтар достығы» университетінің ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын факультеттері студенттерінің тәжірибелік стансасы болды. Оқу орнындағы Азия-Африканың құмды, шөл және шөлейт аймақты елдерінен келген студенттерге арид өсімдіктерін қалай өсіреті осындағы тәжірибе участогы арқылы үйретілетін. Арид жайылымдарын игеріп, оны пайдалануда үлкен жетістіктерге жеткені үшін бір топ қазақстандық ғалымдар Мемлекеттік сыйлық та алған болатын.
– Сенаттың жалпы отырысында осындай маңызы бар жайылымдар туралы заң жобасында бір ауыз сөз жоқ деп дабыл қаққан едіңіз...
– Ие, солай етуге мәжбүр болдық. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан кейбір әріптестерім арид дегеннің не екенін білмейтін болып шықты. Барлық жайылымдардың 60 пайызға жуығын қамтитын аридтік жайылымдар мәселесін енгізбесек бұл заңның тиімділігі болмайтынын айтып, оларға түсіндіріп бақтық. Алдымен аридтік жайылымдар туралы түсінік, сосын оларды суландыру мәселесі де заңда қамтылуы керек, әйтпесе ертең Қаржы министрлігі заңда мұндай түсінік пен талап жоқ деп қаражат бөлмейтіні белгілі. Құмды аумақтарды экологиялық апаттан қорғау үшін және малдың жем-шөбі үшін аридтік өсімдіктер егуге көңіл бөлініп, қаражат бөлу мәселесі де заңда нақты қарастырылуы керек дедік.
– Сонымен қатар, осындай жайылымдарды суландыру мәселесін де заң жобасына енгізуге табандылықпен кіріскеніңізді көрдік?
– Әрине, егер аридтік жайылымдар жайын ғана айтып, оларды суландыру мәселесін тастап кетсек, заңымыз біржақты болар еді. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан әріптестерім суландыру мәселесі Жер кодексінде қамтылған, оны қайталаудың қажеті жоқ дейді. Рас, онда бұл мәселе бар, бірақ ол «суландырылған» деген термин, яғни бұрын суы болған деген сөз. Ондай жайылым барлық көлемнің 50 пайыздайы болатын. Бұл өткен ғасырдың 85-ші жылдарындағы дерек бойынша. Одан бері де мұндай деректер алынған емес, бұрынғы құдықтардың бәрі тозып бітуге жақын. Жайылымдардың 80 пайызға жуығы қазір сусыз отыр. Соған байланысты Елбасы алыс жайылымдарды суландыру жөнінде айтып, оларды бұрынғы ата-бабаларымызша тиімділікпен пайдалану жөнінде нұсқау берді. Соның арқасында «Агробизнес-2020» бағдарламасымен қаражат бөлініп, 4 мыңнан артық құдық қазу жоспарланды. Соның ішінде 1 мыңнан астамы қазір қазылып та қойды. Сөйтіп, Елбасының тапсырмасымен суландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, енді соны заңдастыруымыз керек қой деймін мен. Сонда Үкімет бұл жұмыспен нақты айналысатын болады, дедік. Ал бізге ұсынылған заң жобасындағы Үкіметтің функциялары қатарына басқару және пайдалану мәселелері ғана енгізілген. Алайда суландыру шаруасымен Үкімет айналысады деп қойсақ та онда нақтылық болмас еді. Үкіметтің осы мәселедегі саясатын жүзеге асыруға тиісті іс-шараны кім дайындайды, кім әзірлейді, кім бекітеді, кім орындайды деген мәселені де аяқсыз тастамай, нақтылайық дедік. Әріптестерім мұндай нақтылауға да қарсы болды. Бірақ соған қарамай осы жұмыстың бәрін атқаратын Ауыл шаруашылығы министрлігі деп оның құзыретін көрсететін заңға осы функцияларды енгіздік.
– Тағы да қандай олқылықтарға түзетулер енгізілді?
– Заң жобасында «жайылым айналысы» деген түсінік бар. Ол жазда қайда жаясың, күз бен қыста қайда бағасың деген сұрақтарды қамтиды. Оны ауылдық округ әкімі ауылдық қоғамдастықпен келісе отырып, анықтайды да аудан әкіміне бекіттіреді. Заң жобасы осы жайылым айналысын Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітуі керек деп жазыпты. Бұл да қисынға келмейтін сөз, өйткені 3 мыңнан артық ауылдық округтердің жайылым айналысын министрлік қай уақытта бекітіп отырады. Және оның қаншалықты тиімді боларын Астанада отырып қайдан біледі? Соншама қағазды қаншама адам министрлікке сүйреуі керек пе? Әйтеуір, осы дәлелдермен аудандық әкімдіктің бекітуімен ғана шектелу керек деген бұл түзетуді де өткіздік. Сондай-ақ, бір облыстан екінші облыс жайылымдарды жалға алу мәселесін де Ауыл шаруашылығы министрлігі шешеді деп жазылған екен. Бұл да қисынсыз дүние, өйткені министрлік ондай шешім шығарғанша жарты жыл өтеді. Өзі бір жылға жалға алынбақ болса, оның жартысы де өтіп кетеді деген сөз. Сондықтан бұл мәселені арнайы норма ретінде енгізудің қажеті жоқ, оны өзара келісіммен Жер кодексінің шеңберінде жергілікті жер өздері шешсін деген толықтыру енгіздік.
– Ауылдардың айналасындағы жекешеленіп кеткен жайылымдардың жалпыға ортақ болуы үшін заң жобасы не істей алады?
– 1992 жылы Жер туралы заң қабылданғанда елді мекендердің даму перспективасына лайықты жерлерді ешкімнің жекеменшікке иеленуіне және қоғамдық жайылымдарды, шабындықтарды жекешелендіруге жол жоқ деп нақты айтылған еді. Сол заңның талабы орындалмай, ауылдың айналасындағы жерлер жекешеленіп кеткен. Халық соны қайтару керек деген ұсыныстар айтып отыр. Оны алудың бірнеше жолы бар. Соның ішінде Жер кодексінің 84-бабында «мәжбүрлеп алу» деген норма арқылы алуға болады. Баптың 11-тармағы бар, енді соған 12-ші тармақ енгізіп, ауылдардың айналасындағы жайылымдарды мәжбүрлеп алу жолы қарастырылып отыр. Алайда бұл іске Үкімет қарсы, өйткені жайылымдарды қайтару үшін иесіне ақша төлеу керек. Республика бойынша оның көлемі қандай болатынын Үкімет әлі анықтамаған. Сондықтан бұл мәселе заң қабылданған соң оған енгізілетін түзетулер мен өзгерістер арқылы жаңа заң жобасында қаралуы керек. Бұл өте үлкен жұмыс. Оны бірден бастауға да болмайды, өйткені әлеуметтік қақтығыстар туып қалуы да ғажап емес. Бірақ мәселе бәрібір шешілетініне мен сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»