10 Ақпан, 2017

Қазақстанның кемел келешегіне негіз қалайтын байыпты реформа

186 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Соңғы күндерде көп талқыға түсіп, қызығушылық туғызған та­қы­рыптар арасында Сирия мәсе­лесінің шешіміндегі Қазақ­станның рөлі, Астанада өткен кездесу және Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанда түбе­гейлі саяси реформаларға байла­нысты халыққа жолдаған соңғы Үндеуін атап айтуға болады. Осын­дай жаңалықтардың бел орта­сында тұрған Астанада маңыз­ы мен ауқымы тұрғы­сынан жергілікті, аймақтық қана емес, халықаралық деңгейдегі үл­кен оқиғалар жүзеге асып келеді. Бұл бір жағынан ресми Аста­наның жаһандық деңгейдегі рөлі мен ықпалының қаншалықты күшейгенін де көрсетеді.

Елдің келешегі үшін тиімді бастама

Қазақстанның халықаралық бейбітшілікті орнатуға бағыт­талған үрдістердің ортасында болуы, Президент Н.Ә.Назарбаевтың елде мем­ле­кетті басқару өкі­лет­тіктерін қайта бөлу және парла­мент­тік жүйені күшейту үдеріс­теріне байланыс­ты бастамаларына барша түркі әлемі, сондай-ақ Әзер­байжан да зор мән беріп отыр. Негі­зінде, тарихқа көз жүгіртсек, көне түркі мемлекеттерінде басқа­ру органдары болып табылатын құрылтайлар мемлекет билігінде маңызды рөл атқарған. Әсіресе, 600-700 жыл бұрын ұлы қолбасшы Әмір Темір басқаратын кеңесі, құрылтайы жоқ мемлекеттер келешегінің сәтсіздікке ұшырайтындығын айтқан болатын. Президент Н.Ә.Назарбаевтың түркілердің ұлы мемлекеттілік тарихы сынағынан өткен бұл жүйенің елдің келешегі үшін тиімді болатындығына көз жеткізіп отырғаны байқалады. Ал ол бұл шешімінде неге сүйенеді және Қазақстан жаңа басқару формасына қаншалықты дайын? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылға көз жүгірту жеткілікті. Сол жылдары тарих үшін сон­шалықты үлкен кезең болып есеп­телмейтін уақытта тар жол, тайғақ кешуден өткен Қазақ­станда керемет, толығымен орныққан мемлекеттілік дәс­түр қалыптасты, ең бастысы, қазақ халқында өзіне деген сенім пайда болды. Президент Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғаш­қы қиыншылықтарға толы және ауыр кезеңінен мемлекетті абыроймен алып шықты. Енді Қазақстан өтпелі кезеңді артқа тастап, өзіне жаңа мақсаттар бел­гіледі деп нық сеніммен айтуға болады.

Алғашқы реформалар білім беру саласында басталған еді

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев соңғы Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттің аяққа тұрып, нық қадамдар басып, күш жинауға тырысқан уақытта президенттік басқарудың аса қажет болғандығын атап өтті. Енді Елбасының арқасында өтпелі кезең еңсеріліп, миссия толықтай орындалды. Сонымен қатар, осыдан кейінгі кезеңде мемлекетті басқаруға қабілетті мыңдаған жаңа кадрдың қалыптасқандығы да айқын көрінеді. Негізінде, Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ аймақтық геосаяси күшке айналу үшін қажетті барлық әлеуетке – мәселен, алып тер­ри­торияға, табиғи ресурстарға, саяси, әскери, экон­о­ми­калық, ғылыми және мәдени әлеуетке ие болды. Бізді ойландырған бір ғана жайт – аталған факторлардың әрбіріне тікелей байланысты адами ресурс тапшылығы мен ұлттық кадрлар мәселесі болатын. Президент бұл мәселені білім арқылы шешілетінін болжай отыра, өте көреген қадам жасап, 1993 жылы ТМД мемле­кет­тері ара­сында алғашқы болып жеке мемлекеттік бағдар­лама­лар шеңберінде мыңдаған қазақ жасын дамыған білім мен басқару жүйесінің тәжірибесін үйрену үшін дүниенің төрткүл бұрышына жібере бастады. Бұл бағдарламаларды тәмамдаған ұлттық кадр­ларды енді мемлекет басқаруының барлық сатыларынан кездестіруге болады. Өткен жылы Оқу­шылар­дың білім жетістіктерін бағалайтын халық­аралық қауымдастықтың рейтингінде кейбір пәндер бойынша орта білім саласында Қазақстанның көп­теген дамыған елдерден озып, алғашқы ондыққа кіргені кездейсоқ емес. Сондай-ақ, былтырғы жылы Дүниежүзілік университеттер рейтингіне Қазақ­станның 4 жоғары оқу орны іліккен. Әрине, бұл жетіс­­­тіктерге Н.Назарбаевтың білім саласын страте­гия­­лық басымдық етіп таңдауына байланысты қол жеткізілді. Өйткені, ұлан-байтақ жері бар және табиғи ресурс­тарға бай мемлекетте адам ресурстарының тапшы­лығы мәселесін шешудің ең тиімді жолы – мемлекеттік аппаратты басқару қабілеті бар кадрлармен қамтамасыз ету. Нұрсұлтан Әбішұлы енді республиканың кадр­лар әлеуетіне сеніммен қарап, мемлекетті басқаруда әрбір жеке тұлғаның өз жауапкершілігін түсінгенін қалайды. Себебі, осы жауапкершілік арқылы халықта өзіне деген жоғары сенім нығайып, заманауи ақпарат дәуір талап ететін «кемел, икемді және сергек азамат» болу мақсатына сәйкес мемлекет табысты түрде ілгерілей береді. Осы арқылы Қазақстан аймақтық күшке айналу жолындағы ең көкейкесті және қажетті құрамдас – адами ресурс мәселесін шешеді. Жалпы, тәуелсіздіктің қысқаша тарихына көз жүгіртер болсақ, Мемлекет басшысы білім саласынан бастаған реформаларды дана және сатылы түрде жүзеге асырды. Ендігі кезекте реформалардың соңғы сатысы басталды.

Көптеген ұлт өкілдерінің отаны болып табылатын және әлемнің ешбір елінде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты қоғамдық институттың құрылуы мен астананың көшірілуі тәрізді көреген қадамдар сатылы өзгерістердің тек екі ғана мысалы болып табылады. Жаңа елорда – Астананың тұсаукесер салтанатына қатысқан Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев бұл оқиғаны «Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі» деп атап көрсеткен еді. Бұл батыл тарихи-саяси қадам жалпы мемлекеттің демографиялық құрылымын өзгертіп, мемлекетті біржақты емес, көпжақты дамуға алып келді. Мақсат белгілі болатын, ол – Қазақстанды мықты, мызғымас және абыройы биік аймақтық күшке айналдыру.

Мемлекет басшысының бейбітшілік миссиясы

Кейде ел басшылары үлкен саяси ептілік, тәжірибелік және көшбасшылық қабілетімен өте қысқа уақытта мемлекеттің келешегі мен тағдырын белгілейтін шешімдер қабылдауға мәжбүр болады. Бұл тұрғыдан Н.Ә.Назарбаев жаһандық ауқымда үлгі боларлық саяси қайраткердің бірі ретінде қабыл­дана­ды. Қазақстан басшысының бастамасымен Еуразия­лық экономикалық одақ және Кеден одағы құрылуымен қатар, Қазақстан басқа да мемлекеттермен терезесі тең серіктес ел ретінде байланыстарын жүзеге асырып келеді. Қазақстанның Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Үндістан, Иран сияқты мемлекеттермен, басқа да көршілерімен байланыстары екіжақты сенім мен бейбіт келісімге негізделеді. Қазақстан өз мысалы арқылы сыртқы саясатта көршілерімен бейбітшілік тактикасының нақты үлгісіне айналды. Ел Президенті ортақ құндылықтарға ие түркітілдес мемлекеттер арасындағы интеграцияны нығайту үшін маңызды бастамалар көтеріп, түркі әлемінің ақсақалы ретінде де бұл миссиясын абыроймен жалғастырып келеді. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап күні бүгінге дейін тікелей немесе жанама әсер беретін әртүрлі қақтығыстардың шешілуінде «белсенді тарап» болып келді. Алайда, бұл белсенділіктің негізінде «бір тарапқа жақтасу» емес, барлық жағдайда да бейбітшілікке бағытталған әділетті орнықтыру және бітімгершілік бастамалары жатыр. Бұл миссияны Ресей мен Украина шиеленісінде, Ресей мен Түркияның келіспеушілігінде, Сирия қақтығысында да араағайындық бастамаларымен орындаған Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Армения-Әзербайжан, яғни Таулы Карабақ қақтығысында да әділетті жақтап, «бейбітшілік елшісі» ретінде зор ынта-жігер көрсетті. Армения Кеден одағына қосылудың алдында Нұрсұлтан Әбішұлының Әзербайжанның терри­ториялық тұтастығын сақтау шартын алға тарта отырып, тағы бір мәрте әділетті жақтағандығын Әзербай­жан халқы үлкен ризашылықпен еске алып отырады. Президент Н.Назарбаев халықаралық деңгейде бей­біт­шіліктің орнауында өзінің зор үлесін қосып қана қоймай, көшбасшылық қабілетін, жалпы әлемді бейбіт түрде басқарудың мүмкіндігіне деген сенімін паш етті. Қазақстан Президентінің саясат философиясы өте айқын. Бұл саясат бойынша жаңа халықаралық байланыстар – үйлесімділік қағидаларына және әділетке негізделген қарым-қатынас қалыптастыру, Қазақ­станның үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бас­тап екі жылға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысқа кірісуі де дүние жүзі­нің Пре­зидент Н.Назарбаевтың басшылығындағы Қазақ­стан­ға деген сенімінің айқын көрсеткіші десек, қателес­пейтініміз анық. Көпмәдениеттілікті мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатының басымдығы деп жариялаған Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымдары мен әлемдегі оқиғаларға деген көзқарастары бір-бірімен үндесетіндігімен ерекшеленеді. Екі мемлекет те бейбіт өмірге шақыратын гуманитарлық және экономикалық бастамаларға қолдау көрсетіп, үлкен жаһандық форумдарды өз жерінде өткізіп тұрады. Мақсат белгілі – ұлттық мәдениеттің ең тамаша үлгілерін барша адамзаттың ортақ қазынасына айналдыру. Осының нәтижесінде әлемде екіжақты сенімсіздікке, діни және этностық төзбеушілікке орын қалмайтын болады. Бұл жүйе бойынша даму тек қана материалдық құндылықтар арқылы емес, адамдардың жауапкершілігімен, жоғары адамгершілік құндылықтармен жүзеге асады. Қорыта айтқанда, Қазақстанға Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетіс­тіктері және жаһандық бейбітшілік миссиясы үшін берілер ең жоғары марапат – Қазақстан халқының және дүниежүзілік қоғамдастықтың жоғары сенімі. Фузули МЕЖИДЛИ, PhD докторы, Әзербайжан Республикасы, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін