Таразда былғарыетік тігіледі...
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылы жеңіл өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі 2004,3 миллион теңгені құраған немесе 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 168,7 пайыз болған. Аталған саланың өнеркәсіптегі үлесі – 0,6 пайыз. Сала бойынша былғары бұйымдарының өндірісі 2,5 есеге, аяқ-киім өндірісі 37,8 пайызға артқан. Жалпы, Жамбыл облысы еліміз бойынша тері өңдеу және аяқ киім тігу саласында аты шыққан өңір. «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов бізбен әңгімесінде кәсіпорынның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін жан-жақты баяндап берді. – «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі бірден-бір аяқ киім шығаратын ірі өндіріс орны болып саналады. Тоқырау кезеңін біздің зауыт та басынан өткерді. Дегенмен, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде негізі 1961 жылы қаланған Жамбыл былғары комбинаты 2002 жылдан бастап «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС болып қайта құрылып, отандық өнім өндіруді қолға алды. Мәселен, мемлекеттік тапсырыспен 2013 жылы 36 мың жұп аяқ киім шығардық. Осыдан-ақ өндіріс орнының қаншалықты қауқарлы екенін аңғаруға болады, – дейді Шамухтар Қарабайұлы. Іргелі кәсіпорын өткен жылы 6,5 миллион дециметр былғары жұмсау арқылы 135 мың жұп аяқ киім шығарған. Енді ағымдағы жылы өнім көлемін 150-200 мың жұп аяқ киімге жеткізу жоспарда бар. Жалпы, Жамбыл облысы еліміз бойынша тері өңдеу және аяқ киім тігу саласында аты шыққан өңір. «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов бізбен әңгімесінде кәсіпорынның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін жан-жақты баяндап берді. – «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі бірден-бір аяқ киім шығаратын ірі өндіріс орны болып саналады. Тоқырау кезеңін біздің зауыт та басынан өткерді. Дегенмен, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде негізі 1961 жылы қаланған Жамбыл былғары комбинаты 2002 жылдан бастап «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС болып қайта құрылып, отандық өнім өндіруді қолға алды. Мәселен, мемлекеттік тапсырыспен 2013 жылы 36 мың жұп аяқ киім шығардық. Осыдан-ақ өндіріс орнының қаншалықты қауқарлы екенін аңғаруға болады, – дейді Шамухтар Қарабайұлы. Іргелі кәсіпорын өткен жылы 6,5 миллион дециметр былғары жұмсау арқылы 135 мың жұп аяқ киім шығарған. Енді ағымдағы жылы өнім көлемін 150-200 мың жұп аяқ киімге жеткізу жоспарда бар. Бірақ, өнім көлемі қаншалықты ауқымды болғанымен, тапсырыстардың аздығы бұл күнде кәсіпорын үшін мәселе болып тұр. Тапсырыстардың аздығынан кәсіпорын өз өнімдерін Алматы қаласына және Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базарына, сондай-ақ, қаладағы ірілі-ұсақты дүкендерге ғана шығаруға мәжбүр. Бүгінгі таңда базарлардан отандық аяқ киімді табу да, оны тұтынып жатқан халықты кездестіру де қиын. Саудагерлер де сапасы жоғары, бағасы да қолжетімді отандық аяқ киімнен гөрі, шетелдік өнімдерге елдің қызығушылығының жоғары екенін айтады. Тіпті саудагерлердің айтуынша, Тараз тұрғындарының көпшілігі аяқ киім кәсіпорнынан хабарсыз. Бұл мәселеде өнімдердің сапасы күмән тудырмаса да, жарнама жағы жетіспей тұрғаны анық байқалады. Мәселен, кәсіпорын жанынан ашылған сауда нүктесінде зауыттың жиырмаға тарта өнім түрі қойылған. Бағасы да 9000 теңге мен 14000 теңгенің аралығында екен. Зауыт мамандары өздері тұтынып жүрген тауардың ондаған жылдарға дейін шыдас беретінін сенімді түрде айтып отыр. Алайда, тапсырыстардың аздығынан және тұрғындар сұранысының төмендігінен кәсіпорында әлгіндей мәселелер туындауда. Кеңестік кезеңде тері илеуден бастап, дайын өнім берудің толық тізбегі бойынша жұмыс істеген зауыт ілгерідегі қуатында болмаса да, оның бүгінгі тірлігі жоқтан гөрі жоғары екені даусыз. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуда мамандар күші де айрықша маңызға ие. Бұл күнде Тараз былғары аяқ киім зауытында 340 адам жұмыс істейді. Өндіріс орнының басты артықшылығы – шикізаттан бастап, дайын өнімге дейінгі жұмыстардың барлығынан тәжірибесі жоғары. Зауыт «Вет-блю», «Краст» деп аталатын жартылай фабрикаттар, былғары тауарлар, жұмыс және арнайы аяқ киімдер шығаруға да маманданған. Шығарылатын өнім түрінің сексен бес пайызға дейінінің отандық құрамға ие болуы көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ, аталған кәсіпорын былғары бұйымдарын жергілікті халықтан сатып алса, тиісті қосалқы материалдар мен химикаттарды шет мемлекеттерден экспорттайды. Алайда, соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыстардың қысқарғаны себепті, шығарылатын өнім көлемі де әлдеқайда азайған екен. Бірақ кәсіпорын жұмысын одан әрі жандандыруды көздеп отыр. Биылғы жылдан бастап Ресей мемлекетінен модельер, Украинадан аяқ киім және былғары технологы және Пәкістаннан былғары технологы мамандарын алдыртып, жұмыс жасауда. Сондай-ақ, кәсіпорын Ресей мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерімен де байланыс орнатқан.Мата шығаруға мүмкіндік бар, бірақ...
Аласапыран кезеңде біржола жабылып қалу қаупі туындаған өндіріс орындарының қатарында «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорны да бар еді. Еліміздегі жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы болып саналатын бірден-бір кәсіпорын кезінде 37 мың тоннаға дейін жүн өңдеген және облыс бюджетінің 30 пайызын құраған ірі құрылым. Еліміз бойынша Ақтөбе, Семей және Жамбыл қалаларында жұмыс істеген жүнді алғашқы өңдеу фабрикасы қазіргі таңда Тараз қаласында ғана бар. Кезінде сұраныстың жоқтығынан тірлігі тығырыққа тірелген кәсіпорын бұл күнде өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына өз үлесін қосып отыр. Ал «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС бас инженері Бақыт Сүйінбаевтың айтуынша, кәсіпорынның басты жетістігі – кадрларды сақтап қалуы. – Бұл күнде фабрика Ресей, Қытай, Украина және Белоруссия мемлекеттерімен жақсы байланыс орнап отыр. Кезінде Орталық Азиядағы мемлекеттердің барлығы да жүнді Жамбыл қаласына алып келетін. Тіпті, биязы жүнді қойлардың өнімдері де Австралия, Жаңа Зеландия мемлекеттерінен жеткізілетін. Енді қазір де көптеген мәселелер шешімін тауып, жұмысты жандандырып жатырмыз, – дейді Бақыт Сүйінбаев. Мемлекеттің жеңіл өнеркәсіпке деген жан-жақты жанашырлығының нәтижесінде «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-не қаражат бөлініп, нәтижесінде кәсіпорынға Италия мемлекетінен заманауи технологиялар енгізілді. Ал 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Жамбыл облысына арнайы келіп, кәсіпорынды қосып берген болатын. Ал жүнді шүйкелеу, тарақтау, түту, шаң-тозаңнан арылту технологиясы бүгінде қарқын алып тұр. Елімізде биязы жүнді қойлар көптеп өсірілетіндіктен, фабрика бүгінде екі мың тоннаға дейін жүн өңдеуге қауқарлы. Ал екі мың тонна шикізаттан мың тонна биязы жүн шықса, одан әрі тереңірек өңдеу нәтижесінде 700-800 тоннаға дейін таза өнім шығады екен. Сондай-ақ, кәсіпорын 2013 жылы жіп иіру технологиясын толықтай игерді. – Иірілген жіп те жартылай өнім. Одан соңғы процесс, енді біз мата шығаруымыз керек. Қазақстанның ешқандай қаласынан мата өнімі шықпайды. Сондықтан да мата өндіруді қолға алсақ деген ниетіміз бар, бірақ оған жете алмай отырмыз. Мата шығару технологиясын игеруге 3,5 миллион доллар қажет болып отыр. Бүгінгі таңда Үкімет кәсіпорындардың алдына инвесторларды тарту мәселесін қойды. Сол бойынша бізде де инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, орта есеппен алатын болсақ, елімізде 2 миллион мектеп оқушысы болса, біз алдағы уақыттарда 2 миллион шаршы метр мата шығаруымыз керек. Бұл өнімдер мектеп оқушыларының мектептегі бірыңғай киім үлгісін тігуге жұмсалса тіпті, дұрыс болар еді. Бүгінгі таңда біздің өнімдерге Қытай мемлекетінен сұраныс бар. Сондай-ақ, көрші Қырғызстан мемлекетінде текстиль өте жақсы дамыған. Егер қаражат мәселесі шешімін тапса, бізде мамандар күші де жеткілікті. Біраз мамандарымызды Италияға оқуға жібердік. Сондай-ақ, кез келген технологияны өз күшімізбен игере алатын жағдайға жеттік, – дейді бас инженер Бақыт Сүйінбаев. Аталған кәсіпорынның жұмысы қанша қарқынды болғанымен, бұл күнде өңделген өнім түрлері өзге мемлекеттерге тек шикізат күйінде кетіп жатыр. Мәселен, Қытайға жүн жуылған, тазарған күйінде барады. Әлемдік саудаға экспортталатын жуылған жүннің бір келісі 3-4 доллар болса, ТОПС технологиясы арқылы шүйкеленген, тарақталған, түтілген жүннің бір келісі 8 долларға бағаланады. Сондай-ақ, иірілген жіптің бір келісі 10-11 долларға дейін жетеді. Ал еліміздің базарларын жаулаған қытайлық өнімдер өзімізден алынған шикізат арқылы екі есе бағаға киім-кешек болып қайтады. Сол себептен де, бүгінгі таңда кәсіпорын инвесторлар тарту мәселесін бірінші орынға қойып отыр. Бұл күнде «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорны маусым кезінде 200 адамға дейін қамтамасыз ете алады. Ал мата тоқу процесі жүзеге асырылса, жұмысшылар саны 500-ге дейін артатын болады. Бұл бірінші кезекте өңірдің жеңіл өнеркәсібін дамытып қана қоймай, өз кезегінде жұмыссыздар санының азаюына да ықпал ететіні сөзсіз. Ал бүгінде қыс мезгілінде зауытты электрмен, жылумен қамту үшін біраз қаражат кететіндіктен, үнем үшін жұмысты бір мезгіл тоқтатуға мәжбүр. Ал наурыз айында жұмыс қайта жанданып, жұмысшылар жөндеу, жабдықтау, дайындау жұмыстарына кіріседі. Қыс мезгілінде де жұмысшылар күші қарап жүрмей, еліміздің оңтүстік өңірлеріне шығып, биязы жүнді қойлардың жүніне тапсырыстар қабылдайды.Түйін
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының жеңіл өнеркәсібіне үлес қосып отырған қос бірдей кәсіпорынның тыныс-тіршілігі халықтың көз алдында. Алайда, тұтынушылар тарапынан отандық өнімдерге деген сұраныстың аздығы, сондай-ақ, қаражаттың болмауынан тиісті технологиялардың әлі де енгізілмей жатуы – өнеркәсіптегі өзекті мәселе. Жалпы, облыстағы жеңіл өнеркәсіптің өніміне деген сұраныс шет мемлекеттерден де күн санап артуда. Ендігі кезекте инвесторлар тартып, тиісті технологияларды енгізіп, өз елімізде өнім өндіру ісі жолға қойылса, бұл өмір бойғы игіліктің себепшісі де болуы мүмкін. Жамбыл облысы Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»