10 Ақпан, 2017

Жолдауда Ауыл шаруашылығы министрлігіне 6 міндет жүктелді

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына 6 міндет қойылды. Бұл тапсырмалардың орындалуы аграрлық сектордың ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналуына мүмкіндік беруі тиіс. Кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы саласында қолға алынатын осы шаралар жайында айтылды. Баспасөз мәслихатына Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айту­ғанов, Су ресурстары жөнін­дегі комитет төрағасы Ислам Әбі­шев, Ветеринарлық бақы­лау және қадағалау коми­теті төрағасының мінде­тін ат­қарушы Тұрсын Қабдол­данов, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Әсел Рамазанова қатысты. Қ.Айтуғановтың мәлім­деу­інше, Қазақстанда агро­өнер­кәсіптік кешен еліміздің жаңа экономикалық қозғау­шы күшіне айналуы үшін бір­қатар шараларды іске асыру жоспарланған. Біріншіден, субсидия бөлу қағидаларын қайта қарау және біртіндеп сақтандыруға көшу қажет. Жаңа ережелер қазіргі уа­қыт­та әзірленіп жатыр. Ол жуыр­да қабылданбақ. Со­ның нәтижесінде, тиімсіз суб­сидиялардың 11 түрі алы­нып тасталады. Ал одан үнем­делген қаражаттың көлемімен өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 7,5 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ, кооперативтер құру бағытында да бірқатар ма­ңызды жұмыстар қолға алын­бақ. Бұл екінші бағыт. Мәсе­лен, бес жылда 500 мың жеке қо­салқы шаруашылықтар мен шағын фермаларды кооперативтерге біріктіру үшін барлық жағдай жасау қажет. Қазіргі уақытта 154 кооператив құрылған, олардың база­сында 100-ден астам сүт қабыл­дау пункті мен 7 мың отбасы­лық мал бордақылау алаңы ұйым­дастырылған. Ағымдағы жылы құрылатын кооперативтер саны екі есеге ұлғаяды. Үшіншіден, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейін арттырып, сақтау, та­сымалдау және өткізудің тиім­ді жүйесін құру керек. Қа­жетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жұмыстар бас­талды, деді вице-министр. Төртіншіден, еңбек өнім­ді­лігінің деңгейін арттырып, өндірістік шығындарды азайту керек. Бұл тұрғыдан алғанда ведомство технологияларды жаңғырту мен трансферттеуге назар аудармақ. Өткен жылы тиісті мамандар тартылған агротехнологиялардың арнайы трансферт орталығы құрылған. Бесіншісі, жерді пайдалану тиімділігін арттыру мәселесі айтылды. Бұл ретте бес жыл ішінде суармалы жер көлемін 40 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша оны 2 млн гек­тар деңгейіне дейін жеткізу керек. Ауыл шаруашылығы министр­лігі 600 мың гектардан астам ауыл­ша­руашылық жерлерін айналымға тарту жөніндегі шараларды іске асыру жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл өз кезегінде суармалы жер көлемін де ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің деңгейін арттыруға жол ашылады. Ал алтыншысы, өндірісте сұ­ранысқа ие болатын аграр­лық-ғылыми зерттеулерге инвестициялар көлемін ұлғайту жайы. Вице-министрдің мәлім­деуінше, қазіргі таңда Алматы­дағы Ұлттық аграрлық университет пен Астанадағы Қазақ агро­техникалық университеті база­сында халықаралық деңгей­дегі екі аграрлық орталықты құру жұмыстары басталған. Жолдауда сонымен қатар, 2021 жылға қарай ауыл­ша­руа­шылық өндірісін әртарап­тандыру арқылы азық-түлік тауарларының экспортын 40 пайызға ұлғайту тапсырылғаны белгілі. Бұл бағытта мақсатты индикаторлар анықталған, соны негізге ала отырып, 2017 жылы экспортты 10 пайызға ұлғайту көзделуде. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»