Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауларымен танысқанда мен оларда Қазақстанның ұлттық және қауіпсіздік мүдделерінің ескеріліп, дұрыс бағдарланған даму стратегиясына соншалықты сәйкес келетініне назар аударамын. Соңғы Жолдауы да ауқымды экономикалық мазмұнды қамти отырып, нақтылы ұзақ мерзімді перспективаларға иек артып, елдің халықаралық аренадағы бәсекелестікке қабілеттігінің сызбаларын кезекті, Үшінші жаңғыру арқылы толық қамтыған. Жалпы, Жолдауда Президент Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын Үшінші моделін жасауды көздейді.
Осыған байланысты Президент Үкіметке нақты міндеттер жүктеп, алға қойылған мақсаттарды іске асыратын тетіктердің жоспарларын әзірлеуді тапсырды.
Бүгінгі Қазақстан – Тәуелсіздігі берік қалыптасып, Бірінші және Екінші жаңғыруларды табыспен іске асырып, әлемдік экономиканың бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына еніп, енді жоғары дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеп отырған ел болғандықтан, мұндай мақсатты алға қоюға толық қақысы бар деп санаймын. Жолдаудың өзінде Үшінші жаңғыру – ағымдағы жаһандық қатерлерге қарсы тұрудың жоспары ғана емес, Стратегия-2050-ді «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізінде іске асыратын сенімді көпір деп аталған. Айта кететін болсақ, Президент елдің алдына бес басымдықты қойды, олар: экономиканы технологиялық тұрғыдан жедел жаңғырту; бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңіту; макроэкономикалық тұрақтылық; адами капиталдың сапасын арттыру; институттық қайта құру, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Осы басымдықтардың әрқайсысы өзінің құрылысы, мазмұны және мақсатты ұстанымы жағынан Қазақстанның мүддесін ғана көздемей, ол стратегиялық бағдарларды таңдау мен ойлану позициясынан алғанда, туысқан Өзбекстанда да қызығушылық тудырады. Ешқандай күдіксіз оны елдің саясаты мен экономикалық бағытын айқындаудағы жаңа іргелі құжат деп санауға болады. Стратегиялық дамудың жаңа кезеңіне өтуді халыққа арнаған Жолдауында көрсету – дана әрі болашақты терең болжайтын Нұрсұлтан Назарбаев сияқты мемлекет қайраткеріне тән.
Қорыта айтқанда, мұны – Қазақстанның жаңа жарқын болашаққа жетуін көздеген айрықша тарихи құжат деп бағалауға болады.
Шавхат АРИФХАНОВ,
Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік құрылыс академиясының профессоры,
экономика ғылымдарының докторы